Сызба деп нәрсенің кескіні және оны түсіндіруге қажет басқа да мәліметтер келтірілген құжатты атайды. Сондықтан сызба – ұшақтар, кемелер, зымырандар, тракторлар, экскаваторлар және т.б. жасау үшін, кез келген ғимараттар, көпірлер, жолдар, газ, мұнай, электр энергиясын жеткізуге арналған әртүрлі желілер тұрғызу үшін қолданылатын негізгі құжат. XIX ғасырдың басында-ақ француз ғалымы Гаспар Монждың “Сызба – техника тілі” деуі тегін емес.
Сызу – техника тілі болғандықтан, қазіргі заманғы өндірістің негізгі заңдылықтарын түсінуде атқаратын қызметі орасан. Күн сайын зауыттарда әртүрлі бұйымдар, ұшақтар, тұрмыстық бұйымдар, құралдар өндіріледі. Бұлардың бәрін сызбасыз жасап шығару мүмкін емес. Сызба бойынша машиналардың тетік бөлшектері дайындалады, дайын бөлшектерден күрделі машина механизмдері құрастырылады. Сызу тек техникада ғана керек емес, кез келген мамандық иелерінің серігі саналады.
Сызу – графикалық кескіндерді рәсімдеу, орындау және айырып тану теориясының негізгі қағидаларын және практикалық амалдарын үйрететін пән. Сондықтан сызуды техника тілі ретінде ғана анықтау жеткіліксіз. Сыза білу – жаза және оқи білуден кейінгі екінші сауаттылыққа айналды. Олай дейтініміз, сызуды меңгерудің нәтижесінде ғана адам қағазда немесе дисплей экранында өз ойын (ойлап тапқанын) дұрыс кескіндей алады және басқалар орындаған немесе әртүрлі техникалық қондырғылар экрандарында пайда болған кескіндерді түсіне алады.
Сызу сабағы білім алушылардың логикалық ойлану жүйесін арттыру, көру, қадағалау, оларды салыстыру, талдау, синтездеу қабілетін қалыптастыруға бағытталуы керек. Бағдарлама әрбір сабаққа оқу материалдарын тиянақты дайындап, олардың тәлім алушыға көп салмақ түсірмейтін жағы да қарастырылуы маңызды. Берілетін тапсырмалардың көп уақытты алмайтындай, бірақ терең түсінетіндей үлгісі дайындалады.
Сызу пәнін оқытудың басты мақсаты – оқушылардың кеңістіктегі заттардың орналасуын көз алдына елестете білуін үйрету. Оқытушы сызу пәнінің бағдарламасы бойынша керекті көрнекі құралдармен дидактикалық үлестірме материалдарын іздене отырып, уақытылы дайындап отырса, осы пәнді оқыту барысы жандана түсіп, өрендердің бұл пәнге деген қызығушылығы артар еді және алған тиянақты білімін келешекте еркін қолдана алуына мүмкіндік молая түспек.
Сызба әдістері – бұл жалпы білім берудің, тәрбиелеудің мақсаты мен талабына сәйкес графикалық сауаттылықтың мазмұны мен әдістерін анықтайтын педагогика ғылымдарының бір саласы. Сонымен бірге сызу әдістері графикалық жұмыстар орындаудағы формаларды талдауда және оқу процесін тиімді ұйымдастыруда үнемді тәсілдерді қолдану әдістерін зерттейді. Сызу пәнін оқыту процесінде оқушының өзіндік еркін шығармашылығын дамытуды кеңінен қамту керек.
Жазықтық бетіне кеңістіктегі формаларды кескіндеу арқылы оның мазмұнын түсіну, басқа пәндерді оқуда да үлкен көмегін тигізетінін ескерген жөн. Сондықтан әрбір сабақта оқушы өз логикасымен ойланып, практикалық немесе графикалық жұмыс істегені дұрыс. Бұл ретте бірыңғай графикалық, болмаса практикалық жұмыспен шектелуге болмайды. Терең теориялық біліммен қаруланған оқушы, практикалық білімді тығыз ұштастыру арқылы ғана графикалық сауатты бола алады. Әртүрлі тәсілдермен орындалған түрлі сызбаларды, графикалық кескіндерді, схемаларды еркін оқи да, орындай да білген оқушы осы пәнді толық игереді.
Кез келген практикалық тапсырма оқушылардың кеңістіктегі затты көз алдына елестетуін дамытуға, танымдылығын арттыруға, олардың білім өрісін кеңейтуге ықпал жасауы керек. Осындай әдістер оқушылардың өтілген материалдарды есте сақтай отырып, олардың ойлану қабілетін, айналаны қоршаған әртүрлі формадағы көріністерге басқаша қарай білуіне, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік туғызады. Оқытушының сызбалардың дамуы, олардың қандай себептермен өзгеріске ұшырағаны, сызбаларды көрмеудегі өзгерістер туралы қызықты тарихи әңгімелері, оқушылардың білімін жан-жақты арттырып, оларға тәрбиелік мән береді.
Арайлым РУСЛАНҚЫЗЫ,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі.