«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЗ АНА, АЯУЛЫ АНА, АСЫЛ АНА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығының іргесінде тұрған Бескөл ауылына бағыт алдық. Жүйткіген көлік әп-сәтте-ақ діттеген жерімізге жеткізді.  Біз тоқтаған  үй –  қос ғасырдың куәсі тұрып жатқан берекелі қарашаңырақ.

Мейірімді жүзін әжім торлаған Қадиша әжейді көргенде көңіл жайланып сала берді. Ақын Қадыр Мырзалиевтің: 

“Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,

Сағынышым – сары ормандай самсаған”, – деген өлең жолдары ойыма орала кетті.

100 жастағы Қадиша Бекназарованың өмірі – ғибратқа, қиындық пен сынаққа, қуаныш пен бақытқа толы. Кейуана әңгімесін әріден бастады. 1924 жылы Шал ақын ауданына қарасты Социал ауылында дүниеге келген. Бойжеткен шағында ата-анасынан бірдей айрылып, тұрмыс тауқыметі, қиын кезеңдердің ауыртпалығы бір өзіне жүктеліпті. Өйткені екі үлкен ағасы соғысқа біреуі еңбек армиясына аттанған.  Он үш жастағы сіңлісі мен тоғыздағы інісіне жалғыз өзі баскөз болған. Оларды өсіру, оқытып-тоқыту 16 жастағы қаршадай қызға жүктелді.

8 сынып қана білімі бар Қадиша Досмұқанқызы “Социал” ұжымшарына есепші болып жұмысқа орналасады. Ол кезде есепшінің міндеті екінің біріне сеніп тапсырылмайды. Бар күш-жігерін сала еңбек еткен бойжеткеннің  ерік-жігерін, табандылығын, еңбекқорлығын байқаған басшылар ұжымшар хатшысы қылуды ұйғарады. Ұжымшардың есеп-қисабын жүргізу қаршадай қызға оңай соқпағаны анық. Бірақ бұл жұмысты да ұршықша иірген оның санға жүйрік маман екені бірден байқалған. Жұмысын тап-тұйнақтай орындайтын Қадиша Досмұқанқызы бұл қызметте де абыройлы болды.

– Ұжымшар хатшысы болған кезімде жүздік, мыңдық, миллиондық есептеулерді үйрендім. Есеп-қисап жасау анау айтқандай қиын болмады. Үш жылдай хатшы болдым. Сол кезде бауырларыма Кәсен ағамның жары, жеңгем Сатина бас-көз болды. Сүйегі асыл адамдар ғой. Менің оң босағада отырып қалмауыма алаңдаса керек, аға-жеңгем бар жауапкершілікті өз мойындарына алды. Сөйтіп, он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым, – дейді Қадиша Бекназарова. Ол Социалмен ауылы аралас, қойы қоралас Бағанатының Жанатай есімді жігітімен сөз байласып, екеуі жаңа өмірге қадам басады. Бұл – сұрапыл соғыстың нағыз қайнаған шағы, 1943 жыл болатын. Ауыл азаматтарының дені майдан даласында, шаруашылықтың жұмысын жүргізу кәрі-құртаңға, әйелдерге, бала-шағаға жүктелді. Ауыр жұмысқа жегілгендердің қатарында Қадиша Бекназарова да бар. Жұбайымен азапқа толы күндерді бір кісідей бастан өткерді.

– Келін болып түскен соң қарап отырмадым. Көктемгі егіс науқанында жасы егде тартқан қарттар бір шелек тұқым салынған дорбаны мойындарына іліп алып, бидайды қолмен шашады. Жүк арбамен жұмыскерлердің соңынан еріп, дорбаларына бидай салып береміз.  Ал егін жинау кезінде әйелдер лобогрейкаға отырады. Кепкен бидайды көпенелеу де – келіншектердің жұмысы. Соны арбамен таситын едік. Ата-енемнің қолында тұрдым. Жұбайым бір кіндіктен тараған жалғыз тұяқ, – деді ол. Айтуынша, қайын атасы Бекназар да  осал адам болмаған. Басқарманың бұйрығымен сегіз ай жүріп Қытаймен шекаралас жерден мың жылқы айдап әкелген.

Қадиша Бекназарова –  ауыр жұмыспен арпалыса жүріп, дүниеге жеті перзент әкелген алтын құрсақты ана. Бірінен соң бірі дүниеге келген балаларына енесі Қалампыр қараған. Бейнетке толы ауыр еңбекпен жүріп  ошақ қамын да ұмытпады. Жасы ұлғайған ата-ененің бабын табу, шиеттей балаларды бағып-қағу оңай шаруа емес. Ауыл әйелдері қалталарын бидайға толтырып, үйге келген соң қол диірменде үгіп, ас-ауқат дайындайтынын айтқан әжей өткен күндерді күрсіне еске алды. Бұл көріністер бүгінге дейін көңіл түкпірінде сақталған.

Ол ұжымшарда ауыр жұмысқа ғана емес, қоғамдық шараларға да тартылғанын айту қажет. Аудандық кеңес депутаты, өкілдік сот та болды. Әйелдер кеңесінің төрайымы, ұжымшарда сауыншылар бөлімшесіне де жетекшілік етті. Марьевка ауылындағы май зауытындағы озат жұмыскер ретінде баспасөзде жарық көрген мақалалар Қадиша Бекназарованың өз ортасына сыйлы, беделді маман болғанын аңғартады.

Құдай қосқан қосағымен жарты ғасыр отасып, 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген кейуана балаларын қатарынан қалдырмауға тырысты. Ұлттық қауіпсіздік саласында, қаржыгер, экономист, дәрігер, мұғалім, агроном болып еңбек етіп жүрген ұл-қыздары ананың асыл үмітін ақтады. Бүгінде алды зейнет демалысында. Сол ұрпағынан 19 немере, 40 шөбере, 4 шөпшек көрген кейуананың өзегін өртейтін өкініші де жоқ емес. Тұңғышы Самат пен қызы Зияданың келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанғанына жүрегі сыздайды. Әрбір ана үшін балаларының амандығынан артық бақыт жоқ.

Кеудесі қазына, ақылы дария қариядан көп жасаудың сырын сұрағанымызда бұл сауалға іркілмей жауап берген ол өмірде болмашы нәрсеге күйгелектенбей, сабыр сақтай білу керек екенін айтты.

– Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алады. Сондай сәтте ашуға берілмей, сабырлы болу керек. Шешілмейтін мәселе жоқ. Оған жүйке тоздырып, денсаулықты құрту қажет емес. Бөтен сөзге ермей, өсек-аяңнан аулақ болған жөн. Адам өзін-өзі ұстай білуі керек, – дейді ол.

“Қарты бар үйдің – қазынасы бар” дегендей, дария кеуде, тау мүсін қазыналарын алақанына салып, аялап отырған ұрпағының Қадиша әжейге құрметі ерекше. Қазір ол кенже ұлы Таңат пен келіні Розамен бірге тұрады. Октябрь ауылынан Бескөлге 2021 жылы көшіп келген екен. Немере келіндерінен де жақсылық көріп отырған қос ғасыр куәгері бес уақыт намазын қаза қылған емес. Бертінге дейін сиыр сауып, мал ұстаған. Барға қанағат, жоққа тәубе ететін әзиз жанның ендігі тілеуі – елдің амандығы. Көпті көрген кейуананың тілегі қабыл болғай!

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp