«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҒА АЛАМЫЗ БА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Tikelei bailanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев газет оқырмандарын толғандырған сауалдарға жауап берді.

Әлім ТӨЛЕБАЕВ,

Қызылжар ауданының

тұрғыны:

– Жасыратыны жоқ, ин­женерлік желі­лер­ді жоспарлы түрде ауыс­тыру, заманауи жабдықтар орнату жайы сын көтермейді десе де болады. Ол жөнінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетов қысқы жы­лы­ту маусы­мына әзірлік жұ­мыстарына орай өткізген жиында орын­ды ескертіп, осы саладағы ау­қымды жұ­мыстардың маңыз­дылығын атап көрсетті. Жы­лу, электр және сумен жаб­дықтау желі­лерінің әбден тозғаны алаң­дата­ды. Тұр­ғындардың алда­ғы қыстан қысылмай шыға­тындарына кепілдік бере ала­сыз­дар ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Мұн­дай сарындағы сауалдар жиі қойылатындықтан, қалып­тас­қан жалпы ахуалға қысқаша тоқ­тала кеткенім жөн болар.  Бас­қармаға тұрғын үй, көгал­дан­­ды­ру, энергетика, жылумен қамту, энергия тиімділігін арт­ты­ру, газ­бен, сумен жабдықтау бағыт­тары бойынша мемлекет­тік саясатты жүзеге асыру мін­деті жүктелгендіктен, көпқабат­ты тұр­ғын үйлердегі, әлеуметтік са­ла нысандарындағы қазан­дық­­тар мен коммуналдық ин­фра­құрылымдардың қалыпты жұ­мыс істеуі әркез басты на­зарға алынған. Осыған орай күзгі-қыс­қы жылыту кезеңінде  жүйе­лі түрде мониторинг жүр­гізіліп, ақаулар анықталып, шұ­ғыл түр­де қалпына келтіру ша­ралары қолға алынады. 2023-2024 жыл­ғы жылыту маусымын­да 490 қа­зандық штаттық ре­жімде жұмыс істеді. Биыл да осы жоспар тө­ңірегінде жұмыс істемекпіз.

Санат ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

Мамлют ауданының

тұрғыны:

– Менің аңғарғаным, жы­лы­ту маусымына әзірлік бір­реттік науқан сияқты. Жос­пар­лы жұмыс көрінбейді. Жаз бойы жатып, қыс жақын­дағанда ғана жүгіреді. Неге?

– Біз өз қызметімізде об­лыст­ық мәслихаттың “Жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаттары туралы” шешімін басшылыққа аламыз.  Ол былайша сипатталады: өт­кен жылыту маусымында анық­талған кемшіліктерді талдауды жергілікті атқарушы орган жү­зеге асырады, орын алған ақау­лар мен бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жоспары әзірленеді. Бұдан бөлек, келі­сілген температура кестесінің болуы, энергияны өндіруші жә­не энергияны таратушы ұйым­дар­дың белгіленген нормалар­ға сай негізгі және қосалқы жаб­дықтарды толық көлемде және сапалы жөндеуі маңызды. Ғи­мараттарды дайындау, ішкі ин­женерлік жүйелерді ауыстыру, қалпына келтіру, отынның нор­мативтік қорын жасау, энерге­тика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы обьектіле­рінде технологиялық апаттар­ды, олардың салдарын жою үшін жабдықтардың апаттық қорын, материалдық-техникалық ресурстарын қамтамасыз ету де негізгі міндеттер сана­тына жатады. Бұл процестер жыл бойы үзіліссіз атқарылатын­дықтан, 15 қыркүйекке дейін күзгі кезеңдегі жылу беру қа­жеттіліктеріне сақадай-сай болу – басты талаптың бірі. Жылу же­лілері гидравликалық, техника­лық тағы басқа сынақтардан өтуі шарт.

Ермек ЕРСАЙЫНҰЛЫ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Жылу көздерін, инже­нер­лік жүйелерді, әлеуметтік сала нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге арналған арнайы бағдарламалар қа­рас­тырылған ба? Бар болса, олардың орындалу барысы қанағаттандыра ма?

– Алдағы қыста келеңсіз жағ­дайларға жол бермеудің барлық мүмкіндіктері ойластырылған.  Облыс бойынша   340 шақырым жылу желісінің тозу көрсеткіші 65, соның ішінде қаладағы 280 шақырымның 77,5, аудандарда­ғы 60 шақы­рым­ның 28 пайыз екенін ескере отырып, диаметрі 200-300-400 мм. болатын жылу желілері диаметрі 600 мм.-лік жаңалары­на ауыстырылды. “№5 жылу ма­гистралінің құры­лысы” жоба­сы міндетті жоспар бойынша атқа­рылуда. Облыс­тық әкімдік бе­кіткен 2024-2025 жылдардағы жылыту маусы­мы­на дайындық іс-шаралары шең­берінде 30 млрд. теңгеден ас­там қаражат бө­лінген. Бұл қар­жы қазандық­тарды ауыстыруға, жылумен, сумен жабдықтау же­лілерін жаңалауға, әлеуметтік сала обьектілерін күрделі жөн­деу­ге жұмсалады. Әлеуметтік ма­ңы­зы бар нысандардың бір шоғыры 19-шы, 20-шы шағын­ау­дан­дарда, Борки, Солнечный кенттерінде орналасқан. Тал­шық­та жылу желілерінің құры­лысы жүргізілуде. Новоишимкада магистральдық тарату желілерінің құрылысы басталды. Бүгінде облыс орталығында 1170  көпқабатты тұрғын үй, 167 әлеуметтік нысан, 100 білім беру ұйымы орталықтандырыл­ған жылу желілеріне қосылған.  Олардың барлығы техникалық құжаттарын алды.

