Орман – елдің табиғи байлығының маңызды бөлігі. Республика аумағының үлкен бөлігін шөлейт жерлер алып жатыр. Орманды алқаптар ел аумағының шамамен 4 пайызын ғана құрайды. Дегенмен ормандар экологиялық, экономикалық, және әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды. Олар климатты реттеуге, топырақ эрозиясынан қорғауға, биоалуантүрлілікті сақтауға көмектеседі.
Қызылжардың ну орманы елдегі ерекше табиғи экожүйелердің бірі саналады. Өңіріміздегі қалың орманның негізгі бөлігі қайың, қарағай және терек ағаштарынан тұрады. Олардың көпшілігі Айыртау таулары мен Есіл өзенінің маңында орналасқан.
Өңіріміздегі “Орлиногор орман шаруашылығы” мекемесі – Солтүстік Қазақстанның экологиялық тепе-теңдігін сақтауға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға арналған маңызды аймақтардың бірі. Бұл аймақтың негізгі мақсаты – ормандарды қорғау, қалпына келтіру және дамыту, сондай-ақ ағаш ресурстарын тұрақты пайдалану арқылы экожүйені сақтау.
Орлиногор орман шаруашылығының аумағында негізінен қайың, қарағай, шырша секілді ағаш түрлері өседі. Мұнда ормандарды қалпына келтіру жұмыстары, яғни ағаштарды заңсыз кесуден қорғау, орман өрттерінің алдын алу, зиянкестермен күрес сияқты шаралар жүзеге асырылады. Әсіресе қыстағы қатал климат пен жазғы құрғақшылық кезінде орманды қорғау маңызды.
Орман шаруашылығының тағы бір маңызды қызметі – ағаш ресурстарын тиімді пайдалану және қайта қалпына келтіру. Ағаш кесу барысында қоршаған ортаға келетін зиянды азайту үшін экологиялық таза әдістер қолданылады.
Орлиногор орман шаруашылығында биоалуантүрлілікті қорғау да басты назарда. Ормандар көптеген жануарлар мен құстардың мекені болғандықтан, оларды қорғау үшін арнайы шаралар тұрақты түрде қабылданады. Бұл жерде бүркіт, түлкі, қоян сияқты жануарлар кездеседі, ал орманның жоғары бөліктерінде қыран құстар ұя салады. Орман шаруашылығы қызметкерлері осы жануарлардың популяциясын бақылап, олардың табиғи мекендеу ортасын қорғауға тырысады.
Сәбит МҰСТАФИН,
“Орлинагор орман шаруашылығы” КММ-нің орманшы-инспекторы.