Күштік құрылым қызметкерлері болаттай шымыр болуы тиіс. Ол үшін спортқа ден қойғаны жөн. Соңғы кезде әскери салада қоян-қолтық ұрысқа ерекше көңіл бөлініп отырғаны байқалады. Өңірімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де осы спорт түрінен түрлі жарыстар өтуде. Газет оқырмандарына жеңіс тұғырынан көрініп жүрген солтүстікқазақстандықтарды таныстыра кеткен артық болмас.
Мәселен, биыл Астанада қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем біріншілігінде жерлесіміз, полиция қызметкері Ибрагим Беков чемпион атанды. Жеңіске жету үшін тәртіп сақшысы көп жаттықты. Айтуынша, кейбір айла-тәсілдерді өзге спорт түрлерімен айналысу барысында игеріп алған.
– Мен бала күнімнен аралас жекпе-жектен түрлі жарыстарға қатыстым. Ал кәсіби түрде спортпен сегіз жыл бойы айналысып келемін. Қоян-қолтық ұрыстағы кейбір айла-тәсілдер ММА спортына ұқсайды. Сол тәсілдерді пайдаланып, әлем чемпионатында топ жардым, – дейді Ибрагим Беков.
Қоян-қолтық ұрыс ережесіз жекпе-жек пен күреске ұқсас. Дей тұрғанмен, өзіндік ерекшеліктері бар. Қоян-қолтық ұрыстан облыстың аға бапкері Мирас Бірімжановтың айтуынша, бұл спорт түрімен айналысуға бел буған азамат кем дегенде спорттың бірнеше түрін игеруі тиіс. Жаттықтырушының өзі жас кезінде кикбоксингпен айналысқан. Жерлесіміз әлем чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, дүбірлі додаларда өңір намысын қорғаған.
– Қоян-қолтық ұрыс бейбіт өмірде де қажет. Менің ойымша, әрбір ер-азамат өзін және жақындарын қорғай білуі тиіс. Өзім кикбоксингпен айналыстым. Уақыт өте келе қоян-қолтық ұрысты да меңгердім. Қазір Ұлттық ұлан әскери академиясында қызмет етемін. Жас курсанттарға бұл спорт түрін үйретудемін, – дейді Мирас Бірімжанов.
Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясы – білікті офицерлер даярлайтын бірегей жоғары оқу орны. Онда болашақ сарбаздарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, спортқа да баулиды. Академияда 2000 жылдан бері қоян-қолтық ұрыстан үйірме жұмыс істейді. Сол күннен оқу орнының курсанттары түрлі жарыстарға қатысып жүр. Араларында әлем чемпионаты мен Азия біріншіліктерінде топ жарған спортшылар да бар.
– Қазіргі уақытта академиядағы қоян-қолтық ұрыс секциясында 25 курсант жаттығып жүр. Олардың барлығы ішкі іріктеуден өткендер. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтау үшін жоғары оқу орнында ішкі жарыстар өтеді. Оның нәтижесі бойынша республикалық және халықаралық турнирлерге қатысатын курсанттар анықталады. Олар академияның ғана емес, өңірдің намысын қорғауға мүмкіндік алады, – дейді қоян-қолтық ұрыстан облыстың аға бапкері Мирас Бірімжанов.
Жыл сайын өңірімізде атақты кикбоксшы Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған турнир өтетіні белгілі. Оған Ұлттық ұлан сарбаздары мен басқа әскери оқу орындарының тәрбиеленушілері қатысады. Мирас Бірімжановтың сөзінше, петропавлдық курсанттар үнемі жүлдегерлер қатарынан көрінеді. Әскери академия түлегі Сауран Арапбай ел біріншілігінде алтын олжалап, әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанғанын да айта кеткен жөн.
– Оқуды аяқтаған жас офицер Сауран Арапбай “Қырғызстан Open” турнирінде жүлдегер атанды. Қазіргі уақытта ол әскери қызметін жалғастырып, ел намысын халықаралық деңгейде қорғап жүр. Мұндай нәтижеге қол жеткізіп жүрген офицерлер көп, – деген Мирас Бірімжанов осы жылы курсанттардың бірқатары республикалық турнирлерде топ жарғанын атап өтті. Мәселен, биыл Алматыда өткен республикалық жарыста 2-ші курста оқитын Нияз Зубаиров күміс жүлдегер атанған.
– Курсанттардың кейбірі оқуын аяқтап, әскери қызметке кеткенімен, олардың орнын жоқтатпайтын жастар келуде. Қадіржан Байсеріков, Байбол Қуанышов есімді шәкірттерім Алматыдағы турнирде жүлдегер атанды, – деген Мирас Бірімжанов алдағы жоспарларымен де бөлісті. Желтоқсан айында республикалық турнир өтсе, келер жылы қоян-қолтық ұрыстан әлем біріншілігі ұйымдастырылады. Осы екі додаға да жерлестеріміз қатысады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті Ұлттық ұлан академиясының баспасөз қызметі ұсынды.