«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ АТАУЛАРДА ТЫЛСЫМ СЫР БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде жер-су, елді мекен атауларының тарихи қалыптасуы, заманына қарай әртүрлі күй кешуі, ой тереңіне салып сараптасақ, қилы-қилы жолдармен, саяси-әкімшілік, үстем таптық тегеурінмен алыса отырып осы күнге жеткенін көреміз. Өзінің түпкілікті атауынан ауытқып, саяси соқпақтың салдарынан сан өзгерген атаулардың сансыз тізбегі терең ойға қалдырады. “Неге?” деген сұрақ толғандырып, өзіміздің салғырт мінезіміздің өз тарихына пана болмағандығы ашындырады, бабаларымыз бен әкелеріміздің босаңдығы ма, әлде өз тарихына немқұрайлы қарағандығы ма, бізге жеткен рухани мүліктің жағдайы міне осындай. Егеменді ел болып, есімізді жидық десек те, кесе-көлденең алдыңды кесетін жат атаулар еңсе көтертпейді.

Өткенімізге көз сала отыра, осы бір топонимика атауларының түйінін тарқатып көрейікші.  2015 жылы Г.Ахметжанова, С.Мәлікова, К.Оспанов, З. Тайшыбай сынды ғалым-зерттеушілердің  бірлесуімен “Атамекен атаулары” атты тарихи-публистикалық туынды көпшілік назарына ұсынылды. Қызылжар өлкесіндегі жер-су, елді мекен атауларының шығу тегіне аса бір ілтипатпен қарап, архивтік құжаттарға жүгіне отыра, тарихи сарапқа сала отыра, атау жүйесінің қалыптасуы терең зерделенген. Осы кітаппен таныса келе, әлі де тасада қалған тарих қабатының сілемдеріне көз жүгіртсек деп едім. 

1752 жылы әулие Петр бекінісін салған кезде маңайы толған қазақ ауылдары мен қыстаулары болғандығын ұмытпауымыз керек. Себебі бекініс кімнен қорғану үшін салынды екен? Міне, гәп қайда жатыр. 2023 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық институтының экспедициясымен бірге жүріп зерделегенде Петропавл қаласының маңайындағы, Астана қаласына шығар жолдың сол жағындағы, қаланың солтүстік жағындағы Көтек ауылындағы, қаланың солтүстік батысындағы Краснознаменка селосының маңайындағы, Затон селосындағы ескі зираттағы көне тастардағы жазулар Атығай руының ішіндегі Ақкиік – Құлансу аталарының зираттары екендігіне көз жетті. Ал бозбала Абылайды қарсы алып, жерін қала салуға берген, Дәулеткелді бай – сол Ақкиік атасының ұрпағы.

Петропавл қала болып бітісе бастағанда қаланың тұғырын көтерген сауда-саттық жүйесі еді. Қытай, Үндістан, Иран, Хиуа, Қашғардан келетін сауда керуендері Еуропа мен Ресейден келетін сауда керуендерімен Петропавл қаласында тоғысып, тауар алмасатын. Қаланың маңайындағы ауылдардан, алыс аудандардан мал өнімдері келіп жататын. 1898  жылғы статистикалық көреткіште Петропавл жәрмеңкесінен 1 200 000 мал басы сатылғаны жазылған.  Қала жұртының да күн көрісі осыған байланысты еді. Сол кездегі қала жұрты сауда болар жерді “Сатовка”, мал қамайтын орындарды “Салған” дейді екен. “Сатовканың” түбірі сату екені айдан анық, ал “Салған” – бөренеден немесе талдан өріп салынған мал қамайтын орын. Қала маңайында ағаш-ағашты паналаған “Ауызтал”, “Ақкөл”, “Маңқат”, “Шарбақкөл”, “Сарт”, “Бәйімбет”, “Байсал”, “Көтек”, “Қабан” деген ауылдар атауы бізге жеткені ғана, қаншамасы қала көркейген сайын күстеніп, жойылып кетті. Қазіргі күнге жеткені – Белое (“Ақкөл”) және Байсал ауылдары ғана. Қаланы қоршай жатқан көлдер “Ақкөл” – Белое, “Алакөл” – Пестрое, “Сасықкөл” – Поганка , “Қызғыш” – Гусиное деп аталған.

Өлкемізде жер-су, елді мекен аттарының күрт өзгеруі Жаңа Есіл (Новоишимская) бекінісінің тұрғызылуынан басталды. Қазақша атауларды орысшаға ауыстыру әскери генерал-губернатор Г.Меньшиковтың бұйрығымен 1774 жылы 1 январьдан орындала бастады. 1819 жылы М.М.Сперанский Сібірдің генерал-губернаторы болып тағайындалды. М.Сперанскийдің 1822 жылғы шыққан “Сібір қырғыздарының жарғысы” хандық билікті жойып, империялық әкімшілік жүйені енгізді. Бұл жүйе өзімен бірге жаңа атауларды ала келді. 1832 жылы подполковник Бутковскийдің басшылығымен жасалған экспедиция Омбы облысының жерлерін әскери-топографиялық картаға түсіргенде көп атаулар өзгеріске ұшырады. 1861 жылы Ресей “Крепостное право” жүйесін жойды да мұжықтарға ерік берді, бірақ бос жатқан жер жоқ, олардың күн көрісі өте қиын болды. Содан заңды, заңсыз түрде жақсы жер іздеген мұжықтардың босуы басталды. Көбінің көздегені қазақ даласындағы құнарлы жерлер еді.                                               

1846-50 жылдар аралығында, алғашқы шақырумен келгендердің саны 3652 адам болса, келесі жылдары сабылған “қара шекпенділер” саны еселене түсті. Жері шұрайлы, егін егуге қолайлы жерлерге қоныстану басталды. Саумалкөл, Явленное, Марийнское (су астындағы Марьевка), Коновалов елді мекендеріне Самара, Воронеж, Харьков, Дон, Перьм, Тобольск қалаларынан ағыла бастады. Әскери топограф Какулиннің мәліметі бойынша 1839 жылы Өскеменнен Омбыға дейінгі Ертіс өзенінің бойындағы 158 000 шаршы шақырым жер казактарға берілген.

1868 жылғы патша өкіметінің реформасы негізінде округтік приказдарға негізделген сұлтандық билік жойылып, 1869 жылы облыстық, уездік басқармалар құрылды. Жергілікті әкімшілік атаулары өзгертіліп, орыстандыру басталды.

1889 жылы “Қоныс аудару” туралы заң шыққанннан кейін отарлаудың жаңа кезеңі басталды. Орынбор, Орал, Петропавл қалаларында қоныс аударушыларды қабылдап, орналастыру орталықтары пайда болды. Келген халықтар өз елдерінің атауларын, туып өскен жер атауларын, өз дініндегі атауларды, кейде өз “қожайындарының” атын ала келді. Полтавка, Белоградовка, Киевка, Донецк, Донское, Кременчуг, Муром, Подольск, Черкасское, Чернигов, Ясная поляна, Ивано-Франковский, Новокронштадт, Ростов, Симферополь, Ставрополье, Ярославль, Запорожье сияқты атаулар бұрынғы елді мекендерін меңзесе, Архангелка, Спасовка, Благовещенка, Троицкое, Явленка, Рождественка, Покровка, Крещенский, Святодуховка, Воскресеновка, Вознесеновка, Боголюбово, Богдановка атаулары діни ұғымдарының астарын ашады. Кейбір атаулар патша билігінде, қызметінде жүрген шенеуніктердің аттары, мысалы Куломзин (Куломзино), Чириков (Чириковка), Столыпин (Столыпино), Коновалов (Коноваловка), Смирнов (Смирново). Казак офицерлерінің аттары да ескерусіз қалмаған – Асанов (Асаново), Фролов (Фролово), Уткин (Уткино), Игнатов (Игнатово). 1759 жылы Туринск уезінен Оралдағы зауыттардағы жұмыстардан қашып келген крестьяндар Вагулино селосын құрады (вогулдар). Малышкин Семен деген крестьян 1766 жылы Красноярск слободасынан келген “заводчик” Малышкино селосының атына ие болды. Налобин деген кісі Налобино селосын салады. Пермь губерниясы, Шадринск уезі, Барневка слободасынан келген крестьяндар Барневка селосын салды. Әскери қызметтегі казактар өз жерлерінің бір бөлігін жалға берген. Сол жерлерді жалға алған адамдардың аттары да елді мекеннің атауы болып қалған, мысалы Фурман (Фурманово), Вибе (Выбинка). Тіпті жер тимей сорлап жүрген переселен Сергей Мисулин Есілдің бойын жайлап отырған Құлекенің ауылына келіп паналайды. Сорлының 5-6 баласы бар еді. Мүшкіл жағдайын көрген Құлекенің ұрпақтары үй салуға көмектесіп, екі сиыр, қой-ешкі, жұмысқа жарамды жылқы берген. Кім білген, сол мекеннің Құлеке болмай, сорлы Сергейдің атымен “Сергеевка” болып, бара-бара қала, аудан орталығына айналатынын. 

1822 жылы Сібір қазақтары туралы жарғы шығысымен хандық кетіп, сұлтандық билеу жүйесі келді де алғашқы екі округ құрылды. Орталық Қазақстандағы Қарқаралы округіне Бөкей ханның немересі Жамантай Шыңғысұлы Тұрсын, Көкшетау дуанына Абылай ханның немересі Ғұбайдолла Уәлиұлы аға сұлтан болып бекітіледі. Ғұбайдолланың екі заседателі (орынбасарлары) болады, олар – Атығай руынан – Жылғара Байтоқин, Керейден – Мүсет Жәнібеков. Ғұбайдолла аға сұлтан болып тұрғанда жанына Усман Мәулітов деген татарды тілмаш қылып және оған балаларды оқытуға жағдай жасайды. Одан кейін Жылғара Байтоқинге тілмаш болады. 1830 жылы наурыз айында Ырсай-Атығай болысының аумағына көшіп келеді. Жылғара Байтоқин ризашылығын білдіріп, Новоникольск редутінен 40 шақырым жердегі “Тасбек тоғайы” деген жерден үй салуға, “Қарағаш” тоғайынан пішен шабуға жер береді. Усман Мәулітовтың тағы бір міндеті – қазақ балаларының сауатын ашып, мектеп ұстау. Төрт жылдың ішінде Мәулітовтер үш үй салады, қара мал ұстап, жағдайын күшейтіп, мектебінде елу балаға дейін бала оқытады. Уақыт өте келе бұл жердің аты Мәуліт (Мамлютка) болып өзгереді. 

Ал енді Благовещенка селосының тарихына үңілсек. Қазақтар Благовещенканы әлі күнге дейін “Жекекөл” дейді. Ол жерде жеке тұрған көл жоқ, үш бірдей көл бар – Ащыкөл, Жаркөл, Жәкекөл. Жәкекөл – Еменәлі Ер Жабайдың қонысы. 1894 жылы бес үй “переселен” күз мезгілі боп қалды деп қазақтардан рұқсат сұрап, сол жерге жер кепе салып орнығады. Келесі жылы көктемде 20 үй “переселен” көшіп келіп, бара-бара Жәкеңнің ауылы 7 шақырым жердегі Борсық қыстауына көшіп кетеді. Благовещенка (Благая весть) сол жерде орнығып қалады да, бертінде аудан орталығына дейін өсті. Қазақ арасынан шыққан байлар да, патша билігінде жүрген шабармандар да бұл іске өз “үлесін” қосқан. Орыс патшасының саясаты өз жемісін беріп жатты. Шен, атақ, сый алған ұлттың алқалы тобы жеке мүдденің желігінен шыға алмады. Атақты Әлти Барлыбаев “переселендерді” алып келіп, жер беріп, егін егуге, ат тіркесіне жылқы беріп, “Бақыр ілген”, “Түлкіойнақ” жерлеріне орналастырып, соларды пайдасына жаратқан. Қазір олар отырған жерлер Святодуховка, Петровка болып аталуда. Жылғараның баласы аға сұлтан, болыс болған Мұса да “переселендерді” әкеліп, Ақжар, Атығай-Есенгелді, Атығай-Тілептерді ата жұртынан көшіріп жіберген. Қазір Явленка – аудан орталығы.

1891 жылы 18 июльде Петропавл қаласына орыс падишахы, ізбасар Николай екінші соғады. Жылғараның балалары қарсы алып, Есенкелді жұртындағы Тайсай деген жерге үй тігіп, қарсы алған екен. Сол жер “Князь қонған” деп аталған. Кезінде Есеней де “Ақсиыр” (Қорған облысындағы Половинное) деген жерде отырған Нұралы- Нұрымбетті (Керей) ата жұртынан көшіріп, сонау Степногорскіге дейін шұбатқан. Біржан салдың аталарының кетуі осы кез. Абылай Қызылжардың жерін орысқа бекініс салуға бергесін өзіне қамқоршы болған Дәулеткелді бай (Ақкиік-Құлансу, Атығай ішінде) қатты қамығып, ханның шешіміне келіспей жұртын алып, Жиделі-Байсынға көшеді. Сол атаның ұрпақтары қазір Есіл ауданы Қарағаш ауылында әлі бар.

Айыртау ауданы Сырымбет жерінен алыс емес “Хан қашқан” деген жер бар. Уәли хан Маңдай батырды өлтіріп, бүкіл Атығайды өзіне қарсы қояды, ақыры іс насырға шауып, Уәли елден қашып, Қытай ауады, орыс әскерлері ұстап әкеліп, құн төлеткізіп, келісімге келтіреді. Сол уақиғаның жаңғырығы – жер атауы.

Қазан төңкерісінен кейінгі жағдай тіпті мүшкіл болды. Елді мекен атаулары саяси жағдайларға тікелей байланысты қойылды. Жергілікті жердің де желөкпе әпербақандары бұл іске белсене кірісті. Ленин, Сталин, Рыков, Киров, Маркс, Энгельс, Социал, тағы сол сияқты жаңа атаулар жаңа өмірдің белгісі ретінде қойыла бастады. Колхоздастыру кезеңінде бұл үрдіс тіпті “ерекше талпыныспен” жүргізілді. “Путь Илича”, “Сталинец”, “Қызыл партизан”, “Жалком”, “Аулком”, “Жаңажол”, “Жаңаталап”, “Кеңес”, “Бірлік”, “Коммунар”, “Дзержинец”, “Ворошилово” – міне осындай атаулар көнеден келе жатқан қазақ ауылдарының өткенін ұмыттыра бастады.  Қанша жерден “қызыл” бояу жағылғанымен, қазақ жұртының саны әлі де басым болды. Бұл басымдық та ұзаққа бармады, Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ даласына 2 500 000 өзге ұлт өкілін алып келді. Ал тың игеру туралы шешім Сарыарқадағы сан ғасырлардан келе жатқан атауларды тіптен құрдымға жіберді. Тыңға байланысты қойылған атаулар әлі де өміршең күйде қалып отыр.

Осы құбылысқа біздің көзқарасымыз қалай болмақ, күрт өзгертуді талап ететін іс ретінде ме, әлде тарихимыздың тылсым сырының тағы бір қатпары ретінде қарауымыз керек пе? Салмақты да, салиқалы шешімді талап ететін күрделі түйін. Келешекте талай қала салынып, талай көше бой түзер, сол кезде өзіміздің егеменді ел екенімізді естен шығармай, талай тармақты таспадай есілген тарихымыздың барлығын ұмытпай, болашағымыздан зор үміт күткен ұрпақтай, өз ісімізге еңсемізді тіктеп қарағанымыз дұрыс болар еді.         

Дастен Баймұқанов,

өлкетанушы, “Асыл мұра” орталығының ғылыми қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp