«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ісмердің байлығы – қолында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көне замандарда қалыптасып, бүгінге дейін өз қасиетін жоғалтпай жеткен, қазақ ұлттық мәдениетінің аса құнды салаларының бірі – қолөнер. Қолөнер – ілкі заманның шежіресі, халқымыздың рухани болмысының айнасы, салт-дәстүрдің сарқылмас кеніші. Өңірімізде қазақтың тұрмыс-тіршілігінің өзегі болған мұраны жаңғыртып, төл өнерді жанына серік еткен жандар аз емес. Соның бірі – Қапура Әлімжанқызы.

Тайынша ауданына қарасты Мәдениет ауылында тұратын қолөнер шебері – өзінің өнегелі ісімен көпке үлгі. Қазақ­тың бол­мысынан сыр шертетін ұлттық қолөнермен айналысу екінің бірі­нің қолынан келе бермейді. Өйт­кені бұл өнер төзімділікті, епті­лікті, ұқыпты­лықты, шеберлікті қажет етеді. Тігін тігу өз алдына, көрпе-жас­тық, текеметке басы­ла­тын әрбір ою-өрнектің өз ор­ны, мән-ма­ңызы, ерекшелігі бар. Сондықтан ға­сырлар қолтаңба­сы болған ою-өрнектің тарихын жете білетін шебер ата-бабадан мирас бол­ған бай мәдени мұра­ны ұқыпты­лықпен сақтап, тігін тігу ісіне үл­кен жауапкершілікпен қарайды.

Өңірде Қапура Әлімжанқызы сияқты текемет, сырмақ сырып, киіз басатын адам некен-саяқ. Он саусағынан өнер тамған іс­мердің жасы 80-нен асса да қо­лы­нан ине-жібін тастаған емес.

– Бала күнімнен тоқуға, тігуге, ою оюға әуес болдым. Қатар­лас­тарым күнұзаққа далада ойнаса, мен ине, жіп, түйме, қайшыны ер­мек қылатынмын. Тігіншілік – ерек­ше шыдамдылықты қажет ете­тін мамандық. Осындай қиын са­ланы таңдағаным үшін еш өкін­беймін. Себебі мен өз кәсі­бім­нен ерекше ләззат аламын. Жалпы қандай бұйымды болма­сын әде­мі етіп жасау үшін әуелі ынта ке­рек. Өзің сүйсініп жаса­ған бұйым жұртшылықтың көңі­лінен шыға­ды. Тігіншілікті де ике­мі бар адам меңгереді. Бұл өнерді ке­лін­дерім мен немере­ле­ріме үй­ре­тіп келе­мін. Ине мен жіп қыз ба­ла­ның жанынан бір елі қал­мауы керек. Іс тіге білетін қыз­дар тұрмысқа шыққанда қинал­майтын болады, – дейді Қапура Әлімжанқызы.

Қапура әжейдің анасы қызы­ның үй шаруасына епті, ұқыпты болуына баса назар аударып, оны тігіншілікке жастайынан бау­лыған.

Кейіпкеріміз он алты жасын­да Ұлан Дүй­сенұлын жолық­тырып, екеуі ша­ңырақ көтерген. Құдай қосқан қо­сағы екеуі бес баланы дүниеге әкеліп, оларды өсіріп жет­кізді, оқытты, тоқытты. Келін бо­лып түскен күннен сыр­мақ ба­сып, тұскиіз, төркөрпе тікті. Қы­зығы мен қиындығы қа­тар жүре­тін өмірдің небір қилы кезең­дерінде тігіншілікті таста­мады. Жұмыссыздық белең ал­ған, ақ­ша қат заманда отбасын асыра­ғанда осы кәсіп.

Қарттық келсе де қайраты қайтпаған әзиз ана үйреншікті әдеті бойынша әлі де тапсырыс­пен төркөрпелер тігеді. Қыз жа­сауын тігуде алдына жан сал­майды.

– Қыз жасауында сегізжа­пы­рақ етіп құралған көрпелердің орны ерекше. Мұндай пішінде жасалған төсеніштерді кейін сөгіп, қайта жасауға мүмкіндік бар. Шиқұрақ – ұсақ қиынды­лардан жасалатын көрпе. Бір жері сөгілсе, оны көрпені тіккен шебер ғана қайта қалпына кел­тіре алады. Тағы бір айта кететін нәрсе, қазір дайын оюларды көр­пе бетіне желімдеп, арнайы құрылғымен тігуге болады. Мұн­дай көрпелер сырт көзге әдемі болып көрінгенімен, қайта өңде­ген шақта бастапқы қалпынан айырылады. Сондықтан да, қол­мен көктеліп тігілген құрақ көр­пелер ұзақ сақталады, – дейді Қапура әжей.

Ою-өрнектің мағынасын бі­ле­тін шебердің қолынан шыққан құрақ көрпелер көздің жауын алады. Ісмерге қыз жасауына тапсырыс берушілер көп. Бірақ Қапура Әлімжанқызы үшін табыс емес, тапсырыс берушілердің кө­ңілі қымбат. Адамдардың се­німіне селкеу түсірмеу үшін жа­нын салады.

Халқымыздың ұлттық дәстү­рін­де ұмыт бола бастаған – киіз басу өнеріне де асқан ұқыпты­лықпен қарайды. Оның айтуын­ша, жүн таза әрі сапалы болуы керек. Қиындығы көп киіз басуда жүнді жуып, түту көп уақытты талап етеді. Сондықтан ісмер қыз жасауын дайындауға 2-3 ай көлемінде уақыт жұмсайды. Саналы ғұмы­рын қолөнерге ар­наған алтын қолды шебер қиын шаруаға қарамас­тан немере тәр­биесін де на­зардан тыс қал­дырмаған.

– Еңбек адамға қандай қиын­дықты да жеңіп шығуға күш бе­реді. Істеген жұмысымның жұртқа ұнап жатқанын естігенде шаршағанымды ұмытып кете­мін. Тағы бір көрпенің жүнін са­лып тастайын, тағы бір құрақты аяқтайын деп, көзім ұйқыға кет­кенше алған тапсырысымды уа­қытылы орындауға ты­рысып бағамын, – дейді ісмер.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp