Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, ақын-революционер Баймағамбет Ізтөлиннің туғанына 125 жыл толуына арналған “Жалындап жанған жас өмір” атты еске алу шарасы өтті.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған облысымыздың құрметті азаматы, Баймағамбет Ізтөлиннің жерлесі Серікбай Құсайынов күрескер ақынның өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы баяндады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Зейнел-Ғабиқызы әкесі, белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың Баймағамбет Ізтөлин туралы бірнеше әдеби шығарма жазғанын тілге тиек етті. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың “Ел ұланы” атты әңгімесі Баймағамбет Ізтөлинге арналған.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері Алуа Кеңесбай мен Айшаби Құдайбергенова ұлтжанды азаматтың туындыларын, Әсел Қасым жерлес ақынымыз Жарасбай Нұрқанның “Баймағамбет Ізтөлин” атты өлеңін оқып берді. Шараға Баймағамбет Ізтөлиннің туысқандары – Айна Қанафина, Ғалия Әбдірешева қатысты. Айна Сұлтанқызы атасын өзі көрмесе де, әкесінің естеліктерінен мол мағлұмат алып, басылымдарда жарияланған мақалаларды үнемі оқып отыратынын және оны мақтан тұтатынын тілге тиек етті. Шара барысында қатысушылар “Күрескер ақын” атты кітап көрмесін тамашалады.
Майра ӘШІМОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың бөлім басшысы.