«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Лаура Қайыржанова: “ӘКІМДЕРДІҢ ЖАҒЫМСЫЗ ӘРЕКЕТІ ҚОҒАМ СЕНІМІН АЗАЙТАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Лаура Советқызы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қандай міндеттер жүктелген?

–Білім мен ғылымның қоғамға, мемлекеттің дамуына және жастардың болашағына ықпалы зор. Академияның басты мақсаты – мемлекеттік басқару саласындағы мамандарды даярлау, білім беру және ғылыми зерттеулерді дамыту. Біз еліміздегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін нақты білім мен дағдыларды беруге назар аударамыз.

Біріншіден, академия мамандары мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған бағдарламалар ұсынады. Бұл курстарда біз қазіргі заманғы басқару технологияларын, стратегиялық жоспарлауды, мемлекеттік қызмет көрсету механизмдерін, және басқа да маңызды аспектілерді қарастырамыз.

Екіншіден, біз жастарды тарту және олардың мемлекеттік басқару саласына деген қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі жобалар мен іс-шараларды өткіземіз. Жастар – біздің еліміздің болашағы, сондықтан олардың білім алуына және өз идеяларын жүзеге асыруына қолдау көрсету – басты міндет.

– Еліміздегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін сапалы, білікті мамандар қажет. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін қандай шаралар жүзеге асырылуда?

– Мемлекеттік қызметші болу – тек кәсіби міндеттерді атқарумен шектелмейді. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты қағидаттары – адалдық, әділдік, ашықтық және қоғам игілігіне қызмет ету. Яғни әрбір шешімді халықтың мүддесіне сай қабылдау керек. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған шаралар өте маңызды. Бұл мақсатта түрлі шаралар жүзеге асырылуда.

Біріншіден, біз жыл сайын әртүрлі курстар ұйымдастырамыз. Бұл курстар мемлекеттік қызметшілердің теориялық білімдерін ғана емес, практикалық дағдыларын да дамытуға бағытталған. Мысалы, мемлекеттік қызмет көрсету, шешім қабылдау және дағдарыс жағдайларында басқару тақырыптары бойынша семинарлар мен тренингтер өткіземіз.

Екіншіден, біздің академия халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда. Біз шетелдік серіктес ұйымдармен бірлесіп, оқу бағдарламаларын даярлаймыз. Бұл бағдарламалар шетелдік тәжірибені үйренуге мүмкіндік береді, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеруге көмектеседі. Мысалы, жақында біз Еуропалық одақтың тәжірибесін зерделеу үшін мамандармен бірлескен семинар өткіздік.

Біздің академияда оқытушылардың біліктілігін арттыру үшін де арнайы шаралар қарастырылған. Оқытушыларымыздың өздері де үздіксіз білім алуда, яғни олар жаңа әдістемелер мен технологияларды меңгеріп, соларды студенттерге үйретеді.

Біз тәжірибелік жұмыстарға ерекше көңіл бөлеміз. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дағдыларын дамыту үшін біз оларды нақты жобаларға қатысуға ынталандырамыз. Бұл – оларға нақты мәселелерді шешу дағдыларын дамытуға және командалық жұмыс жасау тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді.

– Соңғы уақытта сыбайлас жемқорлық туралы жаңалықтан көз ашпайтын болдық. “Бармақ басты, көз қыстылық” барлық салаға тән. Тіпті болашақ мамандарды даярлап жатқан жоғары оқу орындарында да белең алған. Осы жемқорлықпен күресудің тиімді стратегиялары мен бағдарламалары бар ма?

– Мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірнеше бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда. Оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аясында көптеген нақты шаралар қолданылады. Бүгінгі күні елімізде “Жемқорлыққа қарсы күрес” бағдарламасы, “Адалдық алаңы” секілді бастамалар жұмыс істеп, мемлекеттік қызметшілер арасында парақорлықтың алдын алуға бағытталған арнайы оқыту бағдарламалары енгізілуде. Бұл шаралар қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жемқорлықпен күрес тек құқықтық шаралармен шектелмейді, ол бүкіл қоғамның санасын өзгертуді талап етеді. Бұл – тек заңды орындау ғана емес, қоғамдағы моральдық-этикалық нормаларды сақтау. Егер унивеситет ректорлары немесе басқа да жоғары лауазымды тұлғалар жемқорлыққа жол берсе, бұл олардың жеке жауапкершілігіндегі әлсіздік, өз мүддесін қоғам мүддесінен жоғары қоюдан туындайды деп ойлаймын.

– Өңірде мас күйде рөлге отырған мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде әкімдер туралы ақпаратты жарыса жаздық. Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметте жүрген жандардың осындай әрекеттерін қоғам қалай қабылдауда?

– Сұрағыңыз өте өзекті. Бұл мәселеде кез келген мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі зор екеніне баса назар аударғым келеді. Аудан әкімдері – халықтың алдында тұрған тұлғалар, олар өз аймағындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына, қоғамдық қауіпсіздікке, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне жауапты. Егер аудан не ауыл әкімдері ішімдік ішіп, көлік жүргізсе, бұл тек жеке жауапкершілік мәселесі емес, сонымен қатар қоғамдағы сенімділік пен моральдық құндылықтарға да нұқсан келтіреді деп есептеймін.

Қалыптасқан көзқарастар мен дәстүрлер мемлекеттік қызметшілердің жоғары стандарттарға сай болуын талап етеді. Қоғамның мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және этикалық нормаларды сақтауын талап етуі орынды.

Бұған қоса, тәрбие жұмысы да өте маңызды. Мемлекеттік қызметшілер мен халық арасында сыбайлас жемқорлыққа, мас күйде көлік жүргізуге қарсы мәдениетті қалыптастыру керек. Бұл бағытта мектепте, университетте, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінде оқыту жұмыстарын күшейту қажет. Егер біз жастардың бойына жауапкершілікті, адалдықты және кәсіби этиканы сіңірсек, болашақта мұндай жағдайлардың алдын алуға болады.

– Мемлекеттік басқару саласындағы әйелдердің рөлі, яғни гендерлік теңдік мәселесі жайлы сөйлессек. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздікті жою үшін қандай іс-шаралар іске асырылып жатыр?

– Мемлекеттік қызметте гендерлік теңдік орнату үшін арнайы бағдарламалар мен стратегиялар әзірленген. Мысалы, “2030 жылға дейінгі гендерлік теңдікті қамтамасыз ету” стратегиясы әйелдердің мемлекеттік басқарудағы рөлін арттыруға бағытталған. Бұл бағдарлама әйелдер үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтарды қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке әйелдердің қатысуын арттыру мақсатында арнайы квота жүйелері де енгізілуде. Бұл шаралар әйелдердің мемлекеттік басқарудағы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Екіншіден, біздің академияда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға бағытталған тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады. Бұл іс-шараларда гендерлік теңдік, әйелдердің құқықтары, және олардың мемлекеттік қызметтегі рөлі сияқты тақырыптар кеңінен қарастырылады.

Үшіншіден, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін қоғамдық пікірді қалыптастыру өте маңызды. Әйелдер мен ерлер арасындағы стереотиптерді жою үшін медиа мен білім беру мекемелерінде арнайы бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, мектептерде гендерлік теңдік тақырыбында тәрбие жұмыстарын жүргізу, жастар арасында тең құқықтар туралы ақпарат тарату маңызды.

Сондай-ақ біз әйелдердің мансаптық өсуіне жәрдемдесу үшін кәсіптік даярлау, тағылымдамалар мен жобалар бойынша қолдау көрсетуді күшейтуіміз керек. Әйелдер мемлекеттік басқаруда өз орнын табуы үшін оларға нақты мүмкіндіктер мен ресурстар қажет.

– Өткен мен бүгінді салыстырар болсақ, қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі қалай өзгерді?

– Ертеректе қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі қандай болғаны тарихтан белгілі. Бүгінгі таңда әйелдердің қоғамдағы орны біршама өзгерді. Заманауи қоғамда әйелдердің білім деңгейі мен кәсіби дамуы ерекше маңызға ие.

Алайда дәстүрлі қоғамда, әйелдер мен ерлердің рөлдерін нақты түрде белгілейтін стереотиптермен бетпе-бет келеміз. Мысалы, қоғамда “әйел – отбасылық қамқоршы, бала тәрбиелеуші” және “ер – отбасының асыраушысы” деген стереотиптер кеңінен таралған. Бұл отбасы мүшелерінің міндеттерін бөлуде елеулі қиындықтар туғызады.

Отбасындағы міндеттерді бөлгенде, көптеген әйелдер, әсіресе жұмыс істейтін әйелдер, үй шаруасы мен кәсіби міндеттерін қатар алып жүруге мәжбүр. Мысалы, жұмысқа барып, үйге келгеннен кейін, олар әлі де отбасылық міндеттерді – тамақ дайындау, балаларды тәрбиелеу, үй шаруаларын атқару сияқты жұмыстарды орындауы тиіс. Бұл жағдайда әйелдердің уақыты мен күш-қуаты шектеледі, әрі олардың кәсіби даму мүмкіндіктері де азаяды. Ерлердің жауапкершілігі тек материалдық қамтамасыз етумен шектелуі, отбасындағы эмоционалдық және физикалық жүктеменің әйелдердің мойнына артылуы – гендерлік теңсіздіктің айқын белгісі.

Соңғы уақытта ата-аналардың балаларға зорлық-зомбылық көрсетуі, әсіресе аналардың баласына физикалық күш көрсетуінің астарында отбасындағы міндеттерді теңдей бөлудің жетіспеушілігі бар деп ойлаймын. Баланың тәрбиесінде ана мен әкенің рөлі тең болмай, барлық жауапкершілікті әйелдің мойнына арта беру, бұл психологиялық қысымды арттыратыны сөзсіз. Нәтижесінде, әйелдің эмоционалдық күйі нашарлап, ол баласына деген сүйіспеншілігін, төзімділігін жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдайда зорлық-зомбылық көрсету әйелдің зорығуынан туындайтын көрініс болып табылады.

Егер ер мен әйел тең дәрежеде жұмыс істеп, жауапкершілікті бөлісетін болса, бұл отбасылық қарым-қатынастарды нығайтып, гендерлік теңдікті нығайтуға көмектеседі. Ал қоғамда гендерлік теңдіктің болмауы мемлекет дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Әйелдер әлеуеті толыққанды пайдаланылмаса, елдің ресурстары мен мүмкіндіктері шектеледі. Сондықтан, отбасындағы міндеттерді теңдей бөлісу – тек жеке отбасы үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды мәселе.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Оймақтай ой

Мемлекеттік қызметші болу – тек кәсіби міндеттерді атқарумен шектелмейді. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты қағидаттары – адалдық, әділдік, ашықтық және қоғам игілігіне қызмет ету. Яғни әрбір шешімді халықтың мүддесіне сай қабылдау керек.

Өмірдерек

Туған жылы: 1969 жылғы 8 маусым.

Туған жері: Шал ақын ауданы, Октябрь ауылы.

Қызметі: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры.

Марапаттары: “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін”, “Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісінің иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp