“AMANAT” партиясы жанынан құрылған халықтық штаб өкілдері АЭС құрылысына қатысты түсіндіру жұмыстарын өңірде одан әрі жалғастырып, оқу орындарын, кәсіпорындарды, аудандарды аралап жүр.
Б. Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде, көпбейінді қалалық ауруханада, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-да, металқұрылым зауытында, Солтүстік фанера комбинатында ұжым мүшелерінің қатысуымен атом энергетикасына тікелей қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Атом энергетикасының қауіпсіздігі және станса құрылысы кезінде болуы мүмкін қатерлерді болдырмау мүмкіндіктері, бұл жөнінен тәжірибенің жеткілікті екендігі, елімізде екі ірі ғылыми-зерттеу ұйымы жұмыс істейтіні, АЭС жұмысын ғылыми-техникалық жағынан зерделеу процесінде айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқаны атап өтілді.
“2025 жылға қарай энергия тұтыну мөлшері 25-30 пайызға дейін өседі. Қазіргі жылу стансаларының көпшілігінің тозуы шамамен 70 пайызды құрайтынын ескерсек, болашақта энергия тапшылығы туындауы әбден ықтимал. Сондықтан АЭС сияқты заманауи балама көздерді күні бұрын ойластыру керек”, – десті аманаттықтар.
Уәлиханов ауданындағы Қаратерек, Тілеусай ауылдары тұрғындарымен жүздесуде атом электр стансасы салынады деген күннен бастап, жұртшылықтың пікірі екіге жарылғаны, бұл орайда білікті мамандардың ой-пікірлеріне сүйенудің қажеттілігі айтылды.
Халықтық штаб мүшелері атап өткендей, басты міндет – азаматтарға референдумның ел үшін және оның болашағы үшін маңыздылығын жеткізу.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstik Qazaqstan”.