Soltüstık Казахстан
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының V-ші отырысы өтті. Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ресей Федерациясының Федералды архив агенттігінің өкілдері, екі елдің тарихшы ғалымдары мен мұрағатшылары қатысты. Шарада “Голод в Казахстане и России. 1927-1934 г.г.” құжаттар жинағының тұсауы кесілді.
Отырысты Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова жүргізді. Ол жиынға қатысушыларды таныстырып, комиссия отырысының жұмысына тоқталды. Сәуле Зейноллақызы еліміздің тарихы мен мәдениетін құрметтеу, құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізу басты мақсат екенін айта келе, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві өңіріміздің тарихы туралы деректерді жинақтап, сақтауда үлкен жұмыс атқарып отырғанын жеткізді.
– Өскелең ұрпақтың рухани қажеттілігін қанағаттандыру, таным көкжиегін кеңейту, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруда архив құжаттарының орны ерекше. Архив ғимаратында зерттеуші ғалымдар мен басқа да мамандарға қызмет көрсету, оларға ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге жағдай жасау өте маңызды. Ол үшін бірыңғай жүйені жетілдіріп, архивтік дереккөздердің қоғамның пайдалануына және тиімді қолдануына ықпал жасай отырып, архивтерді ұлт мұрасының бірегей жүйесіне айналдыруымыз керек, – деген Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан көрші елден келген меймандарға ризашылығын жеткізіп, екі мемлекеттің ғалымдары бірлесе әзірлеген жаңа жинақтың жарық көруімен құттықтады.
Содан кейін Ресейдің Федералды архив агенттігі басшысының орынбасары Андрей Юрасов сөз алды. Ол “Голод в Казахстане и России. 1927-1934 г.г.” құжаттар жинағы архив саласындағы ынтымақтастық байланыстың ортақ жемісі екенін айта келе, комиссия жұмыс істеген 6 жылдың ішінде бірнеше отырыс өткенін, соның ішінде үш жоба жүзеге асырылғанын тілге тиек етті.
Мамандардың айтуынша, Қазақстан мен Ресей архившілерінің бірлесе дайындаған жинағында екі елдің тарихына қатысты көптеген құнды мәліметтер бар. Ашаршылық кезең тарихи құжаттар негізінде сипатталған. Халқымыздың басына төнген нәубеттің алғышарттары мен себептері көрсетіліп, жинақта сол кезеңде өмір сүрген адамдардың трагедиясы нақты дәйектер арқылы орын алған. Ашаршылық зұлматты айқын суреттеген бұл кітап 530 данамен ғана жарыққа шыққанын атап өткен жөн.
Жиында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған, Ресей ғылым академиясына қарасты Ресей тарихы институтының Экономика тарихы орталығының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Кондрашин және басқа да ғалымдар баяндама жасады.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.