“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында Булаево қаласында “Ұрпақпен байланыс” деп аталатын жаңа аллея пайда болды. Экологиялық акцияға аудандық ардагерлер кеңесі, депутаттар, құқық қорғау саласы, төтенше жағдайлар бөлімінің және түрлі мекеме қызметкерлері, шекарашылар, орманшылар, жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысып, жастар жағы ерекше белсенділік көрсетті.
“Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” республикалық акциясы ауданымызда қарқын алған. Осы уақыт аралығында көптеген игі шаралар ұйымдастырылып, елді мекендер мен көшелер тазартылып, абаттандырылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады. Бүгінгі шаруа – соның айқын дәлелі. Өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор”, – деді ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде аудан әкімі Рахат Смағұлов.
Осы күні аллея аймағына 180 түп қарағай отырғызылған. Өскіндер ертең-ақ жайқалып, қалың нуға айналары сөзсіз.
“Ұрпақпен байланыс” аллеясын күтіп-баптау жұмыстарын мектеп оқушылары өз қамқорлығына алып отыр.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.