Өңірде республикалық маңызы бар жолдардың 131 шақырымына күрделі жөндеу қажет. Бұл биыл жол желісіне жүргізілген ауқымды диагностика барысында анықталды.
“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 1,4 мың километрі диагностикалық тексерістен өткен. Жоспарлы жұмыс барысында кепілді мерзімі бітпеген учаскелер де тексерілді.
“Диагностика жүргізуге жылжымалы жол зертханасы қолданылды. Бұл нысан заманауи арнайы қондырғылармен жарақтандырылған. Әр тексеріс алдында техника калибрлеуден өтеді.
Диагностика барысында мамандар жолдың геометриялық параметрлерін, серпінділік көрсеткішін, еңістерді және жабынның басқа да ақауларын есепке алады. Сондай-ақ IRI халықаралық индексі бойынша жол тегістігі және көлік қозғалысының қарқындылығы тіркеледі. Барлық деректер бойынша GPS координаттар беріледі, бұл ақаулар мен жөндеуді қажет ететін жерлердің орнын дәл анықтауға мүмкіндік береді”, – дейді мекеменің мемлекеттік есепке алу инженері Еркен Әбілмәжінов.
Маманның айтуынша, диагностика қорытындысы шығарылып, жөндеу жұмысының түрлері мен көлемі бойынша ұсынымдары бар егжей-тегжейлі есептер қалыптастырылады. Кейін ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне жіберіледі. Олардың негізінде “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы жол желісін жөндеу бойынша жоспар әзірлейді.
“Биыл 197,69 шақырым кепілдегі учаске және 1236 шақырым жол зерттелді. Нәтижесінде біздің филиал республикалық жолдың 199,1 шақырымына орташа жөндеу және 131,2 шақырымға күрделі жөндеу жүргізуді ұсынды. Мұндай диагностика маңызды, бұл республикалық жол желісінің сапасын арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет”, – дейді Еркен Әбілмәжінов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.