Қарттар күніне орай Петропавлдағы аға буын өкілдері “Бірлік” шағынауданына барып, атқарылған жұмыстармен танысты. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты.
Жаңадан бой көтерген шағынаудан тұрғындары аға буын өкілдерін ерекше салтанатпен қарсы алды. Жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашса, ақжаулықты аналар аста-төк дастарқан жайды. Меймандар шағынауданды аралап шыққаннан кейін игі іске ат салысып, жаңа балабақшаның маңайына ағаш отырғызды.
Ағаштардың бірін өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов екті. Жалпы “Бірлік” шағынауданын абаттандыру бойынша арнайы жоспар құрылған.
“Бірліктегі” алғашқы ағаш көшеттерін алдыңғы толқын өкілдері отырғызады деп жоспарлаған едік. Сол күнге де жеттік. Шағынауданды көгалдандыру жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа мектептің құрылысын бастайтын күн де алыс емес”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын. Осы айдың соңына қарай барлық жұмыс тамамдалып, нысан пайдалануға берілмек. Өңір басшысы ауданда қолға алынатын өзге де істер жайлы айтты. Соның бірін спортшылар қауымы асыға күтіп жүр.
“Жолдың арғы бетінде 100 үй орналасқан. Сол төңіректе футбол академиясы тұрғызылады. Жабық манеж де салынады. Мұндай нысан елімізде саусақпен санарлық. Жас балалар сол жерде жаттығатын болады”, – деді облыс әкімі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.