Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдануға қатысты тұрақты негізде талдау жүргізуді дәстүрге айналдырған.
Әр тоқсан сайын материалдарды қарау барысында персоналды басқару қызметтері мамандарына қатысты тергеп-тексеру жүргізу кезінде тәртіптік жаза қолдану рәсімдерін бұзғандар анықталып, олар тиісті жазаларын алып жатады. Жыл басынан бері жүргізілген талдау қорытындылары бойынша тәртіптік жаза қолдану туралы 14 актінің күші жойылып, Тимирязев, Ақжар, Жамбыл, Есіл, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда және Петропавл қаласында мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді.
Тәртіптік жазаны заңсыз қолдану көбіне мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту кезінде орын алады. Көп жағдайда жазбаша түсініктемені талап етпеу, тәртіптік теріс қылық материалдарын сапасыз және біржақты қарау, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу және тәртіптік жаза қолдану туралы актіні ресімдеу кезінде заң бұзушылықтарға жол беріледі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік жаза қолдану рәсімдерін сақтау, олардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында тәртіптік жаза қолдану ережелерін талаптағыдай орындау – басты шарт.
Департамент мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауда, құқықтарды бұзу фактісін анықтаған кезде оларды қалпына келтірудің барлық жолдарын қарастырады.
Заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тартуға байланысты мәселелер туындаған жағдайда мемлекеттік қызметшілер 8-7152-46-58-89 сенім телефонына жүгіне алады.
Дархан ЕРМЕКОВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.