19-20 қыркүйек күндері Қытайдың Шэньси провинциясының Ян лин қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері ауыл шаруашылығы университеттері ректорларының форумы өтті.
Форум жұмысы ауыл шаруашылығы ғылымының кешенді дамуына және ШЫҰ елдеріндегі ғылыми-техникалық прогреске бірлесіп жәрдемдесуге бағытталған. Ауқымды шараға цифрландыру жағдайында аграрлық білім берудің жаңа сын-қатерлері мен перспективаларын талқылау үшін 9 елдің 30 университеті мен ғылыми институттарының 80-нен астам өкілі жиналды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ делегациясын инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейісова мен агротехнологиялық факультет деканы Алтын Шаяхметова бастап барды.
Форум аясында Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы және білім беру орталығының ашылу салтанаты өтті.
Биыл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Шәкәрім университеті және Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті арасында Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы және білім беру орталығын бірлесіп құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл келісім университеттердің ғылыми байланыстарын нығайту мен кеңейтудің негізі саналады.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ Қытайдың жоғары оқу орындарымен жеті жылдан астам уақыттан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Оның аясында ғылыми жобалар мен магистратураның қос дипломды бағдарламалары іске асырылуда. Қытайлық ғалымдар Қызылжар өңірінің ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістіктеріне оң бағаларын берді.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstık Qazaqstan”.