Қызылжар Абай орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне арналған “Мәңгілік елдің ұлы – Абай” атты облыстық семинар өтті. Семинарға өңір аудандары мен Петропавл қаласының жоғары білікті педагогтары қатысты.
Жиын барысында Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлттық руханият пен білім беру жүйесінің маңызды мәселесі ретінде көтеріп, оны жүзеге асырудың тетіктері қарастырылды. Мектеп директоры Алмагүл Ермағамбетова білім ордасының тарихына шолу жасап, семинардың маңыздылығы мен мақсатын атап өтті. Ал мектебіміздің жас маманы Марина Мелихова қонақтарға экскурсия жүргізіп, білім ошағының материалдық базасымен таныстырды. Жаңа білім беру әдістемелеріне негізделген тәжірибелік жобаларды көрсетті.
Мәңгілік елдің болашағы – саналы ұрпақ. Ал оларды тәрбиелеу – білімді, шығармашыл педагогтардың қолында. Семинар барысында 5 және 10 сыныптарда ашық сабақтар ұйымдастырылды. Бұл сабақтарды мектебіміздің тәжірибелі, сарапшы санаты бар педагогы Перизат Молдағожина мен жас маман Раушан Сәденова өткізді. Олардың инновациялық әдістерді пайдалану деңгейі қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Ұстаздардың сабақта жаңа технологиялар мен білім беру әдіс-тәсілдерін қолдануы оқушылардың белсенділігін арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше ықпал етті.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ғалым Нұрғожин ұйымдастырған “Адамның мінезін өзгертуге бола ма?” атты шеберлік сағатының да шәкірттерге берген тағылымы мол болды. Бұл шарада Абайдың адамгершілік, мінез-құлық туралы ойлары негізінде, тұлғаның дамуы мен тәрбиесіне қатысты көптеген мәселелер қозғалды. Қатысушылар жақтаушы мен даттаушы болып екіге бөлініп, өзара пікір алмасып, оқушылардың бойына өмірлік маңызды құндылықтарды қалай сіңіру қажеттігін талқылады. Мұғалімдер Абай атамыздың шығармашылық мұрасы мен философиялық ойларының маңызын жоймағанына тағы бір мәрте көз жеткізді. Ұлы Абайдың терең ойлары мен өмірлік қағидалары заманауи білім беру жүйесіне бағыт-бағдар беріп, педагогтарға үлкен шабыт сыйлады. Семинар соңында білікті маман Баянды Жүкенова оқушылармен танымдық іс-шараларда, сабақта қолдануға болатын әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара поэзия сағатына ұласты. Мектеп оқушылары Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін жатқа оқып, күй тартты. Семинар өте жемісті өтіп, қатысушылардың білім беру жүйесіндегі жаңа әдіс-тәсілдерге деген қызығушылығын оятты. Бұл бастама болашақта да жалғасын таппақ.
Раушан СӘДЕНОВА,
Қызылжар Абай орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.