«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЫНАН СОРЫ БАСЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қатпар қыртысты тарихтың “ақтаңдақ” беттері жайлы көп ойлана-тол­ғана келіп, қолыма қалам алуды ұйғардым. Оған себеп, әлі күнге дейін “Тың эпо­пеясы” ту­ралы алаулатып, жа­лау­латып, әсірелеп сурет­теп, күнгей тұста­рына терең бойла­май бетін қал­қып өте шы­ғаты­нымыз. Сол­түс­тік Қазақ­стан мемлекеттік ар­хи­вінің ди­ректо­ры Сәуле Мәліко­ва өз ма­қала­сында ақиқат пен аңызға толы кезеңде небір жа­ңашыл баста­маларға жол ашыл­ғанын, соны­мен қатар асы­ра сілтеу салда­рынан ұлттық ерек­шеліктеріміз бен мәдени құн­дылық­тары­мызға зор нұқсан келгенін, әсі­ресе, тіліміздің да­муы мүл­дем кенжелеп қалға­нын айтқан екен.

Сталин дүние салғанда қа­та­ры күннен-күнге сиреп бара жатқан менің құрдастарым құл­дыраңдай шауып жүрген ойын баласы болатын. Күні бойы да­ланың “шаңын қағып”, кешке та­ман үйге ене бергенім сол еді, әжем көзін сүртіп, жыламсырап отыр екен. Атамның қабағы қа­ту­лы, “өлмесе, өрем қапсын, адамдардың қанын судай ағыз­ған қанышер енді, Жаратқан­ның алдында жауап берсін”, – деп бір тепсініп алды да, орны­нан қоз­ғалақтап тұра берді. Ста­линнен үлкендігі бар атамның кейи сөйлеуінің жөні бар екенін кейін ұқтым. Мектепте ағайлар мен тәтейлер оқушыларды сап­қа тұрғызып қойып, “жылаңдар, неге жыламайсыңдар?” деп ұр­сып сөйлегендерін ауылдағы­лар көпке дейін айтып жүрді. Жоқ­таудың үлгісін Сейтәлі де­ген немере ағам көрсетті. Сәкіге шалқалай жата қалып, керзі еті­гімен тепкілегенде еден тесіліп кете жаздаған. Оның шырқырай шыққан даусы талайларды шо­шындырған.

Босбелбеу, жуас, білімі де, тәжірибесі де шамалы болғаны­мен, ең жоғары билікке қолы жет­кен Георгий Мален­ков­тың қара халыққа жасаған үл­кен жақ­сылығы – азық-түлік са­лығын ал­дыртып тастауы еді. Ол кез­дері әр сиырдан жылына 10 ки­лограмм сарымай, қой-ешкіден тері-терсек, жүн, тауықтан жұмыртқа жинайтын. Салық жи­наушы Адамбай келе жатыр десе, жылаған бала уана қоя­тын. 1954 жылдың қысы алабө­тен мінез танытса да, 23 ақпан “тарихи шешімімен” есте қал­ды. Елдің іші, әсіресе, үлкендер жағы “Қазақстанда, оның ішінде солтүстік өңірлерде тың және тыңайған жерлер игеріліп, мол астыққа кенелетін болдық” деп Мәскеудің бастамасын сан-саққа жүгіртіп жатты. Бұл ұсынысқа В.Молотов бастаған серкелер қарсы шыққан екен, жақтастарына сүйенген Н.Хрущев олар­ды қара есекке теріс мінгізген­дей күй кештірді. Бірер дерек келтірейін. 1949-1953 жылдары жылына орта есеппен 81 млн. тонна астық қам­баға құйылған. Бұл – халық тү­гіл малға да жет­пейтін. Қажет­тілік 2-3 еседен асып түсетін. Іле-шала, яғни 2 наурыз күні Қа­зақстан орталық комитетінің ке­зектен тыс плену­мы өтіп, рес­пуб­ликаны 8 жыл басқарған Ж.Шаяхметов бірінші хатшы­лықтан босатылып, оның орны­на П.Пономаренко, екінші хатшылыққа Л.Брежнев таға­йын­­дал­ды. Осы кадрлық ауыс-күйісті күтіп тұрғандай, көп өт­пей алғашқы тың игерушілер келе бастады. 10 жылдың ішін­де 27 млн. гектар жердің ит та­лағандай апой-топайы шығары­лып, өңірімізге 3,5 млн.-дай өзге ұлт өкілі қоныстанды. Ашаршы­лық жылдары осынша қазақтың ата-баба қонысынан шетелдер­ге босып кеткеніне ешкімнің басы ауыра қойған жоқ. Номен­к­латураның есіл-дерті тусырап жатқан құйқалы жердің ту-талақайын келтіріп, Қазақстанды жасанды түрде әлемдік астық державасына айналдыру бола­тын.

“Таяқтың екі ұшы бар” де­мек­ші, алдымен тың және ты­ңайған жерлерді игерудің пайдалы тұстарына тоқталып өтейін. Сол кездегі 70-80 үйлі Аралағаш ауылының тұрмысы мақтанарлық еместұғын. Тех­никаның саны оннан аспайтын. Машина дегені – жалғыз “полу­торка”. “Универсал” дейтін бір ғана адам отыратын тракторды Балғожа есімді ағамыз жүргізді. Кейін ол “ДТ-54”-ке отырды. Жа­рық, радио, теледидар, теле­фон өңіміз түгіл түсіміз­ге кір­мей­тін. Қай жылы екені есімде жоқ, әкем мен Сейітмұ­ханбет ағай есепші болып жұ­мыс істеп жүргенде телефон­ның бір құла­ғын құлшына бұ­рап, “әло, әло, де­вушка, меня сое­дините с со­безом” деп, кең­сені бастарына көтеріп жата­тын. Жатаған кірпіш клубта айы­на бір рет кино көрсетілетін. Киномеханик – Ана­толий деген орыс жігіті. Ақ­ша­ның қат зама­ны. Бізден қу­лық артылған ба, түс ауа бір үзім нанымызды қой­нымызға са­лып, ертерек сахна­ның астына тығылып жататын­быз. Екінші жағы – кітапхана. Мектепте са­бақты керосин шам­мен оқимыз. Шам 7-лік, 10-дық, 20-лық, 30-дық деп бөлінетін. Аудан орта­лығынан керосин құйылған 200 литрлік бөшкені өгіз арбамен Кәмәли атамыз та­ситын. Міне, тыңға дейінгі кез келген қазақ ауылының жағ­дайы осындай адам аярлықтай мүшкіл бола­тын.

Толарсақтан келетін қар еріп, жер жіби баста­ған­да мәс­кеуліктер орны­ғып, “Ленин” кең­шарының ірге­тасын қалауға кі­рі­сіп кетті. Осы жылы мен мек­теп табылдыры­ғын аттадым. 1956 жылы егін бітік шығып, Қазақстан тұң­ғыш рет “мил­лиардер” атанды. Ауыл шаруа­шылығы қызмет­керлері 60 жас­та зейнетке шы­ғып, естері шыға қуанысты. Зей­нетақы мардым­сыз болса да, соған шүкіршілік етті. Еңбекақы қант пен шайдан артылмайтын. “Аралағаш” ұжым­шары тараты­лып, “Ленин” кеңшарының бір бөлімшесіне ауыстырылды. Бұрынғы бас­қармамыз Ғазез Құрманбаев­тың қызметі жоға­ры­лап, Сәкен Нұрғалиев бөлім­ше меңгеруші­лігіне тағайын­дал­ды. Ауданнан екі орыс әйелі келіп, еңкейген қарттан еңбек­теген сәбиге дейін құжат­тандыруды бас­тап кетті. 1958 жылдың жазы есімде қалыпты. Үлкендер жағы тың игерушілер­мен бірлесіп, еде­ні тақтайлан­ған, шатыры шифрланған, электр сымдары тартылған жаңа үйлерге қо­ныстана баста­ды. Алғаш рет электр жарығы бе­рілгенде бөр­кін аспанға лақ­тырғандай шат­тыққа бөленген тұрғындар таң атқанша ұйқы көр­ген жоқ.

Өкініштісі сол, жайылымдық жерлер ауыл іргесіне дейін жыр­тылып, малдың өрісі мүлдем тарылып кетті. Тракторлар зауыт­тан жаңа шыққан төрт тіл­ді соқаларды тіркеп, әрлі-берлі ойқастағанда ауылды қара шаң­ға бөктіріп жіберетін. Кісі бойы жүгеріні бірінші көруіміз, таң­сық. Ұстаздарымыз 7-ші сынып­қа дейін барлық оқушыны жүгері сабағын жинауға апаратын. Тың игерудің аяғы Хрущевтың Қа­зақстанды өлкелерге бөлшек­теуіне, біраз жерлерді Өзбек­станға беруіне жалғасты. Бас­шылардың арасында қазақтар “арпа ішіндегі бір бидайдай” кө­рінетін. Негізінен Мәскеудің пәр­менімен тағайындалатын. Ең со­рақысы, тіліміздің, діліміздің, діні­міздің өркендеуіне, салт-дәстүрлеріміздің кеңінен қанат жаяюына тыйым салынды. Тіпті таза қазақтар тұратын елді ме­кендерде іс-қағаз орыс тілі­не жап­пай көшірілді. Орыс сы­ныптары ашылып, онда қазақ балалары еріксіз оқытылды. Қоғамдық көліктерде кездесіп қалған ағайындармен ана тілі­мізде сөйлесе бастасаң, бірден ескерту жасайтын. Мұндай жағ­дайлар өз басымнан көп өтті. 1959 жылғы республикалық са­нақта тұрғылықты жұрттың үлесі 29 пайызға дейін құл­ды­рап кетуінің басты сыры тың­ға келіп тіреледі. Оның зарда­бын әлі тартып келеміз. Енді бол­мағанда сақа сияқты аз ұлт­тардың кебін киетініміз әбден мүмкін еді. Қазақ жерін жүзде­ген этностың “лаборатория­сына” айналдырудың ақыры аралас некенің, “интернацио­на­листік отбасылардың”, өз ұлты­нан жеріген ұрпақтың көбеюіне соқтырды. Тың игеруді сылтау етіп, түрмеден босатылған бас­кесерлер мен ұрыларды, ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен жүруді өмірлік мұрат еткен кер­жалқауларды қойша тоғытты. Құдайы көршіміз, 3-ші бригада­ның түнгі күзетшісі Қасен атаны ұрып өлтіріп, өгіз шанаға салып жіберген, қара халықты қан қақ­сатқан осы тақылеттес басқа да қаныпезер оқиғалар аз болған жоқ.

Н.Хрущевтің мемуарында “Мен Қазақстанда патшалық Ре­сейдің ғасырлар бойы істей ал­мағанын он жылда орындап шықтым” деп мойындай жа­зуында үлкен шындық жатыр. Сондықтан тың игеру кезін “эпо­пея” деп аспандатудың еш қа­жеті жоқ. Тың игеру жылдарын­да бағымыздан сорымыздың әл­деқайда көп болғанын шетелдік тарихшылар да жеріне жеткізе жазғаны әркімге ой салуы тиіс.

Сансызбай ЖҰМАБЕК,

өлкетанушы.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp