«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР ҮНЕМІ ЕРКЕЛЕТПЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрбай ҚАЙЫРЖАН,

38 жаста.

Көбіміз өмірдің бұлжымайтын әділет дейтін заңы барын кеш түсініп жатамыз. Аңғалдықпен алға озудың түрлі жолын іздеп, табыстың есігін әп-сәтте ашып беретін алтын кілт тапқымыз келеді. Алайда өмірдің заңын бұзып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүре беру ешкімнің маңдайына жазылмаған. Осыны ұқпаған жандардың басын тасқа соғып, бармақ тістеп қалғанын талай көрдім.

Арман қуып Алматыға барған сәтте өмірге деген көзқарасымыз ақ қағаздай тап-таза еді. Үлкен қаладағы адамның бәрі әділетті, біреуге қиянат жасап көрмеген адал жандар деп ойлайтынбыз. Бұлай емес екеніне оқуға түспей жатып көзіміз жетті. Алдымен сынақтан бірге өтіп, жоғары ұпай жинаған қатарластарымның бірнешеуі университет табалдырығын аттай алмай кері қайтты. Мұндағы дөкейлердің бармақ басты, көз қыстылығы туралы сол кезде біле бастадық. Бірақ оған қарсы тұрар күш қайда? Қанша жастың ішінен өзіме әрең тиген орынды жоғалтып алмау үшін көп нәрсеге көз жұма қарадым. Сол кездегі талабы таудай, арманы асқақ құрдастарымның меселі қайтып, тауы шағылған сәтін әлі күнге дейін күрсіне еске аламын.

Менімен қатар оқитындардың бәрі өзім сияқты ауылдан келіп, үйдегі төрт-бес қараның арқасында білім алып, оқуға түскендер екен. Бірінші сабақта көзіміз жыпылықтап, ұядағы балапандардай бір-бірімізге қарап отырмыз. Кейін аудиторияға егде жастағы оқытушымыз келіп, сабақты бастап кеттік. Сабағымыз енді аяқталар тұста есік қақпастан бір жігіт кіріп келіп, соңғы орынға отырды. Манадан бері бізге тәртіп пен талап туралы айтып тұрған оқытушымыздың жүзі жылып, ештеңе болмағандай сабағын жалғастыра берді. Қалған сабақтарда да көргеніміз осы. Әйтеуір мұғалім біткен Мақсатқа жылы қабақ танытып, істегенінің бәріне көз жұма қарады. Бізбен бірге оқитын әлгі жігіттің беделі бар дәулетті адамның жалғыз ұлы екенін кейін білдік. Оның неге басқаларға паң қарап, мұғалімдердің бәрін өзімен қатар адамдай көретінін сонда ұқтым.

Мақсаттың бізбен қатар тізімде жүргені болмаса көз майын тауысып оқып жүргені шамалы еді. Кейбір сабақтарға мүлде келмейді, кейбіріне оқытушылардың өзі жалынғандай болып шақырып алады. Сөйтіп жүрсе де бұған тоқтау айтып, қарсы болып жүрген біреуі жоқ. Бір үйдің кенже баласындай бәріне еркелеп, ойына келгенін істейтін Мақсатты бәріміз ұната қойған жоқпыз. Сабақ беретіндердің өзі оның қылықтарын байқамағандай көрінгенмен, жақтырмайтыны сезіліп тұратын.

Біздің бәріміз күні-түні қағаз кеміріп, ұйқы-күлкі көрмей оқып жүргенде әлдебір байшыкештің ұлының өзін осылай емін-еркін сезінгенін көргенде ішіміз ашитын. Бірде мен ішіме симаған соң сабақ үстінде Мақсаттың бұл ісі дұрыс еместігін, оған көз жұма қарауға болмайтынын айтып салдым. Қасымдағылар да өре түрегеліп, шулай кетті. Мақсат болса көзі алайып маған қарап қалған. Екеуара текетірес болмай қоймайтынын білген мен одан сайын өршелене түсемін. Сол сәт сабақ аяқталып, не істерін білмей тұрған оқытушының иығынан ауыр жүк түскендей кабинеттен бәрімізден бұрын шығып кетті. Түсі суып кеткен Мақсат маған қарай жақындап келеді.

– Сен өз жұмысыңды қойып, енді басқалардың шаруасына араласа бастағансың ба? Ұзын тіліңді қысқарту керек екен.

– Сенің қысқа ақылыңның менің тілімді қысқартудан басқаға жетпегені өкінішті,– деймін күліп.

– Байқап сөйле, әйтпесе…

– Әйтпесе әкеңе айтып, мені де сатып аласың ба? Ол қолыңнан келе қоймас.

Екеуара әңгіме осыдан әріге барған жоқ. Бір-бірімізге таяп келіп, жаға ұстаса кеттік. Қасымыздағы жігіттер ажыратып алғанша ұмар-жұмар болып, жұдырықтасып жатырмыз. Мен достарым көрген әділетсіздіктің бәріне Мақсат кінәлідей бар күшімді сала ұрамын. Оның да сілтегені мүлт кетіп жатқан жоқ. Ішімдегі ашу-ызаның арасынан “ертең оқудан шығарып жібереді-ау” деген ой жылт етеді. Алайда ашудың оты оған мұрсат бермей, қолымды сермей түсемін…

Содан Мақсатты  көргенім жоқ. Ал мені төбелестен кейін басшылыққа шақырып, алдағы тағдырымды шешетін болды. Кабинеттің есігінің алдында отыр едім, ұзын бойлы, жасы елулерден асқан біреу келіп, сыпайы ғана амандасып, хатшыдан кіруге рұқсат сұрады. Ішке кіріп еді, ондағы басшымыз “қош келдіңіз” деп алдында иіле кеткені. Хатшы қыз қайта-қайта кіріп-шығып бірде шай, бірде қағаз тасып жүр. Ашық тұрған есіктен екеуінің әңгімесі естіледі. Жаңағы келген адамның Мақсаттың әкесі екенін сонда білдім.

– Жалғыз ұлды жөнге сала алмағаныма өзімді күнде кінәлаймын. Жұмыс деп жүріп тәрбиеге мүлде мән бермеппін. Оқуға түссе қатарластарымен ілесіп, қолы бірдеңеге ілігіп кетер деп едім, мұнда да бітіріп жүргені шамалы. Қайта сіздерге рақмет, түсіністік танытып, жаманын жасырып келесіздер. Өздеріңізге де оңай емес. Тағы да мың мәрте кешірім сұраймын, – дейді әкесі.

Мен Мақсаттың әкесі байлықтың уына мастанған, басқа жұртты адам санамайтын біреу деп ойлаушы едім. Бүгінгі көрініс менің ойымды мүлде өзгертті. Осындай түсінігі мол адамның алдында өз ісім үшін ыңғайсызданып та қалдым. Байлығы да, беделі де бар адамдардың да төрт құбыласы түгел бола бермейді екен ғой. Бұл жақсы жанның да ұрпағының ертеңін ойлап, талай таңы ұйқысыз атқан шығар. Сонда да мен көрген зиялы адамнан Мақсаттай ұлдың қалай туғаны ойыма сияр емес.

Мақсат өзін әкесінің дәулетінің арқасында ғұмыр бойы молшылықта өмір сүремін деп ойлайтын болуы керек. Әкесінің байлығына ие болып, өмірінің соңына дейін басына бұлт төнбей, алаңсыз өмір кешпекші. Ол әке дәулетінің санасыз балаға мұра болмайтынын ұқпайды. Өз күшіңмен жетістікке жетудің қандай сезім екенін де түсінбейді. Мақсат өзін өмірінің соңына дейін қиналып еңбек етпейтін, тұрмыстың тауқыметін тартпайтын жандай сезінеді. Осынша жасқа келіп, өз күшімен бір тиын таппаған, бір кітап оқымаған, таяқ тастам жерге жаяу барып көрмеген Мақсаттың әкесін аяп кеттім.