Қайдар ӘРКЕНОВ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Жылу-электр орталы­ғындағы құлап қалған үшінші мұржаның биыл пайдалануға берілетінін естіп қуанғанбыз. Алайда қолда­ныс­қа тапсы­рылу мерзімі ке­лесі жылға ауыстырылыпты. Мұның се­бебі қандай? 

– Опырылып  түскен мұржа­ны қалпына келтіруге 17,6 млрд. теңге бөлінген болатын. Өкініш­ке қарай, былтыр жазда оның құрылысынан ақау табылып, уақытша тоқтатылды. Қазір жы­лу орталығының жаңа мұржасы салынуда. Ол тек келесі жылы ғана пайдалануға беріледі.  Жұ­мыс істеп тұрған екі мұржа қа­ланы жылумен қамтамасыз ету­ге жеткілікті.

Сәкен АЙМҰҚАНОВ,

Мағжан Жұмабаев

ауданының тұрғыны:

– Президент жуырдағы Жол­дауында энергетиканы жә­не коммуналдық шаруа­шы­лық саласын жаңғырту жө­ніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекітуді тап­сырды. Өйткені, коммунал­дық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру өте өзекті мәселелердің бірі­не айналып отыр. Меніңше, солтүстікқазақстандық тұтынушылар жеке монополис­тер­дің шырмауында қалған сияқты. Олар күрделі жөндеу, қалпына келтіру секілді ин­фрақұрылымдарға қатысты ұстанымын алға тартып, әлеу­меттік маңызы бар қыз­меттердің қолжетімділігіне жете көңіл аудара бермейтін тәрізді.

– Бұл пікірмен толық келісе қою қиын. Өйткені өңірде орна­ласқан, яғни, жылыту маусымы­на жауапты мекемелер атқарып жатқан шаруалар сан салалы.  Бәлкім, шынайы да нақты ақпараттың жетімсіздігінен кей адамдардың теріс пікірде болуы  әбден мүмкін. Бүгінде облыста “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 15  елді мекен мен 7 ау­данда 4,4 млрд. теңгеге электр желілерін салу және қайта жаңғырту жобалары әзірленді. Жыл сайын тозу көрсеткіші 2,3-2,6 пайызға өсіп отыратынын есептесек, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 пайызға тө­мендету үшін  80,2 млрд., ал электр желілерін жаңартуға 818 млрд. теңге қажет. Ол 3400 ша­қырым желіні қалпына келтіруге жетеді. Монополист компания­лар бұл проблемаларды өзді­гінен шеше алмасы анық. Оған қаржы жетіспеушілігі кедергі. Оның үстіне қолданыстағы не­сиелік міндеттемелердің салда­рынан екінші деңгейдегі банк­терден қаржы ресімдей алмай­ды. Сондықтан мемлекеттің қол­дауы өте маңызды. №2 Петро­павл ЖЭО-да №9-шы және №3-ші турбоагрегаттар мен жаб­дық­тарды күрделі жөндеу аяқ­тал­ды. №1 қазандық пен №6 турбоагрегатты жөндеу жалға­суда. Көмір қоры жеткілікті. “Севказэнерго” АҚ түтін құбы­рын салу мерзімін 15 қарашаға дейін бітіруді белгілеп отыр. Со­сын келесі жылдың 1 мамы­ры­нан 1 қыркүйегіне дейін екінші кезеңі жалғасып, жер асты бөл­месі, сигналдық белгілер салы­нады. 2025-2026 жылғы жылыту маусымында толық пайдала­нуға беріледі.  “Петропавл жылу желілері” ЖШС №3 жылу ма­гистралін жаңғыртуды аяқта­ды. №6 жылу магистралінде жөн­деу жұмыстары басталды. Барлығы 5 шақырымға жуық жылу желілері ауыстырылды.  “СК РЭК” ЖШС 246 шақырым электр желілерін жаңала­ды. Тұтастай алғанда, биыл өңір­де 1 мыңнан астам электр, 8 шақырым жылу,  7,4 шақырым су құбыры ауыстырылды. Об­лыс орталығының солтүстік бө­лі­гін жылумен қамтамасыз ете­тін жылу магистралі салынуда.

