Қатпар қыртысты тарихтың “ақтаңдақ” беттері жайлы көп ойлана-толғана келіп, қолыма қалам алуды ұйғардым. Оған себеп, әлі күнге дейін “Тың эпопеясы” туралы алаулатып, жалаулатып, әсірелеп суреттеп, күнгей тұстарына терең бойламай бетін қалқып өте шығатынымыз. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова өз мақаласында ақиқат пен аңызға толы кезеңде небір жаңашыл бастамаларға жол ашылғанын, сонымен қатар асыра сілтеу салдарынан ұлттық ерекшеліктеріміз бен мәдени құндылықтарымызға зор нұқсан келгенін, әсіресе, тіліміздің дамуы мүлдем кенжелеп қалғанын айтқан екен.
Сталин дүние салғанда қатары күннен-күнге сиреп бара жатқан менің құрдастарым құлдыраңдай шауып жүрген ойын баласы болатын. Күні бойы даланың “шаңын қағып”, кешке таман үйге ене бергенім сол еді, әжем көзін сүртіп, жыламсырап отыр екен. Атамның қабағы қатулы, “өлмесе, өрем қапсын, адамдардың қанын судай ағызған қанышер енді, Жаратқанның алдында жауап берсін”, – деп бір тепсініп алды да, орнынан қозғалақтап тұра берді. Сталиннен үлкендігі бар атамның кейи сөйлеуінің жөні бар екенін кейін ұқтым. Мектепте ағайлар мен тәтейлер оқушыларды сапқа тұрғызып қойып, “жылаңдар, неге жыламайсыңдар?” деп ұрсып сөйлегендерін ауылдағылар көпке дейін айтып жүрді. Жоқтаудың үлгісін Сейтәлі деген немере ағам көрсетті. Сәкіге шалқалай жата қалып, керзі етігімен тепкілегенде еден тесіліп кете жаздаған. Оның шырқырай шыққан даусы талайларды шошындырған.
Босбелбеу, жуас, білімі де, тәжірибесі де шамалы болғанымен, ең жоғары билікке қолы жеткен Георгий Маленковтың қара халыққа жасаған үлкен жақсылығы – азық-түлік салығын алдыртып тастауы еді. Ол кездері әр сиырдан жылына 10 килограмм сарымай, қой-ешкіден тері-терсек, жүн, тауықтан жұмыртқа жинайтын. Салық жинаушы Адамбай келе жатыр десе, жылаған бала уана қоятын. 1954 жылдың қысы алабөтен мінез танытса да, 23 ақпан “тарихи шешімімен” есте қалды. Елдің іші, әсіресе, үлкендер жағы “Қазақстанда, оның ішінде солтүстік өңірлерде тың және тыңайған жерлер игеріліп, мол астыққа кенелетін болдық” деп Мәскеудің бастамасын сан-саққа жүгіртіп жатты. Бұл ұсынысқа В.Молотов бастаған серкелер қарсы шыққан екен, жақтастарына сүйенген Н.Хрущев оларды қара есекке теріс мінгізгендей күй кештірді. Бірер дерек келтірейін. 1949-1953 жылдары жылына орта есеппен 81 млн. тонна астық қамбаға құйылған. Бұл – халық түгіл малға да жетпейтін. Қажеттілік 2-3 еседен асып түсетін. Іле-шала, яғни 2 наурыз күні Қазақстан орталық комитетінің кезектен тыс пленумы өтіп, республиканы 8 жыл басқарған Ж.Шаяхметов бірінші хатшылықтан босатылып, оның орнына П.Пономаренко, екінші хатшылыққа Л.Брежнев тағайындалды. Осы кадрлық ауыс-күйісті күтіп тұрғандай, көп өтпей алғашқы тың игерушілер келе бастады. 10 жылдың ішінде 27 млн. гектар жердің ит талағандай апой-топайы шығарылып, өңірімізге 3,5 млн.-дай өзге ұлт өкілі қоныстанды. Ашаршылық жылдары осынша қазақтың ата-баба қонысынан шетелдерге босып кеткеніне ешкімнің басы ауыра қойған жоқ. Номенклатураның есіл-дерті тусырап жатқан құйқалы жердің ту-талақайын келтіріп, Қазақстанды жасанды түрде әлемдік астық державасына айналдыру болатын.
“Таяқтың екі ұшы бар” демекші, алдымен тың және тыңайған жерлерді игерудің пайдалы тұстарына тоқталып өтейін. Сол кездегі 70-80 үйлі Аралағаш ауылының тұрмысы мақтанарлық еместұғын. Техниканың саны оннан аспайтын. Машина дегені – жалғыз “полуторка”. “Универсал” дейтін бір ғана адам отыратын тракторды Балғожа есімді ағамыз жүргізді. Кейін ол “ДТ-54”-ке отырды. Жарық, радио, теледидар, телефон өңіміз түгіл түсімізге кірмейтін. Қай жылы екені есімде жоқ, әкем мен Сейітмұханбет ағай есепші болып жұмыс істеп жүргенде телефонның бір құлағын құлшына бұрап, “әло, әло, девушка, меня соедините с собезом” деп, кеңсені бастарына көтеріп жататын. Жатаған кірпіш клубта айына бір рет кино көрсетілетін. Киномеханик – Анатолий деген орыс жігіті. Ақшаның қат заманы. Бізден қулық артылған ба, түс ауа бір үзім нанымызды қойнымызға салып, ертерек сахнаның астына тығылып жататынбыз. Екінші жағы – кітапхана. Мектепте сабақты керосин шаммен оқимыз. Шам 7-лік, 10-дық, 20-лық, 30-дық деп бөлінетін. Аудан орталығынан керосин құйылған 200 литрлік бөшкені өгіз арбамен Кәмәли атамыз таситын. Міне, тыңға дейінгі кез келген қазақ ауылының жағдайы осындай адам аярлықтай мүшкіл болатын.
