Еліміздегі еңбек күшін реттеу үшін “Оңтүстіктен – Солтүстікке” қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жыл болды. Осы уақыт ішінде жұмыс күші көп өңірлерден қаншама адам теріскейге бет түзеді. Бүгінде жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып кеткен жандарды көргенде көңіл жадырайды. Аталмыш бағдарлама аясында Шымкент қаласынан көшіп келген Қымбат Еркінова жайлы мекеннен өз орнын тапқанына дән риза.
Қазір ол Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында тұрып жатыр. Өңірге 2019 жылдың қаңтар айында қоныс аударыпты. Мамандығы аспаз Қымбат Пірматқызы жұбайымен ақылдаса келе үйінің жанынан шағын дәмхана ашуды ұйғарыпты. Жеке кәсібін ашқанға дейін аудандағы оңалту орталығында аспаз болып бес жылдан астам еңбек еткен. Оның қолынан шыққан самса, тандыр, қатпарлы нан, тоқаш сияқты өнімдерге сұраныс жоғары. Жергілікті тұрғындар аспаз пісірген тағамдардың дәмі тіл үйіретінін айтудан жалықпайды.
– “Шымкент” деп аталатын дәмханамыз жаз мезгілінде ғана жұмыс істейді. Қыста тәтті тағамдарға үйде тапсырыс қабылдаймын. Ақша еңбекпен келеді. Бұл кәсіпті самса пісіріп сатудан бастадым. Кейін нан пісірдім. Жұбайым да қол қусырып отырған жоқ. Жеміс-жидек сататын дүкені бар, – дейді ол. Қымбат Еркінованың қызы да анасының ізін жалғап, кәсіппен айналысуда. Ол алғашында мемлекеттік бағдарлама аясында “AMANAT” партиясы Аққайың аудандық филиалында жұмыс істеген. Кейін Смирновода тез дайындалатын тағамдар орталығын ашыпты.
– Қызылжар өңіріне көшіп келгенімізге еш өкінбейміз, керісінше қуанамыз. Бұл жерде өсемін, өнемін, кәсібімді дөңгелетемін деген жандарға мүмкіндік зор. Тек адал еңбек етіп, көпшіліктің көңілінен шығуға тырысу керек. Кәсібімді ашқан кезде ешқандай қиындық болған жоқ. Жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілді, – дейді Қымбат Еркінова.
Аудан тұрғындарына “Шымкент” дәмханасы кеңінен танымал. Отбасылық қуаныштарын осы жерде атап өтетіндер көбейіп келеді. Көктем-күзде алқап басындағы жұмыскерлерге тамақ пісіруді де өз мойнына алған Қымбат Пірматқызының еңбекқорлығы өзгелерге үлгі.
Жанислам ТАЛҒАТҰЛЫ,
қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі.