Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны салдарын жою жұмыстарын аяқтау мәселесі қаралды. Отырыста тиісті министрліктердің басшылары мен бірқатар өңірдің әкімі баяндама жасап, күн тәртібіндегі тақырып бойынша түсініктеме берді.
Əр мекеменің міндеті нақтыланды
Үкімет басшысы еліміздің 12 өңірі зардап шеккен биылғы су тасқынының ауқымы туралы айтты. “Жағдайды Мемлекет басшысы өзінің жеке бақылауында ұстап отыр. Апатпен күресуге қолдағы барлық ресурс пен күш жұмылдырылды. Жауапты органдардың, ірі бизнес өкілдерінің, белсенді азаматтар мен еріктілердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ауқымды жұмыс жүргізілді. Зардап шеккендерге қажетті медициналық жəне психологиялық көмек көрсетілді. Адамдар уақытша баспанамен, тамақпен жəне күнделікті өмірге қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бүкіл халық болып Мемлекет басшысының Үндеуіне құлақ асып, су басқан өңірлерге қол ұшын созды. Зардап шеккен отбасылар біржолғы төлем алды”, – деді ол. Келтірілген залалды бағалау жұмыстарынан соң қираған немесе бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді. Сонымен қатар отбасыларға 9 мыңнан аса үйді жөндеуге қаражат төленіп, нарықтан 6 мыңға жуық пəтер мен үй сатып алынды. Бүгінгі таңда 2 576 үй салынды, Ақмола жəне Батыс Қазақстан облысындағы 104 нысанда жұмыс бітуге жақын.
Премьер-министр жаңа тұрғын үйлер құрылысын тез аяқтап, тұрғындарға тапсыру қажеттігіне назар аударды. “Қиын-қыстау кездегі адамдардың эмоцияларын түсінеміз. Кейбір тұрғындар тарапынан өтемақы сомасына, шығынды анықтау, баспана таңдау жəне жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтар туындады. Əр проблеманы жеке алып қарауға тырыстық. Қабылданып жатқан шаралар зардап шеккен əр отбасының пікірін барынша ескере отырып, іске асырылып жатыр. Бүгінде кейбір азаматтарда сұрақтар мен проблемалар болуы мүмкін. Сондықтан əкімдіктерге жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың мəселелерін шұғыл қарап, шешуді тапсырамын”, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол су тасқыны салдарын жоюда көмек көрсеткен белсенді азаматтарға алғысын білдірді. Гидротехникалық құрылыстар мен инфрақұрылымды уақытылы дайындауды қамтамасыз ету керек екенін айтты. “Жұмыс қарқынын бəсеңдетпей, гидротехникалық құрылыстар мен инфрақұрылымды алдағы көктемге уақытылы дайындауды қамтамасыз ету маңызды. Бөгеттер, тоғандар жəне басқа да нысандар қазіргі талаптарға сай болуға тиіс. Бұл – өңір əкімдіктері мен мүдделі министрліктердің аса маңызды міндеті. Жалпы су тасқыны салдарын жою кезінде барлық негізгі міндет орындалғанын атап өткім келеді. Бұл ешкімге де оңай тиген жоқ. Тиісті қорытынды шығарып, алдағы уақытқа алдын алу шараларын айқындадық. Біздің мақсатымыз – табиғи апаттар мен катаклизмдерден келетін шығынды барынша азайтып, оған қарсы тұрудың тиімді жүйесін құру”, – деді Үкімет басшысы.
Сөйтіп, министрлер кабинетіне бірқатар тапсырма берді:
– өңір əкімдіктері мен мүдделі мемлекеттік органдар инженерлік жəне көлік инфрақұрылымын, əлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіс.
– Су ресурстары министрлігі облыс əкімдерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен салуды белгіленген мерзімде аяқтасын.
– Цифрлық даму министрлігі 2025 жылғы ақпан айының соңына дейін министрліктер мен əкімдіктердегі мамандарды оқыта отырып, “Су тасқындарын болжау жəне модельдеу” ақпараттық жүйесін ендіруді қамтамасыз етуге тиіс.
– Төтенше жағдайлар жəне Экология министрліктері 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін осы жүйені қажетті деректермен толықтыруды қамтамасыз етсін.
– өңір əкімдері биыл күздің соңына дейін елді мекендер айналасында топырақ үю, құбырлар мен арықтарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды тексеру жəне су жіберу каналдарын дайындау жұмыстарын жүргізу қажет.
Төтенше жағдайлардан қорғау күшейеді
Отырыста Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Əрінов төтенше жағдайға дайындықты күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. “Президент елімізде болған ірі су тасқынын жоюда адам өліміне жол бермеуді жəне халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осыған байланысты министрлік барлық күш пен құралдарды төтенше жағдай аймағында қалған халықты тез арада эвакуациялауға жəне авариялық-құтқару жұмысын жүргізуге жұмылдырды”, – деді ол. Оның айтуынша, құтқару жұмыстары қолайсыз ауа райы жағдайында жəне қиын жерлерде жүргізілді. Апат орын алған аймақтарда инженерлік техника мен əуе көлігінің жетіспеушілігі қатты сезілді. Тартылған техниканың басым бөлігі сапасыз əрі ұзақмерзімді жұмыстарды жүргізуге жарамсыз болатын. Осыған байланысты көп күш пен құралды күш құрылымдарының темір жол эшелондарымен жəне əуе кемелерімен жөнелту жүргізілді. “Ақтөбе, Ақмола жəне Солтүстік Қазақстан облысындағы өзендер арнасынан асып тасуына байланысты Қорғаныс министрлігінің понтон көпірлерін орнату талап етілді. Бұл – халықты дер кезінде эвакуациялауды, азық-түлік пен дəрі-дəрмек жеткізуді қамтамасыз ету мүмкіндігін бер ді”, – деді министр.
Онда мəлім болғандай жергілікті жерлердің тасқын судың көлемі мен олардың салдарына дайын еместігі анықталды. Зардап шеккен аймақтардағы бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру мен үйлестіруі əлсіз жүргізілді, – деді Шыңғыс Əрінов.
Əр сала міндетін орындайды
Өнеркəсіп жəне құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған 2 576 үйдің құрылысы аяқталғанын хабарлады. Министрдің айтуынша, су тасқыны салдарынан 224 елді мекен, 17 603 тұрғын үй зардап шекті. Барлық ғимаратқа техникалық тексеру жүргізілді. “Тексеру қорытындысы бойынша 9 156 үй жөндеуден өтті. 8 447 үй қалпына келтіруге жатпайтын болып танылды. Нəтижесінде, нарықтан 5 767 үй мен пəтер сатып алынды. 2 680 жаңа үйдің құрылысы басталды”, – деді ол. Министр жаңа тұрғын үй салу алаңдарын таңдау барысында оларды келешекте су басудан шектеу мақсатында жергілікті жердің рельефтері мен ландшафты ескерілгенін атап өтті. Бүгінде 2 576 үйдің құрылысы аяқталды. “Құрылыс жұмыстарына цифрлық құралдар арқылы күнделікті мониторинг жүргізу мақсатында министрлік жанында Ахуалдық орталық құрылды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мақсатында əр өңірдегі құрылыс алаңдарына министрліктің жəне су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілді”, – деді министр.
Сондай-ақ Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің “Əлеуметтік көмек” ақпараттық жүйесі залалды өтеу бойынша өтініштерді қабылдау жəне өңдеу үдерісін ұйымдастыруына елеулі үлесін қосты. Цифрлық даму министрлігі мобильдік қосымшалар арқылы залалды өтеу өтінішін беруді қысқа уақытта ұйымдастырып, тиісті құжаттар болмаған жағдайдың өзінде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды.
Сонымен қатар əкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың үйлестіруі нəтижесінде еңбек жəне материалдық-техника ресурстары барынша тартылды. Мəселен, 8 мыңнан астам адам жəне 700 бірлік техника жұмылдырылды. “Өз кезегінде, зардап шеккен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге атсалысқан бизнес өкілдері, құрылыс компаниялары мен құрылысшылар, қайырымдылық қорлары, еріктілер мен еліміздің барлық жанашыр азаматтарының белсенді жұмысын ерекше атап өтеміз. Бұл залалмен күрес, еліміздің тұтастығын айқын көрсетті”, – деді ведомство басшысы.
(“Egemen Qazaqstan”,
25 қыркүйек 2024 жыл).