Толарсақтан келетін қар еріп, жер жіби бастағанда мәскеуліктер орнығып, “Ленин” кеңшарының іргетасын қалауға кірісіп кетті. Осы жылы мен мектеп табылдырығын аттадым. 1956 жылы егін бітік шығып, Қазақстан тұңғыш рет “миллиардер” атанды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері 60 жаста зейнетке шығып, естері шыға қуанысты. Зейнетақы мардымсыз болса да, соған шүкіршілік етті. Еңбекақы қант пен шайдан артылмайтын. “Аралағаш” ұжымшары таратылып, “Ленин” кеңшарының бір бөлімшесіне ауыстырылды. Бұрынғы басқармамыз Ғазез Құрманбаевтың қызметі жоғарылап, Сәкен Нұрғалиев бөлімше меңгерушілігіне тағайындалды. Ауданнан екі орыс әйелі келіп, еңкейген қарттан еңбектеген сәбиге дейін құжаттандыруды бастап кетті. 1958 жылдың жазы есімде қалыпты. Үлкендер жағы тың игерушілермен бірлесіп, едені тақтайланған, шатыры шифрланған, электр сымдары тартылған жаңа үйлерге қоныстана бастады. Алғаш рет электр жарығы берілгенде бөркін аспанға лақтырғандай шаттыққа бөленген тұрғындар таң атқанша ұйқы көрген жоқ.
Өкініштісі сол, жайылымдық жерлер ауыл іргесіне дейін жыртылып, малдың өрісі мүлдем тарылып кетті. Тракторлар зауыттан жаңа шыққан төрт тілді соқаларды тіркеп, әрлі-берлі ойқастағанда ауылды қара шаңға бөктіріп жіберетін. Кісі бойы жүгеріні бірінші көруіміз, таңсық. Ұстаздарымыз 7-ші сыныпқа дейін барлық оқушыны жүгері сабағын жинауға апаратын. Тың игерудің аяғы Хрущевтың Қазақстанды өлкелерге бөлшектеуіне, біраз жерлерді Өзбекстанға беруіне жалғасты. Басшылардың арасында қазақтар “арпа ішіндегі бір бидайдай” көрінетін. Негізінен Мәскеудің пәрменімен тағайындалатын. Ең сорақысы, тіліміздің, діліміздің, дініміздің өркендеуіне, салт-дәстүрлеріміздің кеңінен қанат жаяюына тыйым салынды. Тіпті таза қазақтар тұратын елді мекендерде іс-қағаз орыс тіліне жаппай көшірілді. Орыс сыныптары ашылып, онда қазақ балалары еріксіз оқытылды. Қоғамдық көліктерде кездесіп қалған ағайындармен ана тілімізде сөйлесе бастасаң, бірден ескерту жасайтын. Мұндай жағдайлар өз басымнан көп өтті. 1959 жылғы республикалық санақта тұрғылықты жұрттың үлесі 29 пайызға дейін құлдырап кетуінің басты сыры тыңға келіп тіреледі. Оның зардабын әлі тартып келеміз. Енді болмағанда сақа сияқты аз ұлттардың кебін киетініміз әбден мүмкін еді. Қазақ жерін жүздеген этностың “лабораториясына” айналдырудың ақыры аралас некенің, “интернационалистік отбасылардың”, өз ұлтынан жеріген ұрпақтың көбеюіне соқтырды. Тың игеруді сылтау етіп, түрмеден босатылған баскесерлер мен ұрыларды, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді өмірлік мұрат еткен кержалқауларды қойша тоғытты. Құдайы көршіміз, 3-ші бригаданың түнгі күзетшісі Қасен атаны ұрып өлтіріп, өгіз шанаға салып жіберген, қара халықты қан қақсатқан осы тақылеттес басқа да қаныпезер оқиғалар аз болған жоқ.
Н.Хрущевтің мемуарында “Мен Қазақстанда патшалық Ресейдің ғасырлар бойы істей алмағанын он жылда орындап шықтым” деп мойындай жазуында үлкен шындық жатыр. Сондықтан тың игеру кезін “эпопея” деп аспандатудың еш қажеті жоқ. Тың игеру жылдарында бағымыздан сорымыздың әлдеқайда көп болғанын шетелдік тарихшылар да жеріне жеткізе жазғаны әркімге ой салуы тиіс.
Сансызбай ЖҰМАБЕК,
өлкетанушы.
Аққайың ауданы.