«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҒАЛІМ ЖАСАҒАН САБЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

XX ғасырдың 70-жылдары Жапонияның ауыл тұрғын­дары немесе белгілі бір кәсіп­кер­лері бәсекеге қабілетті өнім жасап, оны ішкі нарыққа ұсыну­ды бастаған. Осылайша олар табысқа жетіп, бизнес саласы­ның қыр-сырын меңгерген. Жа­пон халқының еңбекқорлығына бұл жоба қосымша серпін беріп, елдің дамуының сәтті кезеңде­ріне өз үлесін қосқан. Яғни ха­лықтың әлеуетін арттыруда “Бір ауыл – бір өнім” бастамасы үл­кен рөл атқарған. Бұл жоба тек қағаз жүзінде емес, болашаққа бағытталған нақты әрекет еді. Бір ауыл бір өнім шығаруды үйренсе, ол ертең пайда әкелетін табыс көзіне, өңірлік бизнеске айналады. Өңірлердің күшеюі арқылы бүкіл елдің экономика­сы нығаяды. Бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, бүгінгі күн­ге дейін жетіп отыр. Қазіргі таң­да жоба әлемнің 30-дан астам елін­де жүзеге асырылуда.

Жоба біздің елімізде де жалға­сын тауып, 2022 жылдан бері Ұлттық экономика министр­лігі қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоба аясында іс-шараны ұйымдасты­ру, жәрмеңкелердің өтуіне мұ­рындық болу міндеті жүктелген. Аталған жобаға шағын және ор­та кәсіпкерлік субъектілерінің барлық өкілі мен іскерлік қабілеті бар кез келген тұрғын қатыса алады. “Бір ауыл – бір өнім” жо­басы жергілікті шикізаттан өнім өндіруді, сол аймақтың өзінде кәсіпкерлік саласын дамытуды көз­дей­ді.

Жуырда өңірде бұл бастама­ның негізінде “Бір ауыл – бір өнім” атты іс-шара ұйым­дас­ты­рылып, жобаға қатысушы кәсіп­керлер өз өнімдерін ар­найы өткен жәрмеңкеде жұртшы­лыққа таныс­тырды. Кәсіп­кер­лердің әлеуетін арттыру, жергі­лікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, ел­ді мекендерде жұмыс орында­рын ашуға бағытталған баста­маға биыл 24 кәсіпкер қатысты. Олар өз өнімдерін облыс орта­лы­ғында өткен көрмеге қойды. Нәтижесінде 10 қатысушы келе­сі кезеңге жолдама алып, оның 7-і жобаларын аймақтық бренд комитеттің алдында қорғады. Қазылар алқасына құрт, тосап, ара шаруашылығы, жүн және ешкі сүті өнімдерімен өзге де тауар түрлері ұсынылды. Жобада кір сабын шығаратын “Бе­реке” жеке кәсіп­керлігінің иесі Гүлстан Жарас­баева топ жарды. Ол – Есіл ау­даны №3 Явленка орта мекте­бінің мұғалімі.

Гүлстан Каменқызы Есіл ау­да­ны Бұлақ ауылында дүниеге келген. Петропавл педагогика­лық институтын бітірген.  Бі­раз уақыт білім бөлімінде әдіс­кер, әдістемелік кабинет мең­герушісі болып жұмыс істепті. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысады. Сабын жасау идея­сын ұстазға әріптесі ұсынған.

– Сабын – бұл тиімділігі, ұзақ сақтау мерзімі және төмен баға­сының арқасында сұранысқа ие әмбебап тазалық құралы. Оны жасаудың көптеген жолдары бар. Өңірде сату мүмкін­дігін зерттеп, сабын өндіру кәсібі көп күш қажет етпейді деген қо­рытындыға келдім, – дейді ұс­таз.

Ұстаз жасаған хи­мия­лық қос­пасы жоқ сабындар эко­ло­гия­лық тұрғыдан тазалығымен ерек­шеленеді екен.

– Гипоаллергенді өнімді күн­делікті тұрмыста хош иісті сабын өнімдерді пайда­ла­намын. Мә­се­лен, лимон денеге балғын­дық, құра­мындағы С дәрумені ағзаға нәр береді. Екінші түрі – ақжел­кен қосылған сабын. Оның құра­мында дәру­мендер топ­тамасы бар. Ақ­желкенді кеп­тіру ар­қылы жа­салған сабынды жаңа туған нәрестеге де, кез келген жаста­ғы адамға да пай­далануға болады. Ал өнімге қосы­латын эфир майы хош иіс береді, – дейді ол.

Маман сабын өндірісімен  2023 жылдың сәуір айында ай­налыса бастаған. Ол кәсібін кеңейтуді, алдағы уа­қытта сұ­йық сабын шығаруды жоспар­лап отыр.

– Бұл сабындарды Явлен­кадағы дүкендерден сатып алуға болады. Құны – 250 тең­ге. “Бір ауыл – бір өнім” кон­курсына қатысуға Есіл ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрлан Ержасов ұсы­ныс жасаған болатын. Со­дан кейін облыстық кәсіпкер­лер палатасымен жұмыс істе­дік. Бұл жобаға қатысқаныма өкін­бей­мін, – дейді ұстаз.

Мұғалім алдағы уақытта оқу­шы­ларды тұрмыста қолда­ны­латын экологиялық таза өнім­дер жасауға баулу арқылы осы салаға қызықтыруды көздеп отыр.

Облыстық кәсіпкерлер па­ла­тасының директоры Есжан Оразалиннің сөзінше, жеңім­паз­дарды іріктеу оңайға соқ­паған. Ең алдымен кәсіпкер­лердің жергілікті шикізатты пай­далануына және қолмен жұмыс істеуіне назар ауда­рылыпты. Өнім­нің әрленуіне, қапта­масы­на және оның аймақ­тық сипат­тамаларына да мән бері­ліп, ішкі және сыртқы на­рыққа шығу мүмкіндігі де тара­зылан­ды. Со­нымен қатар тәжі­рибесі мен коман­дасы есепке алынған. Ал жоба­ның жеңім­пазы мен жүл­де­гер­леріне жан-жақты, атап айтқан­да, марке­тологтар өнім­дерді брендтеу, сертификаттау және экспортқа шығару бойын­ша ба­рынша көмек көрсетуге әзір.

 Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp