«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕПІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауында ел дамуының болашағын айқындап, әр салаға жеке-жеке тоқталды. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, осы орайда, еліміздің тұрақты дамуына кепілдік беретін жаңа тетіктерді қарастыру міндетін қойды. Кез келген істің басты өлшемі тиімділік, әрбір шешім, әрбір жоба, құйылған қаражат, ең алдымен, ел игілігіне бағытталу тиістілігіне айрықша назар аударды. Нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқаны, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін таппағаны, сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыру, бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға шашуды доғару керектігі қадап айтылды.

Мемлекет қаржысының тұ­рақ­тылығын қамтамасыз етудің жолдары аз емес. Соның бірі ре­тінде шағын және орта бизнес­тен түсетін салықты аймақтар­дың өзінде қалдыру дұрыс әрі уа­қытылы қабылданған шешім бол­ды. Бұл бастама кәсіпкерліктің өркендеуіне едәуір серпін берге­ні қазірдің өзінде айқын сезіліп отыр. Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту өте басым ұстаным ретінде күн тәр­ті­біне қойылуы ауыл шаруашылы­ғы секторын жаңа деңгейге шы­ғаратын маңызды қадам бол­мақ. Жергілікті жерлерде инвес­тициялық ахуалды және бизнес жүр­гізуге мүмкіндік беретін жағ­дайды жақсарту жолында үздік­сіз жұмыс істеудің алғышарт­та­рын үзбей қарастыра отырып, экономикаға салынатын тікелей инвестиция көлемін азайтып ал­маудың мәні айрықша.

Республиканың аграрлық сек­торына құйылатын жалпы инвес­ти­цияда облыс экономикасының драйвері саналатын ауыл ша­руа­шы­лығының үлесі 20 пайызға жуық. Жыл басынан бері ауыл ша­руашылығы өнеркәсіп кеше­ніне 59,6 млрд. теңге мөлше­рін­де инвестиция тартылды. Жыл аяғына дейін 32,7 млрд. теңгенің 18 озық жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемле­кеттік қаржы институттарын суб­си­диялау шаралары тиімділігін көрсетсе, алдағы уақытта бұл тәжірибе банктерге қатысты да қолданылмақ. Осылайша агро­өнеркәсіп кешенін тікелей суб­сидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіру бө­лінген қаражаттың мақсатты жұм­салуына игі әсерін тигізбек. Мұ­ның бәрі шаруаларды айналым­ға қажетті қаражатпен шұғыл қам­тамасыз етудің, сыбайлас жем­қорлық қатерін азайтудың және не­сие алуды оңтайландырудың басты тетігіне айналмақ. Басқа жылдармен салыстырғанда, биыл егіс науқанына жеңілдікті несие екі есе көп бөлініп, 150 млрд. теңгеге дейін жеткізілді. Нә­тижесінде фермерлер арзанда­тылған заемды ресімдеу құқығы­на ие болып, қағазбастылық, бюрократтық кедергілер әлде­қай­да азайды. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның жергілікті филиалы – 19,8 млрд. теңгенің 375, “Аграр­лық кредит корпорациясы” АҚ-ның бөлімшесі – 36,8 млрд. тең­генің 443 , “Кең Дала-1” – 23,6 млрд. теңгенің 283, “Кең Дала-2” 13,3 млрд. теңгенің 160 өтінімін қа­нағаттандырды. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясы арқылы “Кең Дала – 2” бағ­дарламасы бойынша 20,1 млрд. теңгенің 52 өтінімі қосымша ре­сімделді. “Жол картасы” бағдар­ла­масы шеңберінде астық та­нап­тарына 256 мың тонна мине­ралды тыңайтқыш сіңіріліп, ауыл шаруашылығы техникала­ры 6,1 пайызға жаңартылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы пай­даланылмай жатқан жердің оң­тайландырылған рәсім бо­йын­ша мемлекет қарамағына алы­натынын, ал жерді пайда­ла­нушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамауды, ауыл тұрғын­да­рынан мыңдаған шақырым алыс тұратын, қамқорлық жасау ойына да кіріп шықпайтын жер ие­лерінен арылуды қатаң ес­керт­кен болатын. Жер ауыл ша­руашылығы саласына инвести­ция тартудың басты кепілі екенін осы салада көп жылдан бері ты­нымсыз еңбек етіп келе жатқан солтүстікқазақстандық фермер­лер жақсы түсінеді. Бұл мәселе­де екіұшты ұстаным болмауы ке­рек. Өкінішке қарай, жер телім­де­рін қайтару жөніндегі арнайы комиссия ауыл шаруашылығы ал­қаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы бірқатар заңсыз­дық­тарды анықтады. Тексеру­лер­дің нәтижесінде былтыр 233 мың гектар иесіз және заңсыз бе­рілген жер телімдері қайтарыл­ды. Биыл қайтарылуы тиіс 140 мың гектар жердің 72,9 мың гектары мемлекет меншігіне алынып, 25 мың гектары ауыл шаруашылы­ғы айналымына енгізілді. 

Жолдауда шындыққа жанас­пайтын ақпарат беру, мәлімет­терді бұрмалау, осылайша ауыл шаруашылығындағы шынайы ах­уалды бағалауға кедергі келтіру субсидия алу үшін жасалған көз­бояушылық деп бағаланды. Егін шаруашылығында да осындай жайттардың орын алғаны белгілі болды. Биыл есептегі малдың нақты саны алынып, негізгі кем­шіліктің қосалқы шаруашылық­тар тарапынан жіберілгені анық­талды. Шаруа қожалықтары мен фермерлерге статистикалық де­ректерге мұқият болу жағы тап­сырылды. Ауыл шаруашылы­ғын субсидиялау жұмысының жергі­лікті атқарушы органдар құзыре­тіне берілуіне байланысты ин­теграцияланған субсидиялау­дың бірыңғай цифрлы платфор­масын құру 2028 жылға дейін жү­зеге асырылады. Онда сыйақы мөл­шерлемесін 6 пайыздан асыр­мау, ауыл шаруашылығы техникаларын, технологиялық жабдықтар, мал сатып алуға ли­зингтер беру, өсімдік, мал, балық шаруашылықтарын қаржы­лан­ды­ру, инвестициялық субси­дия­лау, АӨК субьектілерінің қарыз­дарына кепілдік ұсыну, сақтан­дыру шеңберінде субсидиялау жайттары ойластырылған.

Бүгінде ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұры­лым құруға “Ауыл аманаты” жо­басының тигізіп отырған ықпалы зор. Жолдауда “Amanat” партия­сы­ның бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында аза­мат­тарға түрлі ауыл шаруашы­лығы дақылдарын өсіруді үйре­тетін орталық ашылғаны, бұл тә­жі­рибені басқа аймақтарға та­ратуды ойластыру мысал ретінде келтірілген. Теріскейліктер де өміршең бастаманың шапаға­тын, көріп отыр. Бағ­дарлама іске қосылғалы 1,8 млрд. теңгенің 236 жобасы қа­растырылып, 249 жұмыс орны ашылды. Жыл аяғына дейін 728,8 млн. теңгеге 91 шағын кре­дит ресімдеп, 150 жұмыс орнын құру жоспар­ланған. Енді тағы бір жаңа тәсілді, яғни “тауар несиесін” беру мәселесін қарастыру мін­деті тұр. Оны жүзеге асыру ме­ханизмі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне негізделген. Бы­лайша айтқанда, тауарлық кре­дитті орта және ірі ауыл ша­руашылығы бизнесінің өкілдері ресімдейді. Кепілдік мүлік бол­ма­ған жағдайда мал, құрал-жаб­дық, көшет, түрінде беріледі. Алдағы уақытта осы ба­ғытта әлеуетті тауар өндіруші­лер­мен келіссөздер жүргізіліп, қарыз алушы отбасылар белгі­ленетін болады. Солтүстік Қазақ­стан ауыл шаруашылығы ғылы­ми-зерттеу институтының база­сында мал шаруашылығы ма­ман­дарының біліктілігін артты­руға арналған “Малшылардың құ­зыреттілі” мектебінің аяқалысы қуантады. Мұнда Франция, Ұлы­британия, АҚШ, Украина, Ресей­ден келген шетелдік сарап­шы­лардың, Қазақ агротехникалық университеті ғалымдарының, мал шаруашылығы, ветерина­рия және жемшөп өндірісі ма­мандарының қатысуымен кадр­лық әлеуетті нығайту, иннова­ция­лық технологияларды енгізу сықылды өзекті тақырыпта семинарлар ұйымдас­ты­рылды.

Суды барынша үнемдеу жұ­мы­сын ұйымдастыру – ауыл ша­руашылығына да қатысты мәсе­лелердің бірі. Биыл жаң­быр­латып және тамшылатып суарға қатысты 12 жоба енгі­зілмек. 2028 жылы суармалы ал­қаптардың көлемі 18 мың гек­тарға дейін ұлғайтылады.

Жолдауда инфрақұрылымға қатысты проблемалық жайттар да кеңінен қамтылды. Оның бір парасы стратегиялық мәні ай­рық­ша көлік-логистика секторын дамытуға қатысты. Өңір бо­йын­ша автомобиль жолдарының же­лісі 8,4 мың шақырымға созылса, соның 2 мыңы шақырымы – рес­пуб­ликалық, 6,4 мың шақырымы жергілікті маңызға ие. Орта деңгейге арналған бағдарлама аясында жыл аяғына дейін 208 шақырым республикалық, 630 шақырым жергілікті, 100 шақы­рым кентішілік жолдар қалпына келтіріледі. Бөлінген қаржы – 91,3 млрд. теңге. Сонда қанағат­танарлық жағдайдағы жергілік­ті жолдардың үлесі 84 пайызға же­тетін болады.

Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ,

облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp