Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингтің тақырыбы “Табиғи монополиялар саласындағы заңнама жаңалықтары” деп аталды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті заңнаманың сақталуын бақылау және талап арыз жұмысы бөлімінің басшысы Вячеслав Лукинов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне заңнама талаптарын түсіндіріп берді.
Табиғи монополиялар туралы заңнаманы жетілдіру мақсатында биылғы жылдың екінші жартыжылдығында “Табиғи монополиялар туралы” Заңға жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттелетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
– Заңда электр энергиясы құнының өзгеруіне байланысты ТМС тарифін уақытылы өзгерту мақсатында жылу энергиясын беру және бөлу саласы үшін электр энергиясын стратегиялық тауармен айқындау, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына техникалық сараптама жүргізу сияқты өзгерістер бар, – дейді маман.
Бұдан бөлек, заңда мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде ақпаратты орналастыру арқылы тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың немесе апаттардың алдын алу үшін шұғыл жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында бекітілген тарифтік сметада шығындар баптарын өз бетінше қайта бөлу құқығын беру, өңірдегі экономикалық қызмет түрлеріне байланысты қызметкерлердің орташа айлық жалақысының өзгеруі негізінде бекітілген тарифті қайта қарау мерзімдерін қысқарту сынды жаңашылдықтар енгізілген.
– Бүгінгі күні жеке тұлғаларды ресурс үнемдеуге ынталандыру мақсатында электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау салалары бойынша тұтынудың әлеуметтік нормалары бекітілді. Жеке тұлғалардың тұтынуы үшін ресурстардың объективті қажетті көлемі ескерілетін болады. Бекітілген нормалардан артық тұтынылған жағдайда тарифтер мен бағалар қайта қаралады. Коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде халықтың әлеуметтік осал топтарының мүдделерін қорғау мәселелері қайта пысықталмақ, – деді Вячеслав Лукинов.
Сумен жабдықтау саласында 3, 5 және 10 текше метрге дейінгі лимит орнату көзделеді. Бұл шектен асқан кезде тұтынушы суды пайдаланғаны үшін жоғары баға төлеуге міндеттеледі. Бір тұрғынға үш текше метрге дейін тариф белгіленеді, 5 текше метрден асқан жағдайда басқа тариф белгіленеді, бірақ бұл ретте алғашқы 3 текше метр тариф деңгейі сақталады. Осыған ұқсас қағидаттар жылумен жабдықтауға қатысты да қолданылатын болады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.