Облыста 5 мыңнан астам жалғызілікті зейнеткер тұрады. Оның басым бөлігі – көмекке мұқтаж. Қарттар айлығында тұрмыс жағдайы нашар, мүгедектігі бар егде жастағы адамдар ерекше назарға алынбақ.
Облыстық ардагерлер кеңесінің мәліметінше, өңірде тұрып жатқан 102 456 зейнеткердің 44 мыңға жуығы Петропавл қаласының тұрғыны. 556 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді, сондай-ақ 14 өңірлік ардагерлер кеңесі бар.
Мерекеге орай биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы ашық есік күнін өткізуді жоспарлап отыр. Ашық есік күнінде қарттардың денсаулықтарын тексеруге, медициналық көмек алуға жағдай жасалынбақ. Қажет болған жағдайда, медициналық мамандар аға буын өкілдерінің үйлеріне арнайы барып, қызмет көрсетеді.
“Биыл облыс бойынша көмекке мұқтаж 96 қарттың бар екенін анықтадық. Оларға бір реттік көмек көрсетумен шектелмейміз. Қайырымды жандардың қолдауының арқасында қарттар өмір бойына қамқорлыққа алынады. Бұл қанатқақты жобаға қол ұшын созуға әзір жандар аз емес”, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Мерекеге орай түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру да жоспарланып отыр. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылмақ.
“Қарттар – елдің қазынасы. Бұл күні жастар өздерінің егде тартқан ата-аналарын қуантып, құрмет көрсетсе, сый-сияпат үлестірсе артық болмайды. Жасы ұлғайған жандар жылы сөз бен мейірімге мұқтаж болады. Олар барда отбасында береке де, бірлік те бар. Сондықтан қазақ жастарына әке мен шешені аялаудың парыз екенін айтудан жалықпаймыз. Қарттарға қамқорлық қанатты қағидаға айналуы тиіс”, – дейді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.