Алысып-жұлысып жүріп оқуымызды да аяқтадық. Қолымызға бір жапырақ қағаз ұстаған әрқайсысымыз әр тарапқа тартып кеттік. Мен бір ірі компанияға жұмысқа тұрдым. Ең бірінші жиналыста қарама-қарсы отырған Мақсатты көрдім. Мен оны баяғыда жоғары қызметке жайғасып, тіпті шетелге кетіп қалатын шығар деп ойлайтынмын. Оны алғаш көргенде өзкөзіме өзім сенбедім. Бірақ бұл жағдайға ол менен қатты таңданып отырған сияқты. Бастығымыздың жүзіне аузын ашып қарап қалған. Құдай-ау, мен білсем ол мұнда айтылып жатқан сөздердің бірін де ұғып отырған жоқ. Сол сәттегі Мақсаттың отырысы туғалы адам қолында бағып-қағылып, кейін жабайы табиғатқа жіберілген аңды еске салды.

Сол күні бұрын бізге биіктен қарайтын Мақсат қасыма келіп, сырын ақтарды. Айтуынша, әкесі бұрынғыдай бар еркелігін көтеруді қойыпты. Шотына түсіп жатқан есепсіз ақша да жоқ. Диплом алғаннан кейін осы жұмысқа орналастырғаннан басқа қамқорлық көрсетпепті. Әріптесімнің ішінде әкесіне деген реніш те бар сияқты. Бұның бәрі өзінің болашағы үшін керек екенін қайдан білсін.

Бірақ содан түзеліп кеткен Мақсатты көрген жоқпын. Жұмысты да мандытып істемеді. Сұрануы мен сылтауы да көп. Ескерту мен түзетуден көз ашпайды. Бұрын шыбық басын сындырып көрмеген байдың баласы қарапайым адамдармен отырып, кеңсенің қызықсыз жұмысын атқаруға құлықсыз. Мен бұрын жақтырмай жүретін Мақсатты енді аяй бастадым. Өмірдің талабына бейімделе алмай, не істерін білмей жүрген адамды көргенде жаным ашиды. Кейде ұсақ-түйек жұмыстарына көмектесіп те жүрдім. Алайда адамның бойында жылдар бойы қалыптасып қалған әдет оңай кетпейді екен. Ақыры мұндағылар оның әкесінің абырой-беделіне де қарамай бір-ақ күнде жұмыстан шығарып жіберді. Содан бері ұзақ жылдар бойы Мақсатты көрген жоқпын. Өзім кейін басқа қызметке орналастым.

Әкесінің дәулетіне сүйеніп, өзін жердегі жартықұдай сезінген Мақсаттың хабарын жақында естідім. Басқалардың сөзінше,  әкесі дүниеден озған екен. Одан қалған мүлікке шаруаға қырсыз бала ие бола алмай, уысынан шығарып алыпты. Бүгінде Мақсат ел қатарлы қарапайым өмір сүріп, қатардағы мамандардың бірі болып жұмыс істейді екен. Адамдарға бұрынғыдай “әй” деп емес, “ау” деп сөйлейтін көрінеді. Бастысы иығына түскен тұрмыстың жүгінен құлап кетпей, әрекет етіп, тырбанып жүргенін естіп шүкір дедім.

Бәрімізді тура жолға салатын өмір дейтін ұстазды алдау мүмкін емес. Ерте ме, кеш пе әркім өз жолына түседі. Мақсат өзін қолына бақыт кілтін ұстап туған ерекше жан санады. Ештеңе тындырмай-ақ ұшпаққа шығып, бақытқа бөленетініне сенді. Туғалы не ішемін, не жеймін демеген ерке бала бүгінде кешкілік нанын табу үшін ел қатарлы тер төгіп жүр. Ол өзінің басқалардан ерекше туған, алдындағы барлық есік ашық тұратын адамның ішіндегі артығы емес екенін түсінген шығар. Мүмкін ол өз қателігін ұғып, еңбегінің арқасында әкесі шыққан биікке жетер.

Біздің бәріміз күн сайын өмірдің емтиханын тапсырамыз. Ол емтиханды көшіріп алуға, бағасын қолдан жасауға болмайды. Егер ондай ойыңыз болса, өмірдің тәубаға келтіруі әп-сәтте.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Коллажды жасаған

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp