XX ғасырдың 70-жылдары Жапонияның ауыл тұрғындары немесе белгілі бір кәсіпкерлері бәсекеге қабілетті өнім жасап, оны ішкі нарыққа ұсынуды бастаған. Осылайша олар табысқа жетіп, бизнес саласының қыр-сырын меңгерген. Жапон халқының еңбекқорлығына бұл жоба қосымша серпін беріп, елдің дамуының сәтті кезеңдеріне өз үлесін қосқан. Яғни халықтың әлеуетін арттыруда “Бір ауыл – бір өнім” бастамасы үлкен рөл атқарған. Бұл жоба тек қағаз жүзінде емес, болашаққа бағытталған нақты әрекет еді. Бір ауыл бір өнім шығаруды үйренсе, ол ертең пайда әкелетін табыс көзіне, өңірлік бизнеске айналады. Өңірлердің күшеюі арқылы бүкіл елдің экономикасы нығаяды. Бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Қазіргі таңда жоба әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылуда.
Жоба біздің елімізде де жалғасын тауып, 2022 жылдан бері Ұлттық экономика министрлігі қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоба аясында іс-шараны ұйымдастыру, жәрмеңкелердің өтуіне мұрындық болу міндеті жүктелген. Аталған жобаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің барлық өкілі мен іскерлік қабілеті бар кез келген тұрғын қатыса алады. “Бір ауыл – бір өнім” жобасы жергілікті шикізаттан өнім өндіруді, сол аймақтың өзінде кәсіпкерлік саласын дамытуды көздейді.
Жуырда өңірде бұл бастаманың негізінде “Бір ауыл – бір өнім” атты іс-шара ұйымдастырылып, жобаға қатысушы кәсіпкерлер өз өнімдерін арнайы өткен жәрмеңкеде жұртшылыққа таныстырды. Кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру, жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаға биыл 24 кәсіпкер қатысты. Олар өз өнімдерін облыс орталығында өткен көрмеге қойды. Нәтижесінде 10 қатысушы келесі кезеңге жолдама алып, оның 7-і жобаларын аймақтық бренд комитеттің алдында қорғады. Қазылар алқасына құрт, тосап, ара шаруашылығы, жүн және ешкі сүті өнімдерімен өзге де тауар түрлері ұсынылды. Жобада кір сабын шығаратын “Береке” жеке кәсіпкерлігінің иесі Гүлстан Жарасбаева топ жарды. Ол – Есіл ауданы №3 Явленка орта мектебінің мұғалімі.
Гүлстан Каменқызы Есіл ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Петропавл педагогикалық институтын бітірген. Біраз уақыт білім бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі болып жұмыс істепті. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысады. Сабын жасау идеясын ұстазға әріптесі ұсынған.
– Сабын – бұл тиімділігі, ұзақ сақтау мерзімі және төмен бағасының арқасында сұранысқа ие әмбебап тазалық құралы. Оны жасаудың көптеген жолдары бар. Өңірде сату мүмкіндігін зерттеп, сабын өндіру кәсібі көп күш қажет етпейді деген қорытындыға келдім, – дейді ұстаз.
Ұстаз жасаған химиялық қоспасы жоқ сабындар экологиялық тұрғыдан тазалығымен ерекшеленеді екен.
– Гипоаллергенді өнімді күнделікті тұрмыста хош иісті сабын өнімдерді пайдаланамын. Мәселен, лимон денеге балғындық, құрамындағы С дәрумені ағзаға нәр береді. Екінші түрі – ақжелкен қосылған сабын. Оның құрамында дәрумендер топтамасы бар. Ақжелкенді кептіру арқылы жасалған сабынды жаңа туған нәрестеге де, кез келген жастағы адамға да пайдалануға болады. Ал өнімге қосылатын эфир майы хош иіс береді, – дейді ол.
Маман сабын өндірісімен 2023 жылдың сәуір айында айналыса бастаған. Ол кәсібін кеңейтуді, алдағы уақытта сұйық сабын шығаруды жоспарлап отыр.
– Бұл сабындарды Явленкадағы дүкендерден сатып алуға болады. Құны – 250 теңге. “Бір ауыл – бір өнім” конкурсына қатысуға Есіл ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрлан Ержасов ұсыныс жасаған болатын. Содан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасымен жұмыс істедік. Бұл жобаға қатысқаныма өкінбеймін, – дейді ұстаз.
Мұғалім алдағы уақытта оқушыларды тұрмыста қолданылатын экологиялық таза өнімдер жасауға баулу арқылы осы салаға қызықтыруды көздеп отыр.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалиннің сөзінше, жеңімпаздарды іріктеу оңайға соқпаған. Ең алдымен кәсіпкерлердің жергілікті шикізатты пайдалануына және қолмен жұмыс істеуіне назар аударылыпты. Өнімнің әрленуіне, қаптамасына және оның аймақтық сипаттамаларына да мән беріліп, ішкі және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі де таразыланды. Сонымен қатар тәжірибесі мен командасы есепке алынған. Ал жобаның жеңімпазы мен жүлдегерлеріне жан-жақты, атап айтқанда, маркетологтар өнімдерді брендтеу, сертификаттау және экспортқа шығару бойынша барынша көмек көрсетуге әзір.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.