«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Энергия тапшылығы: мәселені шешудің мүмкіндігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елге АЭС не үшін қажет? Ол қандай мәселені шешеді? Оның қауіпсіздігі үшін не істелмек? Осы және өзге сауал төңірегінде бірқатар ойды сараптап көрелік.

Жарық жеткіліксіз

Көмір мен көгілдір отын қоры елде мол бола тұрып неліктен АЭС құрылысы ту­ралы шұғыл идея көте­рілді? Бұл сұрақ көптің кө­кейінде. Электр энер­гия­сын тұтыну өскенін ескер­сек, энергиямен тұрақты қамтитын электр қуа­тын өндірудің жаңа негізгі көзін енгізу қажет. Ал көміртегі бейтараптығына қол жет­кізу жөніндегі жаһандық та­лап аясында халық­аралық қар­жы институттары көмір электр стансасы жобасын қаржылан­дырудан бас тартып отыр. Сондықтан көмір энергиясын негізгі көз ретінде пайдалану мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ ел­дегі табиғи газ қоры да шек­теулі. Оны одан әрі дамыту тым қиын.

“Энергетика министрлігінің мәлі­метінше, қазіргі қолда­ныс­тағы энергия көздері ең жоғары жүктемелерді өтей алмайды. Былтыр электр энергия­сын тұ­тыну көлемі 115 млрд. кВт/сағ деңгейінде болды, электр энер­гиясын өндіру 112,8 млрд. кВт/сағатты құрады. Бекітілген қуат балансына сәйкес 2030 жылға қарай қажетті резерв деңгейі 17 пайыз болғанда электр энергиясына қажеттілік 28,2 ГВт-ты құрайды, ал жаңа қуат­тарды іске қосуды есепке ал­ғанда қолда бар қуат 22 ГВт бо­лады. Елдегі осы тапшы­лық­тың орнын толтырып, экс­порттық әлеуетті арттыруға ми­нистрлік қосымша 26 ГВт жаңа генерациялау қуаттылығын іске қосуды көздейтін электр энергетикасын дамыту іс-ша­расының жоспарын әзірледі. Жыл са­йын елде жылу электр стансалары электр қуатын өндіру үшін шамамен 60 млн. тонна көмір жағады. Станса қалдықтары қоршаған ортаға жойқын әсер етеді. Ал мега­полис тұрғындары ауаның лас­тануына наразы”, – дейді “Қа­зақ­стандық атом электр стан­салары” ЖШС-ның бас дирек­торы Тимур Жантикин.

Елдегі энергияның 70 пайызы көмір жағу арқылы өндіріле­тінін ескерсек, жағдай тағы қиындай түседі. Қуат тапшылығын жабу мақса­тында электр энер­гиясын жоспардан тыс Ресейден жет­кізуді жүзеге асырып отырмыз. Былтыр жел­тоқсанда ресейлік энерге­тикалық жүйеден елі­мізге жіберілген энергия ағыны 150 МВт диапазонында дис­пет­черлік кестеде көрсетілген ағындардың нақты балан­сын­да орташа сағаттық ауытқуы 1519 МВт-қа дейін құрады. Бас­қаша айтқанда, бекітілген ба­қылау сағаттарында рұқсат етілген 150 МВт диапазонынан тыс ауытқулар үлкен қар­жы­лық шығындарға әкеп соғады. Қалып­тасқан жағдай қара­пайым тұтынушылар үшін электр энергиясының қымбат­тауына алып келетіні сөзсіз.

Халықаралық конференцияның кесімді келісімі

Саладағы қазіргі жағдайды АЭС салу ғана түзете алады. Толық жанған кезде 4 пайызға де­йін байытылған 1 кг уран ша­мамен 100 тонна жоғары сапа­лы көмірді немесе 60 тонна мұнайды жағуға тең энергия бөледі. Ядролық реактордағы бір уран таблеткасы үш жыл ішінде 1400 кВт/сағ электр энер­гия­сын өндіреді.

Сарапшылардың балама энергия ретін­де жаң­ғыр­ты­латын энергия көз­дерін, яғни жел мен күн энергиясын айтып жүр­ге­ні белгілі. Алайда кәсіби маман­дар­дың пікіріне құлақ салсақ, жел мен күн райы­ның тұрақ­сыз­ды­ғы­на, жұмыстың болжау­сыз­ды­ғы­на байла­ныс­ты олар сенімді әрі негізгі генерация көзі ретінде әрекет ете алмайды. Энергетика сек­торындағы тех­нологияның қа­зіргі даму деңгейінде ядро­лық энергетика қажетті қуатты ауыс­­ты­рудың ең перспек­ти­валы шешімі болмақ.

“2023 жылы Дубайда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруіне қа­тысты тараптардың 28-кон­ференциясы (COP28) өтті. Ол барлық тарап бірауыздан ке­ліскен және қазбалы отыннан бас тартуға, нөлдік режімді енгізуді тездетуге шақырған. Онда қалдықтары аз тех­но­логиялар көрсетілген. Қата­рында атом энергетикасы да бар. Жаһандық шараға қатыс­қан ондаған мемлекеттің бас­шылары бұл шешімді мақұл­дап, жүзеге асыруға кірісіп те кеткен”, – дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ядролық физика кафедрасының меңге­рушісі Қа­сым Жұмаділов.

Оның сөзінше, COP28 іс-шарасында 2050 жылға қарай ядролық қуаттылықты кем дегенде үш есе арттыруды көздейтін “Net Zero Nuclear Industry Pledge” бағдарламасы іске қосылды. Кепілге қол қойған компания­лар 140-тан астам елде жұмыс істейді және үкіметтер сияқты ядролық энергетиканы өршіл кеңейтуді қолдауға міндеттенді.

МАГАТЭ мәліметінше, қазір 31 елде жалпы қуаттылығы 373,7 ГВт болатын 415 атом электр блогі жұмыс істейді, 15 елде 62 реактор салынып жатыр. АҚШ (94 реактор), Франция (56 реактор), Қытай (56 реактор), Ресей (36 реак­тор), Оңтүстік Корея (26 реак­тор), Жапония (12 реактор) елдері атом энер­гиясының ма­ңызды қуатымен мақтана ала­ды. МАГАТЭ-нің жаңа шо­луында ұсы­ныл­ған оптимистік сценарийде жаһандық ядро­лық қуат 2020 жылы тіркелген 393 ГВт-тан 2050 жылға қарай 792 ГВт-ға дейін, екі есе өседі деп болжанып отыр.

Экономиканың жасыл трансформациясы

Еліміз дамып, жаңа өнді­рістер іске қосылып, халық са­ны артып, жаңа шағын аудан­­дар бой көтеріп жатыр. Соған сәйкес жыл сайын электр энергиясы да көбірек қажет. Оған қоса, экологиялық мәсе­лелер де күн тәртібінен түс­пейді.

“Атом өнеркәсібін дамыту­дың қа­жеттілігі мынада – қазіргі жұмыс істеп тұр­ған электр стансаларының тозуы 70 па­йызды құрап отыр. Электр энергиясын тұтынудың жыл­дық өсімі 3 пайыз. Атом энер­гетика­сын дамыту – ұзақмер­зімді мін­дет. Оны шешу елдің энерге­тикалық тәуелсіздігі мен қауіп­сіздігін кемінде 100 жыл бойы қамтамасыз етеді. Бізде дәл осы қызмет ету мерзімі қа­растырылып жатыр. Сондай-ақ егер біз климат мәселе­леріне әлемдік қоғамдастық назарын арттыру жағдайында ел экономикасының жасыл трансформациясын және оның тұрақты дамуын қолда­ғымыз келсе, энергияның кө­міртегісіз генерацияға кө­шуін қамтамасыз ету ма­ңызды. Қа­зір атом энергия­сынсыз бұл проблемалардың барлығын шешу мүмкін емес. Осылайша, біздің елде атом электр стан­сасын салу индус­триялық да­му үшін өте маңыз­ды. Ол барлық салаға оң муль­тип­ликативті әсер ететін тиімді ше­шім”, – дейді Т.Жантикин.

АЭС-ті орналастыруға Үл­кен ауылының маңы ұсыныл­ған. Жоба аясында қуатты­лығы 1,4 ГВт-қа дейінгі екі блок салынуы мүмкін. Стансаның жалпы қуаты 2,8 ГВт-қа жетеді деп көзделеді. Бұл ең бірінші кезекте оңтүстіктегі базалық қуат тапшылығын жабуға мүм­кіндік береді.

Таза ауа – дертке дауа

АЭС жұмысы парниктік әсердің артуына ешқандай әсер етпейді, керісінше, станса парниктік газды азайтуға кө­мектеседі дейді мамандар. Мысалы, жыл сайын қуаты 1000 МВт АЭС-ті пайдалану парниктік газ қалдықтарын 4 млн. тоннаға азайтады. БҰҰ-ның Еуропа эко­номикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) мә­ліметінше, ядролық энергетика бүкіл өмір­лік циклде парниктік газ шы­ғарындылары ең төмен қуат болып есептеледі. Ауаға зиянды зат бөлу көрсеткіші келе­сідей: көмір – 820 грамм /кВт/сағ (СО2 балама­сы), таби­ғи газ – 490 грамм, су стансасы – 24 грамм, күн – 48 грамм, ядролық отын – 12 грамм.

“Чернобыль және Фуку­сима АЭС-індегі апаттан кейін АЭС-ке қатысты адам­дарда алаңдаушылық бар. Десек те АЭС – әлемдегі ең қауіпсіз әрі сенімді қон­дырғылардың бірі. Апат ықтималдығын азайтуға МАГАТЭ мемлекеттерге АЭС қауіпсіздігін жақсарту мақса­тында халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануға кө­мектеседі. МАГАТЭ Черно­быль және Фукусима АЭС-інде орын алған қауіпсіздік жүйе­леріндегі қателерді бол­дыр­мауды қамтамасыз ететін тиісті стандарттар мен ұсыныстарды дайындап береді. Ондағы се­нім кілті – АЭС-тің жетіл­дірілген буындары. Ол – бел­сенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерін біріктіретін, стан­саны сыртқы және ішкі әсерге барынша төзімді ететін III+ буын реакторы бар қондырғы”, – дейді Қ.Жұмаділов.

Қазіргі заманғы III және III+ буын зауыттарында жылына 10-7 (10-нан аз минус жетінші қуатқа) оқиғадан аз ауыр апат ықтималдығы бар. Бұл – 10 млн. жылда бір апат болуы мүмкін дегенді білдіреді. АЭС-тің қауіпсіздік деңгейі, мысалы, авиациялық көлікке қарағанда әлдеқайда жоғары.

Көлге қауіп жоқ

“АЭС жобасында Балқаш көлін пайдалану жоспарланған ба?” – деген сұрақ та жұрт кө­ңіліне кірбің ұялатқан. Алдын ала бағалау көрсеткендей, Балқаш көлінің экожүйесіне қауіп төнбейді. АЭС салудың техникалық-экономикалық не­гіздемесін әзірлеу кезінде Бал­қаштың су режіміне ықтимал теріс әсер ететін факторларды, су қоймасы бассейнінің гидро­логиялық сенімділігін, сондай-ақ олардың қалыптасу көзде­рін және жерасты суларының режімін одан әрі зерттеу қажет. Дегенмен табиғи су айдыны жағасында АЭС салу тәжіри­бесі кең таралған және әлем­дегі АЭС пайдаланатын бірде-бір мемлекет әзірге зауыт­тардың су айдынына теріс әсер етуінің нақты фактілерін кездестірмеген.

“Бізде құрылысы қарас­тырылып жатқан реактордың барлығы қос контурлы. Мұнда су бастапқы контурда, ядро­мен тікелей байланыста айна­лады. Бастапқы контурдағы судың жылуы онымен жанас­пастан екінші контурдағы суға беріледі. Бұл жағдайда тур­бина реактордың екінші конту­рында пайда болған бумен қозғалады. Жалпы АЭС су шығарылған бу конденсация­ланатын және қайтадан пай­даланылатын жабық жүйеде айналады. АЭС Балқаш көлінің жағасында орналасса, оны пайдалану кезінде өтелмейтін су ысырабы көлдің табиғи булануынан болатын ысырап­пен салыстырғанда әлдеқайда аз болады”, – деді Т.Жантикин.

Оның айтуынша, ядролық технологияны жеткізушілер ұсынған деректерге сәйкес екі блокты АЭС пайдалану кезінде судың қайтымсыз жоғалуы (булануы) шамамен 63 млн. текше метр/жыл болады. Бұл – оның жалпы булануының 0,32 пайызын ғана құрайды. Көл суы­ның жалпы көлемі – ша­мамен 108,3 млрд. текше метр. Демек АЭС-ті салқындату көлдің көлеміне мүлде әсер етпейді.

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp