«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дипломатия дүлдүлі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәлім Құрманғожин қазақ дипломатиясының тарихына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және өз ісіне адал, дипломатиялық қызметке өзін толық арнаған жарқын тұлға ретінде енді. Еліміздің Венгриядағы тұңғыш төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған кезінде Сәлім Әлмағамбетұлы Венгриямен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосты.

Тәжірибелі дипломат, адал одақтас, лайықты басшы бола отырып, өзінің бар білімі мен тәжірибесін тәуелсіз Қа­зақстан­ның дипломатиялық қыз­ме­тін дамытуға жұмсады. Сә­лім Құрманғожин 1934 жыл­дың төртінші қаңтарында Сол­түстік Қазақстан облысы, Сер­геев ауданы (қазіргі Шал ақын ауданы), Еңбек ауылында дү­ниеге келген. Әкесі – Әлма­ған­бет Құрманғожин ұзақ жылдар өңірдегі Ленин атындағы және “Қазақ КСР-інің 30 жылдығы” кеңшарларының төрағасы бо­лып қызмет етті.

1951 жылы Петропавл қа­ласындағы қазақ орта мекте­бін бітірген жас арман қуып Алматыға барады. Бала күні­нен географияны сүйіп оқыған ол әлем аралап, басқа елдер­ге саяхаттауға ынтық еді. Сол үшін де университеттің геогра­фия мамандығына оқуға тү­суге талпынады. Алайда емти­хан болатын күні қатты науқас­танып қалып, бұл ойы жүзеге аспай қалады. Талапты жан басқа жолды таңдап, бірнеше жылдан кейін шет тілдер инс­ти­тутын тамамдап шығады. Осылайша оның саясаттағы даңғыл жолы басталып, Кеңес одағының үздік дипломат­та­рының біріне айналады.

Алматыдағы институттың ағылшын тілі мұғалімі маман­дығын бітіргеннен кейін Сәлім Құрманғожин Петропавл пе­дагогикалық институтында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Қазақ КСР Сыртқы істер ми­нистрлігінің 2-ші, 1-ші хатшы­сы, БАӘ-дегі КСРО елшілігінің мә­дени байланыстар бөлімі­нің 3-ші хатшысы, КСРО Сырт­қы істер министрлігі Таяу Шы­ғыс департаментінің 3-ші, 2-ші, 1-ші хатшысы, Стамбул қа­ла­сындағы КСРО бас консулды­ғының консулы қызметтерін ат­қарды. Қазақстанның Венгрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Қа­зақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігі бақылау бас­қармасының бастығы, Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы бола жүріп Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы дос­тық қарым-қатынастың ны­ғаюына атсалысты. Қазақ­стан-Америка университетін­де ағылшын тілінде диплома­тия бойынша дәріс оқыды.

Ұзақ жылғы абыройлы ең­бегі үшін дипломат орта дәре­желі жұлдызы бар Крест орде­німен (Венгрия), “Қазақстан Республикасы дипломатия­лық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері”, “Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері” ме­даль­дарымен марапатталған. “Дипломатиялық қызметте 45 жыл” (2004 жылы жарық көр­ген) кітабының авторы.

Бұл туындысында автор КСРО-ның Мысырдағы, Түр­киядағы, Эфиопиядағы елші­лік­теріндегі және Кеңес ода­ғының Сыртқы істер министр­лігінің орталық аппаратында­ғы қызметі туралы әңгімелеп, өз өмірінде болған оқиғаларға баға береді. Дипломатиялық қызметтегі 45 жыл – ай­тар­лықтай кезең. Сәлім Құрманғо­жин “дипломаттың жұмысы қы­зық қана емес, сонымен қатар өте қиын, ол үшін, ең алдымен, сабырлы әрі қыңыр болу ке­рек”, – дейді.

Сәлім Құрманғожин – Ке­ңес өкіметі жылдарында шет­ел­­де алып державаның мүд­десін қорғау және Қа­зақстан тәуелсіздік алғаннан кейін отандық дипломатия саласын­да қызмет ету сынды зор жа­уапкершілікті арқалаған са­нау­лы қазақстандық дипло­маттардың бірі.

Халқымыз “Көп жасаған біл­мейді, көп көрген біледі” дейді. Дипломатиялық қызмет жыл­да­рында Сәлім Құр­ман­ғожин көптеген мемлекеттік және сая­си қайраткерлермен, жазушы­лармен, ғалымдармен және өнер қайраткерлерімен кездес­ті. Жұмыстан кеткеннен кейін ұс­таздыққа ауысты. Уни­верси­тет студенттеріне Сәлім Құр­ман­ғожиннің айтары көп еді.

Қазақстан дипломатиялық қызметінің ардагері Сәлім Құр­манғожин 2018 жылдың 1 қа­за­нында 85 жасында өмірден өтті.

Дипломаттың өмірі мен қар­балас жұмысы туралы жазыл­ған “Немерелеріме қалдыра­мын” атты кітапта ардақты тұл­ғаның өмірі мен қызметі тура­лы жан-жақты баяндалған. Бұл туындыда бар ғұмырын осы салаға арнаған қызмет­кер­лермен қатар олардың жар­ларының өмір жолдары да ай­тылған. Өйткені әйелдер қиын дипломатиялық өмірде әрқа­шан сенімді тірек, кеңесші болуы керек. Бұл кітап арқылы автор немерелеріне олардың қалай өскенін, оқығанын, ең­бек еткенін айтқысы келген.

Қайырбай АМАНЖОЛОВА,

Шал ақын аудандық

кітапханасының библиографы.

СУРЕТТЕ: С.Құрманғо­жин зайыбымен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp