Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері “AMANAT” партиясының белсенділерімен кездесіп, АЭС салу идеясының мән-мақсатын, ел экономикасын ілгерілетудегі шешуші рөлін түсіндірді. Олар референдумға белсенділікпен қатыса отырып, дұрыс таңдау жасау әрбір саналы азаматтың борышы екенін айтты.
“АЭС-ке қатысты мәселеде әрқилы ұстанымның болуы заңды. Біздің міндетіміз – оның артықшылығын айтып қана қоймай, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға жасалған нақты қадам екенін ұғындыру”, – деді “Білім” бастауыш партия ұйымының төрағасы Евгений Максимов.
Кездесуге қатысушылар өркениетті дамудан Қазақстан да тыс қала алмайтынын, АЭС энергия беріп қана қоймай, экономика мен ғылымды жаңа деңгейге көтеретінін айтты.
“6 қазанда Қазақстан халқы алдында тарихи таңдау тұр. Жалпыұлттық шешім еліміздің экономикалық және технологиялық болашағын айқындайды. Атом электр стансасының құрылысына қатысты прогрессивті идеяның айналасына адамдарды топтастыру мақсатында АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды. Оның құрамына саяси партиялар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары енген”, – деді Мәжіліс депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstık Qazaqstan”.