Арман САУЫТБАЕВ,

Ақжар ауданының

тұрғыны:

– Жер үйлердің дені көмір­мен жылытылады. Қыс бас­тал­ғанда оның бағасы ша­рық­тап кетеді. Алыпсатарлар ойларына кел­ген бағамен сау­далауға құ­мар. Көмір қоятын орын бол­мағандықтан қаптап алуға мәжбүрміз. Мен сияқты көмір сақтайтын қора-қопсы­лары жоқ адам қаншама? Бұ­ған тос­қауыл бола ма?

– Бұл мәселе бізді де алаң­датып отыр. Жыл сайын өңір тұрғындарына қажетті көмір қорына тапсырыс беріледі. Ол уа­қытында жеткізіледі. Алайда аяз ашуына мінетін қаңтар, ақ­пан айларында бағаның көте­рілгені анықталып жатады. Бұл ретте біз облыстық полиция де­партаментімен бірлесіп, рейдтер өткізуге жиі тырысамыз.

Жуырда бюджеттік меке­мелер үшін 146 мың тонна көмір жет­кізіліп, тапсырма толық орын­­далды. Жекелеген тұрғын­дар үшін қажеттісі 399 мың тон­на болса, жеткізілгені – 246 мың тонна. 34 темір жол тұйығында  44,2 мың тонна көмір бар, оның 4,8 мың тоннасы Петропавл қа­ласында. Жасыратыны жоқ, кей тұрғындар ұзын арқан, кең тұ­сауға салынып, күн суытқанша қозғала қоймайды. Ерте қам­дан­са, қапы қалмайды. “Жаз шанаң­ды, қыс арбаңды сайла” деп бабалаларымыз текке айт­паған.

Жанар ЕРКЕБАЕВА,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Қызым “Балауса” бала­бақ­шасына барып жүр. Жылу берілгендіктен ғимараттан шыққың келмейді. Үйде қа­лың киініп жүруге мәжбүрміз. Осының салдарынан ауы­рып жатқан жандар көп.   Көп­қабатты баспаналарға жылу қашан беріледі?

– Тиісті ережеге сәйкес,  да­ладағы ауа температурасы үш күн қатарынан 10 градустан ас­паған жағдайда жылу беріле бастайды.

Самат ЕРҒАЛИЕВ,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Жылда қыс маусымына әзірліктің жоғары деңгейде екені жайлы есеп беріп жата­сыздар. Бірақ нақты жағдай сипатына қарасақ, керісінше сияқты. Қазақ­станда 12 қала­ның жылу же­лілері әбден тоз­ған. Оның ішінде Петропавл шаһары да бар, мұнда жылу же­лілерінің 74 пайызы ескір­ген.

– Проблемалардың бар еке­нін жақсы білеміз, жасырып отыр­ған да жоқпыз. Соңғы жыл­дары бұл салаға қаражат жеткі­лікті түрде бөлінуде. Биыл жы­лыту маусымына дайындалу үшін 31 млрд. теңге, оның ішін­де республикалық қазынадан 5,7 млрд., облыстық бюджеттен 1 млрд.,  инвесторлар есебінен 24 млрд. теңге қарастырылған. Бұл мәселе Президенттің тіке­лей бақылауында. Өңірде қысқа әзірлік бекітілген кесте бойын­ша жүргізілуде. Облыстық әкім­діктің отырысында алдағы жы­лыту маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатын­да шұғыл міндеттер белгіленіп, бірінші кезекте коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй ны­сан­дарының сақадай сай бо­луына назар аударылып,  білім беру нысандары бақылауға алынды. Монополист компа­ния­ларға қыркүйек айының  со­ңына дейін инженерлік инфра­құрылымдық жөндеу жұмыста­рын аяқтау қажеттігі ескертілді.

Сандуған ҚАПАНҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Көпқабатты тұр­ғ­ын үй­лердің бірінде тұра­тын туы­сымның сөзіне қара­ған­­да, пә­тер иелері коопе­ра­тиві құ­рыл­мағандықтан, жа­уапты учас­ке қадағалаусыз қалған кө­­рінеді. Оның ақыры техни­калық төлқұжаттардың уақы­тылы әзір­ленбеуіне, құ­быр­ларды жуып-шаю жұмыс­та­рының мер­зімінде атқа­рыл­мауына соқ­тыруда. Енді не істеу керек?

– Жылыту маусымына да­йын емес үйлердің көбінде пә­тер иелері кооперативтерінің жо­ғы рас. Осы себепті олардың бар жауапкершілікті  әкімдікке итере салып,  арқаларын кеңге салатыны жасырын емес. Құ­быр­ларды жуып-шайып, қы­сым­­мен тексеру тұрғындарға ті­ке­лей қатысты екенін баса айт­қым келеді. Был­тыр “Береке” ша­ғын­ауданын­да орналасқан 18 пә­тер­лік үйдің құбырлары жуып-шайылмаса да, жылу бе­руге тура келді. Егер құбырлар­ды қысыммен тексермесе, қыс­тың қақаған суығында сыр беруі ықтимал.Тұрғындар жаз айла­рында құбырларды бір рет сы­нақтан өткізуге міндетті. Ақау шықса, жөнделеді. Сосын ғана қысқа дайын деген құжат бері­леді. Кей үйдің иелері бұл іске кешеуілдеп кірісіп жататыны өкінішті.

 Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp