«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәжірибелі темір жонушы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Зауыт алпыс жылдан астам уақыттан бері күрделі құрал-жабдықтар шығарып, бірнеше маңызды саланы керек- жарақпен қамтып отыр. Мұндағы темірден көз ілеспес жылдамдықпен қалаған дүниені жасап беретін соңғы үлгідегі білдектердің жұмысына сағаттап қарай беруге болады.

Зауытта мұнай-газ, энергетика және темір жол салаларына арналған жабдықтар шығарылады. Маңызды салаларға арналған күрделі құралдарды шығаруда қателік жіберуге болмайды. Сондықтан сапаға баса мән беріледі. Өнімнің бәрі қазақстандық сапа стандарттарына сай. Еліміздің батысындағы мұнай өндіру орындарына қажетті машиналар мен қызмет көрсету техникасының көбі осыннан шығады. Одан бөлек, бірнеше қаладағы мұнай өңдеу зауыттары да осы жерде өндірілетін қондырғыларды пайдаланады. Жылу-электр станцияларына қажетті бөлшектер де өзімізде жасалады.

Бұрын Петропавл ауыр машина жасау зауыты темір жолдарға қызмет көрсетуге қажетті бұйымдарды шығаратын жалғыз өндіріс орны болса, бүгінде елде мұндай бірнеше зауыт бар, соған қарамастан жергілікті кәсіпорын аталған салада көш бастап тұр.

Зауытта 400-ден астам маман жұмыс істейді. Өндіріс орны қаладағы колледждермен тығыз байланыс орнатқан. Осында тәжірибеден өтетін жастардың көбі кейін жұмысқа қабылданып жатады. 

Өндіріс орнындағы автоматтандыру қарқынына қарамастан мұнда адам еңбегі жоғары бағаланады. Зауытта ондаған жыл еңбек етіп, білдек шеберіне айналған білікті мамандар аз емес. Жаңа технологиялармен жабдықтау қаншалықты қарқын алса да, өз ісін білетін жандар-дың жұмысы үнемі сұранысқа ие. Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау үшін Машина жасаушылар күні қарсаңында жыл сайын кәсіби шеберлер байқауы ұйымдастырылады. Онда қырнаушылар, жонушылар мен дәнекерлеушілер өз шеберліктерін көрсетеді. Бәсекесі жоғары жарыста бірнеше рет топ жарған тәжірибелі мамандардың бірі – Сергей Липатов.

– Мен бұл зауытта 2000 жылдардан бері жұмыс істеп келемін.  Мамандықты осы зауытта меңгеріп шықтым. Үлкен кәсіпорында жұмыс істеу бала күнгі арманым еді. Өз ісінің майталмандарынан үйренгенім көп.   Бүгінде өзім де білгенімді жастармен бөлісуге асығамын. Өкінішке қарай кейінгі буын жұмысшы мамандықтарға баруға құлықсыз,– дейді шебер.

Маманның өз жұмысын әбден меңгергені көрініп тұр. Ол қарулы қолдарымен зілдей білдекті ұршықша үйіріп, темірден түрлі дүние жасауға машықтанған. 

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp