Өңір прокурорлары алиментті қасақана төлемей жүргендерді тексеріп, олардың жасырын кірістерін анықтады. Алты борышкер соңғы бірнеше жылда букмекерлік кеңселерде 56 млн. теңгенің операциясын жасаған.
Жергілікті қадағалаушы орган тексеріс жұмыстарын Бас прокуратураның тапсырмасымен жүргізген. Балаларына бірнеше миллион теңге қарызы бола тұра, мойнында алименті барлар букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға көп ақша жұмсап, өз міндеттемелерін орындамай келген.
Мәселен 4,7 млн. теңге мөлшерінде алимент бойынша берешегі бар борышкер, бір жыл ішінде танымал букмекерлік кеңседегі аккаунтын жалпы сомасы 33,9 млн. теңгеге толықтырып, осы кезеңде ұтыс арқылы 14,8 млн. теңге алған. Тағы бір борышкер 1,8 млн. теңге алиментін төлемей, екі жыл ішінде букмекерлік кеңседе 2,5 млн. теңгесінен айырылған.
Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша алты борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, бұл баптың санкциясы екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қылмыстық істерді облыс прокуратурасы бақылауда ұстамақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.