«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жамбыл ауданында қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Сәбит Мұқановтың есімін иеленген ауыл құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұрын тыныс-тіршілігі қайнап жататын елді мекеннің мектебі де жабылып қалған. 

Сәбит ауылы Петропавлдан 200 шақырымдай жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ кезінде мұнда 155 тұрғын болса, қазір небәрі бес-ақ үй қалған. Оның өзі көшкелі отыр.

“Ауыл – елдің алтын бесігі ғой. Кез келген адам алтын тамырынан ажырағысы келмейді. Алайда соңғы жылдары  қалаға үдере көше бастады. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып отырған оқу ошағының есігіне қара құлыптың салынғаны “ауылымызды сақтап қаламыз ба?” деген үмітіміздің шоғын сөндірді. Жеріміз құнарлы, суымыз мөлдір. Атақты қаламгердің балалық шағы өткен елді мекенді сақтап қалуға болмас па еді”? – дейді ауыл тұрғыны Елубай Мусин.

Бұл ауылдың қазығын өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Сәбит Мұқанов қаққан. Қазір оның көзі болып жазушы мен оның інісі Шәкен Мұстафин көтерген үй тұр.

“Сәбит Мұқановтың туған жері – Тимирязев ауданының аумағында орналасқан Жаманшұбар ауылы, қазіргі Докучаево елді мекені. Бұл жерге ол туған-туыстарын көшіріп әкелген. Қаламгердің інісі ауылда 1985 жылға дейін тұрды. 1990 жылдары осы үй музей болып ашылды. Алдында жазушының мүсіні тұр. Ауладағы қайыңды Сәбит Мұқановтың өзі отырғызған. Аумағында ет сүрлейтін шошала бар, оны да жазушы өзі тұрғызған”, – дейді С.Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық музей-үйінің директоры Әлия Сәрсекова.

Музейдегі құнды жәдігерлердің көбі Алматыдан әкелінген. Қазір мұражай сөресінде 700-ден астам жәдігер сақталған. Мекеме директорының айтуынша, заттардың барлығы – жазушы қолданған дүниелер. Саптама етігі, өзі ұстаған домбырасы, құран кітабы, жайнамазы сақталған.

“Ауылдықтар Сәбең келеді дегенді ести салысымен ет асып, аста-төк дастарқан жаятын. Елді мекеннің үлкен-кішісі түгел жиналып, сыймағаны есік алдында тұрып, жазушының әңгімесін тыңдайтын. Жазушы кішкентай балаларды бір-бірден шақырып, өз қолымен ет асатып, батасын беретін”, – дейді Әлия Сәрсекова.

Сәбит ауылы жайлы газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде де жазған едік. Бұл мәселеге елді мекен тұрғындары қатты алаңдаулы. Ауыл жабылған жағдайда музей тағдырының не болатыны белгісіз.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp