Қазақстанда еңбек күні 2013 жылдан бастап қыркүйек айының соңғы жексенбісінде кеңінен аталып өтіледі. Ондағы мақсат- жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы шеңберінде еңбек өнімділігіне ынталандыру, жас буынды масылдық пиғылдан арылту, еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету, отбасылық әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін, ұрпақтар арасындағы жарасымды сабақтастықты, рухани құндылықтарды насихаттау, қарапайым жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру. Президент “Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. Мен Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына кәміл сенемін”, – деген болатын.
“Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау міндеті қойылды. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы келетіні ерекше атап көрсетілді. Бұл ұстаным “Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс” қағидатына толық сай келері күмәнсіз. Кез келген елдің басты байлығы – адам, оның қоғамдағы орны мен ұлт байлығын еселей түсуге қосатын жеке үлесі, мұны мемлекет өркендеуінің басты факторларының бірі десек, қателеспейміз. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ғана ұлт сапасын арттырады, қоғамнан лайықты бағасын алады. 2016 жылдан бастап елімізде жыл сайын еңбек күніне және еңбек адамын марапаттауға арналған “Еңбек жолы” республикалық конкурсын өткізу дәстүрі орныққан. Биыл Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен жиында еңбек күнін мерекелеудің кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Облыс және аудан орталықтарында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 233 кәсіпорын қатысып, 2600-ге жуық қызмет түрі ұсынылды. Ашық есік күндері кездерінде 56 адамға еңбек заңдары мен нормаларына қатысты кеңестер берілді. Түрлі байқаулар аясында, сондай-ақ “Менің жетістігім – менің нәтижем” тақырыбы бойынша үздік еңбек тәлімгері, үздік жас жұмысшы конкурстары, спорттық турнирлер, сынып сағаттары, дәрістер өтті, сюжеттер, роликтер көрсетілді, ақпараттық материалдар ұсынылды. Қайырымдылық акциясы шеңберінде еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің аулаларын тазалауға, бақшалық өнімдерін жинауға атсалысылды. “Радуга” ЖШС-да “Адал азамат – адал еңбек” тікелей телемарафоны бастау алды.
Еңбек кодексінде еңбек адамының мәртебесін көтермелеуге, еңбек заңдылықтарының қатаң сақталуына айрықша көңіл бөлінген. Әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар. Облыстық еңбек инспекциясы департаменті еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыра отырып, өндірістік жарақаттану себептеріне талдау жүргізеді, оның профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді, ұжымдық шарттардың орындалуын қадағалайды, көзделген тәртіп пен келісімдердің орындалуын талап етіп, еңбек құқықтарының қорғалуын реттеп отырады. Жыл басынан бері 216 кәсіпорын мен ұйымның қызметі тексеріліп, еңбек заңдылықтары бойынша – 105, еңбек қауіпсіздігін сақтау қатынасында 45 заңбұзушылық анықталды. 72 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 13,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. 251 жұмысшыға берешек 63,2 млн. теңге жалақы қайтарылды. Осы уақыт ішінде 18 өндірістік жарақат алу оқиғасы тіркеліп, 2 адам қайтыс болды.
Азат КӨШЕРБАЕВ,
облыстық еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары.