«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКІМ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУЫ ТИІС!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында бар­­лық деңгейдегі әкім­дер­дің қатысуымен кеңес өт­ті. Жиынға өңір бас­шы­сы Ғауез Нұрмұхамбе­тов, ау­дандық, ауылдық ок­руг­тердің әкімдері және құ­қық қорқау органдарының қыз­мет­кер­л­ері қатысты. Жи­на­лыс­ты ашқан Ғауез Тор­санұлы тұрғындардың хал-ахуалын білу, кез кел­ген жағ­дайда жедел әре­кет ету барлық деңгейдегі әкімдер­дің басты міндеті еке­нін атап өтті.

Сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы іс-қимыл агент­тігі облыстық департаментінің бас­шысы Ас­хат Жақыпбеков өңірдегі жем­қорлықпен күрес, оның алдын алу мәселелеріне тоқталды. Оның сөзінше, үгіт-насихат жұ­мыстарын, талдау­лар мен мо­ни­торингтер жүргізу арқылы заң бұзушылықтардың алдын алуға болады. Мемле­кеттік органдар жұмысының ашықтығы да ма­ңызды. Цифр­лық технология­лар арқылы ақ­паратты жария ету азаматтар­дың сенімін арт­тырады. Өткен жылы өңірде жем­қорлық үшін бірнеше ше­неунік істі болған. Мәселен, был­тыр Қызылжар ауданындағы Пе­терфельд ауыл­дық округінің әкі­міне сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін параның он есе­ленген көлемін­де айыппұл салынған. Орын­далған жұмыс­тар туралы актіге қол қойып, “мемлекеттік сатып алуда же­ңілдік жасаймын” деп кәсіпкер­ден 200 мың теңге ақша алған Мағжан Жұмабаев ауда­ны әкі­мінің орынбасары да ұс­тал­ған. Асхат Жақыпбеков бюд­жет қаржы­сын игеру, мемле­кет­тік са­тып алу, лицензия берудегі жем­қорлық тәуекелдері жоғары еке­нін айтты. Бүгінде жемқорлық­пен күресті жетілдіру үшін агенттік дайындаған заң жоба­сы Мәжіліске жолданған.

Ауылдық округ әкімдерінің басты міндеті елді мекендерді да­мыту екені анық. Аталған та­қырып бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев баяндама жасады.

– Ауылдық округтер мен ау­дандық маңызы бар қалалар­дың бюджетін жергілікті басқару орындарына беру жақсы нәти­же көрсетті. Былтыр облыс бойынша төртінші деңгейлі бюд­жет түсімі 3 млрд. теңгеге жетті. Ауылдардың дамуы ондағы ша­ғын және орта бизнестің өркен­деуіне тікелей байланысты. Биыл субсидиялау құралда­ры, несиелерге кепілдік беру, және шағын гранттар тағайын­дау үшін жалпы 11,9 млрд. теңге бөлінді. Елді мекендердегі білім берудің қолжетімділігі мен са­пасын арттыру – басты мәселе. Бюджеттің үштен бір бөлігі білім беру саласына бағытталған. 53 білім беру нысанын күрделі жөн­деуге 6,1 млрд. теңге бөлінген. Былтыр ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарла­масы бойынша өңірде 8 нысан бой көтерді. 38 нысанның құры­лысы әлі жалғасуда, – деген Қа­нат Дүзелбаев мәдени және спорттық инфрақұрылымды да­мыту көрсеткіштеріне де тоқ­талды.

Біздің облыс – жолдардың ұзындығы бойынша елімізде екінші орында. Биыл 878 шақы­рым жолды жөндеу жос­пар­ланған. 51 ауылдағы көше­лерді жөндеуге 8,2 млрд. теңге қарас­тырылған.

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов өз сөзіне есірткімен күрес мәселесін ар­қау етті. Оның айтуынша, өңір­де есірткіге қарсы насихат жұ­мыстары мардымсыз жүргізілу­де. Жоспарланған іс-шаралардың көбі есеп үшін өткізіледі. Есірткімен күресте ақсақалдар мен жастар ұйымдарының бел­сенділігі төмен.

Облыстық экономика бас­қармасының басшысы Қалижан Қуанышбаев ауыл халқының әл-ауқатын арттыру туралы айт­ты. Басқарма басшысының ай­туынша, жыл басынан бері өңір­де 11 мың уақытша және тұрақ­ты жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін 6 мыңдай жасты жұмысқа орналастыру жоспар­ланып отыр. Биыл өңдеу өнер­кә­сібінде қолға алынған 11 жо­баның нәтижесінде нақты сек­торда 700 жұмыс орны ашылмақ. Агрөнеркәсіп саласындағы жобалар да жұмыссыздық көр­сеткішін межеден асырмауға септесуде. Биылғы жарты жыл­дағы жұмыссыздық деңгейі – 3,6 пайыз. Жүргізіліп жатқан ша­раларға қарамастан ауылдардағы ағайынның табысы әлі де төмен. Ауыл шаруашылығы са­ла­сындағы орташа жалақы жал­пы облыстық көрсеткіштен 20 пайызға аз. Шаруашылықтар­дағы жұмыстың оңтайланды­рылмауы, еңбек өнімділігінің тө­мендігі, әртараптандырудың жоқтығы тұрғындардың табы­сы­на ғана емес, өңір халқын азық-түлікпен қамтуға да кері әсерін тигізіп отыр. Жыл сайын облысымыз импорт есебінен 65 млрд. теңге жоғалтады. Мәсе­лен, өңіріміз өзін-өзі құс етімен 46, шұжық өнімдерімен 22, ірім­шікпен 21, қарақұмықпен 20 пайыз ғана қамтамасыз етуде. Бұл – өте аз көрсеткіш.

Мемлекет басшысы келер жылды жұмысшы мамандық­тарға арнағаны белгілі. Өндіріс пен шаруашылықтарға қажетті мамандар тарту – елді мекен­дерді дамытудың басты тетігі. Аталған салаларға кадр даяр­лау туралы облыстық білім бас­қармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова баян етті.

– Өңірде 24 колледж жұмыс істейді. Оның бесеуі – жекемен­шік. Онда 70 мамандық бойын­ша 11 мыңнан астам студент бі­лім алуда. Биыл жұмысшы ма­мандықтар бойынша 1347 мың адам оқуын аяқтады. Түлектер­дің 71 пайызы жұмысқа орна­ласты. 8 колледжде ауыл ша­руа­шылығы, құрылыс, көлік, энер­гетика және машина жасау салалары бойынша орталық­тар жұмыс істейді. 349 кәсіп­орын дуалды оқыту бойынша бі­лім беру ұйымдарымен серік­тестік орнатқан. Инклюзивті бі­лім беру бағытында кәсіби даяр­лау және қызмет көрсету колледжі ашылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала­лар­ға арналған мектеп-интернатпен бірлесе жұмыс істеп ке­леді. Биыл мектеп-интернатқа қажетті құрылғылар сатып алы­нып, зертхана мен шеберхана­лар ашылды. Онда балалар ара, мал шаруашылығы, тігінші­лік сияқты мамандықтарды мең­гере алады, – деді басқарма бас­шысы.

Бұдан былай әкімдер жұмы­сын бағалауда жағдайы төмен отбасылар тұрмысының түзелуі есепке алынбақ. Осы санаттағы отбасылардың әл-ауқаты 5 ка­те­гория бойынша қаралады. Аталған өзгерістер туралы об­лыстық жұмыспен қамтуды үй­лестiру және әлеуметтiк бағ­дарламалар басқармасының бас­шысы Ринат Елжасов айтып берді.

Төмен категориядағы отба­сылардың азаю көрсеткіші өңір­лердің әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттауда да пай­даланылады. Деректерге сүйенсек, өңірде тәуекел тобы­на жататын 48 мың отбасы тұ­рады. Бұл жұмыстарды ширату үшін облыс пен аудандарда ар­найы штабтар құрылған. “D”, “Е” санатындағы отбасылар үлесін азайту бойынша әкімдердің рей­тингі жасалған. Әкімдер мансап орталықтарымен бірлесіп мұн­дай санаттағы отбасы мүшеле­рін жұмыспен қамтуға, оқытуға және кәсіп бастауына көмекте­суі тиіс.

Есіл ауданының әкімі Мере­ке Мұхамедияров пен Ға­бит Мү­сірепов атындағы аудан­ға қа­рас­ты Нежинка ауылдық ок­ругі­нің әкімі Мақзұм Дюселеков өз тәжірибелерімен бөлісті. “Зен­ченко және К” командиттік се­рік­тестігінің директоры Ген­на­дий Зенченко ауылдарды да­мытуда жергілікті билікпен қа­тар кәсіпкерлердің де жауап­кер­шілігі бар екенін айтты.

– Егер біз өндірісті дамытқы­мыз келсе өзімізде жұмыс іс­тейтін адамдарға қолайлы жағ­дай жасауымыз керек. Біздің ша­руашылықта 1100 адам жұ­мыс істесе, орташа жалақы 380 мың теңгенің маңайында. Ха­лық бір жерден екінші орынға кө­шіп, жұ­мыс іздеуден шаршады. Сон­дық­тан оларға жергілікті жер­де тұрақты жағдай жасау қа­жет. Тұрғындар өз балалары­ның бо­лашағы үшін алаңдайды. Сол үшін білім саласына мән бер­ген жөн. Біз 7 ауылға қызмет көр­се­теміз. Алғашқы кезде ша­ғын ауылдардағы мектептерге тал­дау жүргізіп, соңғы 15 жылда бір де бір түлектің оқуға түсе ал­ма­ғанын анықтадық. Бүгінде бұл ауылдардағы 94 оқушының бәрі Новоникольскоеге арнайы кө­лік­пен тасымалданады. Қазір­­гі таңда балалардың бәрі бір­дей жағ­дайда бір мектепте бі­лім алуда. Менің немерелерім де ауыл мектебінде оқиды. Был­тырғы 22 түлектің бәрі жоғары оқу орындарының гран­тын иелен­ді, – дейді кәсіпкер.

Пленарлық отырыс соңын­да еңбегімен көзге түскен әкім­дерге өңір басшысының Алғыс хаттары табысталды. Олардың қатарында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты  Не­жинка ауылдық округінің әкімі Мақзұм Дюселеков, Уәлиханов ауданы Қулыкөл ауылдық окру­гінің әкімі Бақытжан Кендір­баев, Айыртау ауданы Арықба­лық ауылдық округінің әкімі Аян Әшімов, Ақжар ауданы Восход ауылдық округінің әкімі Расул Қабдрахманов және тағы басқа әкімдер мен құқық қорғау қыз­меткерлері бар.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp