Бір ғасырдан астам тарихы бар облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінде 1 қазан – Қарттар күні басылым бетінде қолтаңбалары қатталған аға буын өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырып, құрмет көрсету дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Биыл да бұл жолдан жаңылмаған редакция ұжымы еңбек майталмандарын төрге шығарып, мейман етті. Дастарқан басында бір-бірімен сағынысып қауышқан аға-апаларымыз өткен өмір өткелдеріне көз жүгіртіп, қызықты кезеңдерін естеріне алды.
Аға буын өкілдерін осынау жарқын мерекемен “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Содан кейін сөз алған жазушы-журналист, газетімізге ұзақ жыл басшылық еткен Жарасбай Сүлейменов, белгілі қаламгерлер: Нұрсайын Шәріп, Қошан Қали, Өмір Есқали қарт басылымның билік пен халық арасында көпір болып, Алаш ардақтыларының аманатына адалдық танытып келе жатқанын тілдеріне тиек етіп, осы сара жолды жалғастырып келе жатқан іні-қарындастарына ақ жол тіледі.
Ақан сері атындағы облыстық филармонияның күйшісі Диас Серікбай күй шертсе, бірнеше мегажобаның қатысушысы, әнші Махамбетәлі Әбілда әннен шашу шашты. “Soltüstık Qazaqstan” газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, айтыскер ақын Диас Аяған арнау айтып, кештің шырайын кіргізе түсті.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.