«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІРЛІКТЕГІ” тынымсыз тірлік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биылғы жылы көктемде болған алапат су тасқынынан Петропавл қаласында 2400-ге жуық үйге зақым келді. Олардың басым бөлігі Ойқала, Былғары зауыты, Заречный ша­ғынаудандарында орналасқан баспаналар болатын. Біздің қо­лымыздағы деректерге қараған­да, құрылған арнайы комиссия 1600 үйді тұруға мүлдем жа­рам­сыз және 757-ін қалпына кел­тіруге болады деп таныған.

Мемлекеттік органдар, кәсіп­орындар, еріктілер мен қайы­рымдылық ұйымдары, тіпті қара­пайым адамдар көктем айла­рын­да табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қо­лын ұсынды. Олардың көмегі­мен су тас­қынының зардабын жою ба­ғы­тында орасан зор жұ­мыс жүргі­зілді. Адам тұруға жа­рамсыз үй­лер толығымен бұзыл­ды. Таби­ғат апаты болған жер­лерден 115 мың тон­надан астам күл-қоқыс пен әртүрлі материал­дар жина­лып, шығарылды. Су тасқыны сал­­дарынан кейін жөн­деуге бо­ла­­тын инфрақұрылым­дар мен үй­лер қалпына келті­рілуде.

“Qyzyliar Asar” корпоративтік қорының хабарлауынша, су тас­қынынан зардап шеккен 925 от­басына қор Петропавл қаласы­нан 1057 пәтер сатып алған. Бұл мақсатқа 19,5 мил­лиард теңге ақша жұмсалған.

Ал облыс орталығының шет жағындағы “Солнечный” кентінің жанында жаңадан “Бірлік” ша­ғынауданы бой көтерді. Жуырда жаңа шағынауданға атбасын тіредік. Мұнда су тасқынынан кейін бас­панасы­нан айырылған отбасы­лар жаз және күздің ал­ғашқы айында қо­ныстойларын тойлап жатыр.

“Қазақстан халқына”, “Kaspi kz” қорларының, “Kazminerals Management” және “Kazakhmys” корпорацияларының қаржылық көмектерімен бұл жерде жалпы саны жеті жүз үй бой көтерген. Осы үйлердің құрылысының жар­тысынан астамына біздің облыс­тың жиырмаға жуық ұйымдары мен кәсіпорындары қатысқан. Астананың “Integra Construction KZ” компаниясы үш жүз үй тұрғызды.

Солтүстікқазақстандықтар сал­ған үйлердің шатырлары жа­сыл түсті және сыртынан қа­бырғалары сарыға боялған. Ал астаналық құрылысшылар тұр­ғызған баспаналардың шатыр­лары сұрғылт және үйлердің қасбеттері ақшыл-сұр колермен боялған.

Жаңадан бой көтерген үй­лер­дің біріне Кухаренконың от­басы қоныстаныпты. Отағасы Андрей Петрович зейнеткер, оның зайыбы Нина Алексеевна балабақшада жұмыс істейді екен. Олардың отыз жастағы ұлы Александрдың өз жұмысы бар. Ойқала шағынауданындағы жиырма жыл тұрған үйін ар­наулы комиссия жарамсыз деп таныпты. Олар осындағы жаңа үйге екі ай бұрын көшіп келген. Қысқа қажет отыны мен көмірін жеткізіп алыпты. Куха­ренко от­басы жаңа баспанаға көңілдері толатынын қуанышпен жеткізді.

– Егер үйдің салынуында әлдебір кемшілік анықталса, біз бірден осы баспананы салған құрылысшыларға хабарлаймыз. Олар келіп біз көрсеткен кем­шіліктерді түзеп береді, – дейді Андрей Петрович.

Жас отбасы Юрий мен Екате­рина Бабиктердің қолында бір жарым жасар ұлдары Евгений бар. Олар Кухаренколардан алыс емес, бірақ астаналық құ­рылысшылар салған үйде тұра­ды. Юрийдің айтуынша, аста­налық құрылысшылар жаңа үй­дегі еден төсемін линолеумге ауыстырған. Өйткені бұған дейін төселген ламинаттың кейбірі көтеріліп кетіпті.

Бабиктердің басқа көршілері “Integra Construction KZ” компа­ния­сының ұқсас жобасы бойын­ша салынған үйде тұрады екен. Олар да құрылысшылар тара­пынан кеткен кемшіліктерді анықтап, жөндетіпті, енді “астаналық” үйлер солтүстіктің қытымыр аязына төтеп бере ала ма екен деп уайымдайды.

Біз “Бірлік” шағынауданы тұр­ғындарының осы мәселесімен астаналық “Integra Construction KZ” компаниясының жоба жетек­шісі Алмас Тілеубаевқа хабар­ласқан едік. Ол “Бірлік” шағынау­данында салынған жиналмалы-щитті үйлер солтүстіктің суық ауа райы ескеріліп бой көтерге­нін алға тартты. Құрылыс бары­сын­да “GLB” үй құрылысы ком­би­наты шығаратын үшқабатты панельдер пайдаланылған. Бұл панельдердің жылуды сақтай­тын және дыбыс оқшаулайтын қасиеті бар. Алмас Тілеубаев сонымен қатар өзінің әріптестері осында тұрақты жүретінін және қандай да болмасын кемшілік­терді жедел түзейтінін айтты. Оның сөзінше, бірқатар құрылысшы осы ауылда қалып, қыс айларын тұрғындармен бірге өткізбек екен.

“Бірлік” шағынауданында өзінің учаскелік полиция бекеті бар. Осында қоныс аударып кел­гендер жаңа шағынаудандағы құрылыс мәселесін үйлестіру жөніндегі арнаулы штабқа да ара­кідік бас сұғып, өздерінің мә­селелерін шешеді. Штабтың не­гізгі жұмыстарын облыстық құ­рылыс басқармасының қызмет­керлері атқарады. Штаб жұ­мысына үйлерді салуға қатыс­қан барлық құрылыс кәсіпорын­да­рының өкілдері қатысады.

Мұнда қоныс аударып кел­гендер жаңа баспаналарын жай­ғастырып, қысқы маусымға даяр­лануда, кейбіреулері үйінің жа­нында қосымша құрылыстар жүр­гізіп жатыр, келешек бау-бақша­сы үшін көң төгуде. Ша­ғынау­дан­да тоқсан орындық ба­лабақ­ша­ның құрылысы жоғары қарқын­мен жүргізілуде. Келе­шекте мек­теп салынбақ. Бір сөз­бен айт­қанда, “Бірліктегі” үйлер­дің түтіні түзу ұшады деп үміт­тенеміз.

Марат ШЫНТЕМІРОВ,

журналист.

Суреттерді түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp