Бүгінгідей жаhандану үрдісінде белгілі бір идеологиялық принциптер бойынша құрылатын саяси ұйымдардың негізгі қызмет функциясындағы, берік партиялық-идеялық ұстанымындағы ұйымдастырушылық рөлі бәсекелестік қағидатымен беки түскенін аңғару қиын емес. Осы себепті әр партияның қызмет бағыты мен ішкі ұйымдасуын айқындайтын негізгі құжаттар – бағдарлама мен жарғыны үнемі жетілдіріп отыруы заңды. Елімізде ауқымды реформалардың кезең-кезеңмен жүзеге асырылуының нәтижесінде саяси жаңғырулардың тұтас жүйесі орнығып, мәселен, осыдан бес жыл бұрын ұсынылған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынасты түбегейді өзгертті. Осыған орай саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың да жауапкершілігі артып, толыққанды жұмыс істей бастады.
Уақыт көрсетіп отырғандай, бүгінде саяси партиялардың саны емес, бағыт-бағдары маңызды. Көппартиялық жүйе биліктің функцияларын жүзеге асырудың ажырамас бөлшегі ретінде елдің саяси өміріндегі демократиялық процестер мен идеологиялық плюрализмнің дамуына айқара жол ашып, тәуелсіздіктен бергі кезең жедел өзгерістерге толы болды. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси бағытына ықпал ету мүмкіндігі әлдеқайда кеңіді. Парламент Мәжілісінің пропорционалды сайлау жүйесіне көшуі сайлау қорытындысы бойынша жеңіске жеткен партияның басқару мәртебесі мен құзыретін күшейтті. Бүгінде республика бойынша заңды түрде тіркелген 6 саяси партия бар. Солардың бір – “Ақжол” Қазақстан демократиялық партиясы 2002 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп, 300 мыңға жуық адамның басын біріктіріп отыр. Олардың үштен біріне жуығы – әйелдер, оннан бірі – жастар. Партияның кезектен тыс ХV съезінде сайлауалды бағдарлама қабылданып, нарықтық экономика мен саяси еркіндік талаптары толық ескерілді. Бәсекелестік пен жаппай кәсіпкерлік тұрақты даму негізі деп белгіленіп, Тәуелсіздік пен “Алаш” ұлттық идея ретінде алынды. Білімді ұлт пен әділ қоғамға, жұмыссыздықты қысқартуға, тұрғын үй мәселесіне, демократия мен парламентаризмге, жемқорлықпен, оффшорлармен күресуге айрықша басымдық берілді.
Жаңарған Коституция әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің жаңа стандарттарын енгізіп, Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдерін іске қосты. Конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістер саяси бәсекеге жаңаша леп, соны серпін берді. Президент өз сөзінде саяси жаңғыртудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін арттыру екенін атап көрсеткен болатын. Әділетті Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсекелестіктің болуын қамтамасыз етуден бастау алатыны түсінікті. Осыған байланысты партияларды ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Қазақстандағы партиялардың көпшілігінің әлеуметтік базасы, электоралдық, тіпті парламенттік тарихы бар. Ақжолдықтар 2004 жылы Мәжіліс сайлауында 12,4 пайыз дауыс алып, 1 мандатқа ие болса, 2012 жылдан бастап шын мәніндегі парламенттік партияға айналды, Мәжілісте депутаттық фракция тобын құрды. 7,47 пайыз дауыс жинап, 8 мандатты иеленді. 2021 жылы 12 орынды иеленуіміз партиялық-ұйымдастырушылық жұмыстардың өз жемісін бергенін айғақтайды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 222, ауылдық округ әкімдігіне 11 өкіліміз сайланды. 2023 жылғы сайлауда ақжолдықтар үшін 535139 адам дауыс берді.
Бүгінде партияның 17 облыста, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында филиалдары, Жезқазған мен Семейде өкілдіктері бар. Республикалық саяси ұйымның біздің өңірдегі бөлімшесі 2003 жылы құрылған. Негізгі мақсатымыз – әрбір азаматтың еркін дамуына, құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, техникалық, шығармашылық, зиялы қауым топтарын қалыптастыруға ықпал жасау, шағын және орта бизнестің сенімді жақтаушысы болу. Соңғы жылдары партия қатарына 295 адам қабылданып, мүшелердің жалпы саны 6450-ге жетті. Филиал отырыстарында, жұртшылықпен кездесулерде, қоғамдық қабылдауларда бірінші кезектегі өзекті де өткір жайттар талқыланып, тиісті органдарға жолданып отырады. Сайлауалды бағдарламаға енгізілген сыбайлас жемқорлықпен күрес тұтас блок ретінде қарастырылып, нақтылық барынша көрініс алды. Жұмыссыздықпен күрес, халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жандандыру жөніндегі ұсыныстар тұрақты бақылауға алынып, шешу жолдары атап көрсетіледі.
Биылғы Жолдауда автокөлік жолдарын қалыпқа келтірудің маңызына үлкен мән берілді. Жасыратыны жоқ, өзге өңірлер секілді біздің облыста да бұл мәселе өткір тұр. Жолдар мемлекеттің стратегиялық нысаны болып табылатынына қарамастан техникалық қадағалау әлі де көңіл көншітпейді. Әсіресе, жол активтерінің сапасы жөніндегі орталықтың жұмысы сын көтермейді. Жергілікті филиалдар бойынша жинақталған мәліметтер мен деректер негізінде мәжілісмендер Көлік министрі Марат Қарабаевқа жолдаған депутаттық сауалда белсенді адаматтар бастаған қоғамдық тексерулерден кейін ғана ақаулардың жойылғанына ондаған мысал келтірді. Жергілікті жерлердегі қазыналық кәсіпорындар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отырса да, жағдай толық түзеліп кетті деуге ерте. Оның бір себебі, бақылау тетігінің әлсіздігі, қалаішілік жолдарды жөндеу мен салудың барлық түрлеріне бірыңғай цифрлық платформаның қолданылмауы, заманауи технологиялардың енгізілмеуі. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары Шынар Біләлова, Наталья Аитова, Ләззат Жалмұқанова, Александр Гейман, Марат Ғаббасов, Евгений Никитенко, тағы басқалары әркез халық үніне құлақ асып отырады. Азаматтық қоғамның белді мүшелері ретінде идеологиялық тұрғыда атқарған шаруалары қыруар. Несие үстемесін 5-7 пайыздан асырмау, шағын кәсіпкерліктің құлдырауына жол бермеу, халықтың кедейленуіне әкеп соқтыратын девальвация тәжірибесін тоқтату, бизнеске бағытталатын несие мөлшерін көбейту, Ұлттық қордың қаражатын отандық экономикаға салу мәселелері бойынша айқын ұстанымдарын білдіріп отырды.
Жұртшылықты коммуналдық төлемінің негізсіз өсуі де де қатты толғандырады. Қоғамдық тыңдауларда монополист мекемелердің басшыларына қаттырақ ескертуге тура келді. Олар жиналған қаражат қандай мақсатқа жұмсалатынына түсінік бере алмаса, неше түрлі күмән-реніштің туатыны анық. Егер жағдай жақсарып жатса, әңгіме басқа. Мамлют ауданының елді мекендерінде болғанымызда шабындық-жайылымға қатысты сауалдар көп қойылды. Ой-пікірлер жинақталып, облыстық мәслихат мінберінен сұрау салынды, қоғамдық кеңестерде мәселе ретінде көтерілді.
Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауапты. Бұл орайда, жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарының табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты. Жұртшылық мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолында жүйелі жұмыстар күтеді. Тапсырмалардың орындалуына, кәсіпкерлік қызметке бөгет жасағаны үшін шенеуніктерге бақылаудың күшейтілуін талап етеді. Бұл ретте ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, филиалдың әлеуетін толық пайдаланатын боламыз. Мемлекеттің саяси жүйесінде қуатты партия қалыптастыру, саяси саланы демократияландыру, бағдарламалық құжаттар аясында нақты қадамдар – бәрімізге жүктелетін ауқымды міндет.
Евгений КИНЦЕЛЬ,
облыстық мәслихат депутаты, “Ақжол” партиясының облыстық мәслихаттағы фракция төрағасы.