Өңірде 140 мың адам түрлі аурулармен диспансерлік есепке алынған. Яғни облыс тұрғындарының шамамен әр төртіншісінде созылмалы дерт бар.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетшинаның айтуынша, диспансерлік есепте тұрғандардың 73 мыңға жуығы гипертониялық ауруға шалдыққан. Сырқаттардың ішінде егде жастағы науқастар да, жастар да бар. Мұндай науқастар өмір бойы учаскелік дәрігердің есебінде тұрады және дерттің қаупі орташа болған жағдайда жарты жылда бір рет, қауіптілігі жоғары болса 3 айда бір рет тексеріледі. Сонымен қатар созылмалы дерті барлар дәрігердің нұсқауы бойынша зертханалық-диагностикалық сараптама жасатуы қажет. Ауру анықталған жағдайда оларға тегін дәрі-дәрмек беріледі.
Өңірде қант диабетімен 22,3 мың пациент есепте тұр, олар да Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес тексеріліп, тегін дәрі қамтамасыз етіледі.
“Барлық диспансерлік топтағы сырқаттар тиісінше тексерулерден өтеді және диагностикалық зерттеулердің минималды көлеміне ие. Кейбір жағдайда диспансерлік бақылау күрделі диагностикалық процедуралар немесе стационарда емдеу үшін госпитализацияны қамтуы мүмкін. Диспансерлік бақылау әртүрлі санаттағы азаматтарды қамтиды. Ең алдымен, бұл жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, өт ауруы, онкологиялық және басқа да сырқатқа бейім зейнеткерлер мен егде жастағы адамдар”, – дейді Айнагүл Дәулетшина.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры диспансерлік топтарды қарау және динамикалық бақылауды жүргізу үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына жылда қаражат бөледі. Биыл оның жалпы сомасы 2 млн. теңгеге жуық. Емдеу мекемелері аурудың асқынуын болдырмау үшін диспансерлік есепте тұрған 25 түрлі дертке шалдыққан пациенттермен профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.