«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС АҚҚУДАЙ ЖАРАСҚАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз “Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” , – деген қанатты тәмсілді бекер айтпаған.   Баланы қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті саналады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, отбасының мәуелі бәйтерегіне айналған қос қария Жанәбіл мен Жібек Мұхамеджановтар – көпке үлгілі жандар. 

Қос аққудай жарасқан қарияларды көргенде көңілді қуаныш кернейді.  Осыдан 50 жыл бұрын отасқан қос бәйтерек өмірдің қызығы мен қиындығын бірге көріп келеді. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қарттар кезінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Қолына қондырған бақыт құсын әлі күнге дейін әлпештеп, аялап келе жатқан Жанәбіл атамыздың жарына деген сыйластығы мен махаббаты ерекше. Бір-біріне құрметпен қарайтын қарттардың жарасымдылығына қызыға қарайсың. Жарты ғасыр біріне-бірі демеу болып, ұрпақтарын адалдыққа, адамгершілікке тәрбиеледі.

– Екеуміздің бас қосып, шаңырақ көтергенімізге жарты ғаcырдан асып барады. Осы уақыт ішінде жоққа шүкір, барға қанағат етіп, өзіміздің адал еңбегімізбен тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Әзіл-қалжыңымыз да жарасқан. Әрине, өмірдің ащы-тұщысы, кем-кетігі, өкінішті кездері де болады. Ер адам қай салада болмасын жетістікке үйдегі береке арқылы қол жеткізеді. Ал шаңырақтың ұйытқысы – әйел. Сондықтан зайыбымның мәртебесін әрдайым биіктетіп отырамын. Жан жарымның ізгі қасиеттері қызғалдақтай қыздарыма да дарығанына қуанамын,  – дейді Жанәбіл Әділұлы. 

Отағасының жарына қарата айтқан “Жібегім” деген жылы сөзінен оның кіршіксіз махаббаты аңғарылады. Жібек апай 3 қыз бен 1 ұлды дүниеге әкелді. Өмір ақ пен қара жолақтан тұрады дегендей, тағдырдың күнгейі мен көлеңкесі қатар жүреді. Бұл отбасында да әттеген-ай дейтін сәттер болған. Екі қыздан кейін 1980 жылы Жеңіс есімді ұл жарық дүние есігін ашты. Бірақ ата-ананың, ағайын-туыстың қуанышы ұзаққа созылмады. Сәбидің ғұмыры тым қысқа болды. Одан кейін өмірге Бибігүл келді.Осылайша үш қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-ана оларды қатарынан қалдырмады. Бүгінгі таңда отбасының тұңғышы Айгүл мен кенжесі Бибігүл – кәсіпкер, Айжан – ұлағатты ұстаз. Тұрмыс құрып, өз алдына отбасы болып отырған қыздарының жетістігіне қос шынар әрқашан тілеулес. Қазір қариялар жиендерінің қуанышын қызықтауда.

– Үш қызымызды ешкімнен кем қылмай өсіру үшін еңбек еттік. Мереке сайын барлық балалардың бастары осы шаңырақта қосылады. Отағасы екеуіміздің алтын тойымызды балаларымыз өте жоғары деңгейде өткізіп, ағайын-туыс, үлкендердің батасын алды. Осындай ұрпақтарымыз барда біз өзімізді бақытты сезінеміз. Ұлттық құндылық сақталмаса, ұлт та болмайды. Бізге бұл өсиетті кезінде ата-анамыз бойымызға сіңірді. Осы ұстанымды абыроймен жалғай алсақ, ата-баба өсиетінің орындалғаны. Біз де өз кезегімізде ұрпағымызға адалдық пен еңбекқорлықты насихаттаудан шаршамаймыз,  – дейді Жібек Сейітқалиқызы.

Бүгінде үлкен әулетке айналған бұл отбасына ағайын-туыстың, жора-жолдастардың құрметі ерекше. “Кәрінің бары – игі” демекші осындай қазыналы қариялардан тәлім алған ұрпақ жаман болмайды. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған бұл шаңырақтан береке үзілмесе екен.

Гүл НҰРАЛИНА.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp