Биылғы жылы көктемде болған алапат су тасқынынан Петропавл қаласында 2400-ге жуық үйге зақым келді. Олардың басым бөлігі Ойқала, Былғары зауыты, Заречный шағынаудандарында орналасқан баспаналар болатын. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, құрылған арнайы комиссия 1600 үйді тұруға мүлдем жарамсыз және 757-ін қалпына келтіруге болады деп таныған.
Мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары, тіпті қарапайым адамдар көктем айларында табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын ұсынды. Олардың көмегімен су тасқынының зардабын жою бағытында орасан зор жұмыс жүргізілді. Адам тұруға жарамсыз үйлер толығымен бұзылды. Табиғат апаты болған жерлерден 115 мың тоннадан астам күл-қоқыс пен әртүрлі материалдар жиналып, шығарылды. Су тасқыны салдарынан кейін жөндеуге болатын инфрақұрылымдар мен үйлер қалпына келтірілуде.
“Qyzyliar Asar” корпоративтік қорының хабарлауынша, су тасқынынан зардап шеккен 925 отбасына қор Петропавл қаласынан 1057 пәтер сатып алған. Бұл мақсатқа 19,5 миллиард теңге ақша жұмсалған.
Ал облыс орталығының шет жағындағы “Солнечный” кентінің жанында жаңадан “Бірлік” шағынауданы бой көтерді. Жуырда жаңа шағынауданға атбасын тіредік. Мұнда су тасқынынан кейін баспанасынан айырылған отбасылар жаз және күздің алғашқы айында қоныстойларын тойлап жатыр.
“Қазақстан халқына”, “Kaspi kz” қорларының, “Kazminerals Management” және “Kazakhmys” корпорацияларының қаржылық көмектерімен бұл жерде жалпы саны жеті жүз үй бой көтерген. Осы үйлердің құрылысының жартысынан астамына біздің облыстың жиырмаға жуық ұйымдары мен кәсіпорындары қатысқан. Астананың “Integra Construction KZ” компаниясы үш жүз үй тұрғызды.
Солтүстікқазақстандықтар салған үйлердің шатырлары жасыл түсті және сыртынан қабырғалары сарыға боялған. Ал астаналық құрылысшылар тұрғызған баспаналардың шатырлары сұрғылт және үйлердің қасбеттері ақшыл-сұр колермен боялған.
Жаңадан бой көтерген үйлердің біріне Кухаренконың отбасы қоныстаныпты. Отағасы Андрей Петрович зейнеткер, оның зайыбы Нина Алексеевна балабақшада жұмыс істейді екен. Олардың отыз жастағы ұлы Александрдың өз жұмысы бар. Ойқала шағынауданындағы жиырма жыл тұрған үйін арнаулы комиссия жарамсыз деп таныпты. Олар осындағы жаңа үйге екі ай бұрын көшіп келген. Қысқа қажет отыны мен көмірін жеткізіп алыпты. Кухаренко отбасы жаңа баспанаға көңілдері толатынын қуанышпен жеткізді.
– Егер үйдің салынуында әлдебір кемшілік анықталса, біз бірден осы баспананы салған құрылысшыларға хабарлаймыз. Олар келіп біз көрсеткен кемшіліктерді түзеп береді, – дейді Андрей Петрович.
Жас отбасы Юрий мен Екатерина Бабиктердің қолында бір жарым жасар ұлдары Евгений бар. Олар Кухаренколардан алыс емес, бірақ астаналық құрылысшылар салған үйде тұрады. Юрийдің айтуынша, астаналық құрылысшылар жаңа үйдегі еден төсемін линолеумге ауыстырған. Өйткені бұған дейін төселген ламинаттың кейбірі көтеріліп кетіпті.
Бабиктердің басқа көршілері “Integra Construction KZ” компаниясының ұқсас жобасы бойынша салынған үйде тұрады екен. Олар да құрылысшылар тарапынан кеткен кемшіліктерді анықтап, жөндетіпті, енді “астаналық” үйлер солтүстіктің қытымыр аязына төтеп бере ала ма екен деп уайымдайды.
Біз “Бірлік” шағынауданы тұрғындарының осы мәселесімен астаналық “Integra Construction KZ” компаниясының жоба жетекшісі Алмас Тілеубаевқа хабарласқан едік. Ол “Бірлік” шағынауданында салынған жиналмалы-щитті үйлер солтүстіктің суық ауа райы ескеріліп бой көтергенін алға тартты. Құрылыс барысында “GLB” үй құрылысы комбинаты шығаратын үшқабатты панельдер пайдаланылған. Бұл панельдердің жылуды сақтайтын және дыбыс оқшаулайтын қасиеті бар. Алмас Тілеубаев сонымен қатар өзінің әріптестері осында тұрақты жүретінін және қандай да болмасын кемшіліктерді жедел түзейтінін айтты. Оның сөзінше, бірқатар құрылысшы осы ауылда қалып, қыс айларын тұрғындармен бірге өткізбек екен.
“Бірлік” шағынауданында өзінің учаскелік полиция бекеті бар. Осында қоныс аударып келгендер жаңа шағынаудандағы құрылыс мәселесін үйлестіру жөніндегі арнаулы штабқа да аракідік бас сұғып, өздерінің мәселелерін шешеді. Штабтың негізгі жұмыстарын облыстық құрылыс басқармасының қызметкерлері атқарады. Штаб жұмысына үйлерді салуға қатысқан барлық құрылыс кәсіпорындарының өкілдері қатысады.
Мұнда қоныс аударып келгендер жаңа баспаналарын жайғастырып, қысқы маусымға даярлануда, кейбіреулері үйінің жанында қосымша құрылыстар жүргізіп жатыр, келешек бау-бақшасы үшін көң төгуде. Шағынауданда тоқсан орындық балабақшаның құрылысы жоғары қарқынмен жүргізілуде. Келешекте мектеп салынбақ. Бір сөзбен айтқанда, “Бірліктегі” үйлердің түтіні түзу ұшады деп үміттенеміз.
Марат ШЫНТЕМІРОВ,
журналист.
Суреттерді түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.