Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында үш мәселе – облыстың 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, автожолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындық барысы және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету жайы талқыланды. Жиында жауапты ведомство басшылары баяндама жасады.
Өңірде биыл өсімдік шаруашылығының қарқыны 11 пайызға төмендеген. Оған егін жинау науқанының созылуы себеп. Өңдеу өнеркәсібі көлемінің 4 пайызға өскені байқалалды. Оң өсімде облыс орталығындағы кәсіпорындардың үлесі басым. Биыл облысқа 250 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Облыс әкімі барлық саланың көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.
“Өңдеу өнеркәсібінің шамамен 50 пайызы азық-түлік өндірісіне тиесілі. Осыған байланысты негізгі көлемге ірі және шағын кәсіпорындардың өндірісін ұлғайту есебінен қол жеткізу керек. Жыл соңына дейін азық-түлік өндірісінің өсімін 105 пайызға дейін жеткізу жоспарланған”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Отырыста автожолдарды қысқа дайындау мәселесі де қаралды. “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, өңір арқылы республикалық маңызы бар 1970 шақырым жол өтеді. Соның 57 шақырымын “Көкшетау Автодор” серіктестігі күрделі жөндеуден өткізген, 15 шақырым жолды “КазСтройТехник” ЖШС жаңалап жатыр.
“Біз былтырғы қыстағы ауыр жағдайды есепке алып, биыл республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 1,2 млрд. теңге қаражат бөлдік. Қазіргі уақытта техникалар дайындалып жатыр. Қар сыратын 138 техника қажет болса, соның 126-сы бар, бірақ оның 92 пайызы ғана жүріп тұр. Биыл 4 автогрейдер сатып алынды, жыл соңына дейін тағы екеуі алынады және 22 арнайы техника бойынша мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Сондай-ақ жолдарды тазалауға 8 ұйыммен келісім жасалуда”, – деді Талғат Смағұлов.
Жолды қар алмауы үшін 3 мың дана ағаштан жасалған арнайы құрылғы әзірленген. Бұдан бөлек, төтенше жағдайларға жол бермеу үшін күн райы бұзылғанда тәулік бойы кезекшілік атқару жұмысы жандандырылмақ.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаевтың айтуынша, 20 қазаннан бастап бұталарды отау, су өткізгіш құбырларды жабу және мұздан тазартатын материалдар мен реагенттерді жинақтау жұмыстары қолға алынады.
Әкімдік отырысында қаралған үшінші мәселе – электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету. Петропавл қаласы мен облыстың сегіз ауданын электр энергиясымен “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” акционерлік қоғамы қамтыса, өңірдің оңтүстік аудандарына “Көкшетау Энерго” серіктестігі қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, облыс аумағында жаңартылатын энергия көзі – барлығы 7 нысан жұмыс істейді, олар: Сергеев ГЭС-і, “Зенченко және К” командиттік серіктестігінің 4 жел генераторы, “Иван Зенченко” ЖШС-ның 2 жел генераторы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, өңір бойынша электр желілерінің ұзындығы 23,5 мың шақырым, “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” АҚ бойынша тозу 96,6 пайызды құраса, “Көкшетау Энерго” ЖШС бойынша электр желілерінің 80,6 пайызы ауыстыруды қажет етеді.
Қысқы кезеңде үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында биыл екі энергия беруші компания бойынша 1484 шақырым желіні және 230 қосалқы стансаны 5 млрд. теңгеге күрделі жөндеу және реконструкциялау жоспарланған, оның 96,5 пайызы орындалыпты. Желілердің тозуына байланысты электр желілеріндегі апаттар саны артқан.
“Биылғы 8 айда жергілікті компания желілерінде 1254 апат, оның ішінде су тасқыны салдарынан 57 апат тіркелді. Тайынша ауданындағы жағдай қиын, жыл басынан бері 230 апат болған”, – дейді Данияр Қуанышбаев.
Облысты электрмен қамтуға қатысты мәселені шешу үшін электр желілерін жаңғырту жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленген.
Жоспарда 2027 жылға қарай желінің тозуын 95 пайыздан 81 пайызға дейін төмендету міндеті тұр, ол үшін 150 шақырым электр желісін ауыстыру арқылы ауылдарды электрмен жабдықтау жүйесін жыл сайын жаңғырту жоспарланған. Жоспарды орындау аясында облыстың жеті ауданында жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгеге 0,4 кВ электр желісін тарту бойынша 15 жоба әзірленген. Жоба “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы арқылы бейінді министрлікке жіберіліпті, алайда бұл жобалар қолдау таппаған.
Бұдан басқа, электрмен жабдықтауды үздіксіз қамтамасыз ету үшін басқарма коммуналдық электр желілерін энергия беруші ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беру жоспарын әзірлепті.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов техниканың, жанар-жағармайдың дайындығы мен қолжетімділігі, жедел топтардың нәтижелі жұмысының маңыздылығын атап өтті. Қолайсыз ауа райы жағдайында төтенше жағдайларды жедел жою үшін жол жүру маршруттары қолжетімді болуы керек.
Өңір басшысы Петропавл мен аудан әкімдеріне апаттық жағдайларды бақылауда ұстап, дереу шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ орталық қазандықтар мен медициналық ұйымдардағы резервтік электр жабдықтарына тексеру жүргізу қажеттігі айтылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.