Ауа райының қолайсыздығынан орақ науқаны жылдағыдан кеш басталса да, диқан қауымының барлық күш-жігері маңдай термен өсірілген ел ризығын шашаусыз жинап алуға жұмылдырылған. Қызылжар ауданындағы “Шағала Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қырды да, қырманды да қызу еңбек дүбіріне бөлеп, механизатор-комбайншылардың тәжірибесі мен заманауи техникалардың көмегін бірегей ұштастырудың қалыптасқан әдісіне сүйенген.
Дәнді, дәнді-бұршақты, майлы дақылдар өсірумен айналысатын серіктестік иелігінде он мың гектар алқап бар. Оны күтіп-баптаумен айналысатын ұжымдағы бір жүзге жуық еңбек адамы бүгінде таңның атысынан күннің батысына дейін тыным табар емес. Олар үшін жарқырай нұрын төккен әр күн алтыннан да қымбат.
Жаз бойы жаңбыр толассыз жауса, күз ақ нөсерін ала келді. “Балапанды күзде санар” шақтың өте қиынға соғарын сезсе де, ішкі қобалжуын білдірмей сын сағаттан мүдірмей өту – ер-азаматқа тән қасиет.
“Жерде ылғал тым көп. Солай екен деп арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Қазір бидайды жаппай орып, бастырудамыз. Гектар шығымдылығы әртүрлі, 35-45 центнер аралығында”, – дейді серіктестік басшысы Ғабдолғапар Бари.
Жалпы астықтың түсімділігі мен сапасы ауа райынан бөлек, адами факторларға да тәуелді. Осындайда ғой, ұйымдастырушылық қарым-қабілеттің жарқырай көрінетіні. Мәселен, жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып отыру, өнімділігі жоғары, теріскейдің қатал климатына төзімді сұрыптарды аудандастыру, танаптарды тыңайту, тағысын тағылар. Биыл “Claas” маркалы егіс кешені сатып алынған. Қырман жаңартылып, “Алтай 27” құрылғысы, сағаттық қуаттылығы 65 тонналық кептіргіш орнатылған. Өнімнің ылғалдылық дәрежесі дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қабылданып отырады.
“Заманауи технологияларды пайдалана білу – өз алдына бөлек ғылым. Серіктестіктің астықты алқаптары негізінен орман қойнауында орналасқандықтан, ұшақтарды қолдану тиімсіз. “Тәуекел түбі – желқайық, Өтесің де кетесің” демекші, жерді тыңайту агродрондар арқылы жүргізіліп, күнбағыс өте бітік шықты. Аттылы кісі жасырынғандай” – дейді “Aitas Agro” акционерлік қоғамының өндіріс жөніндегі директоры Антон Шиленко. Биыл “XAG P100” pro дрондары да тиімділігін көрсеткен.
Қызылжар ауданы бойынша дәнді дақылдардың 64,8 пайызы орылып, бастырылды. Орташа өнімділік 18 центнерден айналуда. Майлы дақылдардың үштен бірі жиналды. Өнімділік орта есеппен гектарынан 12 центнерге жуық.
Фархат ТАСТАМБЕК,
журналист.
Қызылжар ауданы.