«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оқу мерзімі қысқарады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2024-2025 оқу жылынан бастап кей колледждерде оқу мерзімі қысқартылады. Оның себебі – жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артуы. Кәсіпорындар өндірістік тәжірибеден өткен студенттерді бірден жұмысқа қабылдау тәжірибесін қолдап отыр.

Бүгінде облыста 24 колледж бар, оның бесеуі –  жекеменшік. Оларда оқитын 11 мыңнан астам студент 70 мамандық бойынша диплом алып шығады. Жұмысшы мамандықтарына сұраныс – 39 пайыз. Алдағы жылы бұл көрсеткіш 45 пайызға дейін жеткізілмек.

“2025 жылы жұмысшы мамандықтар секторын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда,  құс өсіруші, тазарту құрылыстарының технологиялық жабдықтарын монтаждау, тағы басқа кәсіптерге басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтары контингентін ұлғайтуға септеспек”, – дейді мәселенің мәнісін түсіндірген облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

Биыл 1347 түлек жұмысшы мамандығы бойынша диплом алып, 955-і жұмысқа орналасқан. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс межесі 3600 болса, орындалғаны – 3747. Сегіз колледж базасында орналасқан 11 құзыреттілік орталығы ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, энергетика және машинажасау бағыттары бойынша құрылған. Жұмысшы мамандықтарын 13 техникалық кәсіби білім беру ұйымы даярлайды. 19 колледждегі 754 студент 89 кәсіпорынның тапсырысы бойынша оқытылады.

Кей колледждерде оқыту мерзімінің қысқартылуы жұмыс берушілермен келісілген. Мысалы, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде өндірістік практикадан кейін кезең-кезеңмен аттестаттау нәтижелері негізінде диплом беріле бастайды. Зауыттардың сұранысына сай жасалған әдіс өзін-өзі ақтайды деген үміт мол. Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі де аспаз, кондитер,  тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бойынша оқу мерзімін бір жылға азайту жолдарын қарастырған.

Бұған дейін 9 сыныптан кейін оқуға түскендер 2 жыл 10 ай оқыса, биылдан бастап 1 жыл 10 ай дәріс алады. 11 сыныптан кейін келгендер 1 жыл ғана оқиды. Бұл жерде де жұмыс берушілердің сұранысы ескерілген.

Өмір ЕСҚАЛИ

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp