«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сатып алған аурудың емі жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлт денсаулығы – ел дамуы­ның басты кепілі. Дені сау ел ға­на басқалармен терезесі тең болып, өркениет көшінің алды­на шыға алады. Азаматтардың өмір сүру ұзақтығы, медицина­ның даму деңгейі елдің әлеуетін айқындайтын бірден-бір көрсет­кіш. Алғашында не нәрсеге бол­сын шыдас беріп, құрыштай бе­рік болып көрінетін адам ағза­сынан ақау шығып, арты ауруға айналуы ғажап емес. Лұқпан­дай мың жасайтын тағдыр еш­кімге жазылмаған. Атанды да жы­ғатын аурудың адамды әлек­ке салуы әп-сәтте. Алайда адам­дардың көбі он екі мүшесі сау болғанда қара басының хан­мен тең екенін түсіне бермейді. Әсіресе денсаулығына немқұ­райлы қарап, кейін зардабын тартатын жастар қаншама?

Жастар денсаулығы аталған саладағы баса мән беруді қажет ететін мәселелердің бірі. Еліміз­дің ертеңі бүгінгі қыз-жігіттер де­сек, олардың саулығына бүгін­нен алаңдаған жөн. Бойдағы жас­тық жігер, асқақ арман адам­ды бір орында отырғызып қойсын ба? Бақыт пен табыс қуған кейінгі буын өкілдері осы жолда өз денсаулығын қалай құрбандыққа шалып жібергенін аңғармай қалады. Ертеңін ой­лап, бүгіннен күтініп, ауырмай­тын жол іздейтіндер сирек. Бірі ауыр жұмыс жүктемесінен, бірі ұйқының аздығынан, енді бірі тамақтануға салғырт қараудан өзіне ауру “сатып алып” жатады. Салғырттықтың зардабы бүгін бі­лінбесе де, шау тартқанда шаужайынан алуы мүмкін. Ең өкінішті жағдай өмір дейтін ұзақ сапарға зор үмітпен шыққан жо­лаушылардың соңғы аялдамаға жете алмай қалуы шығар.

Мамандар жастар денсау­лығы деген ұғымды үшжақты қа­растырады. Олар: жалпы, фи­зикалық және репродуктивті ден­саулық. “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеу­меттік зерттеулерге сен­сек, елдегі 14 пен 35 жас ара­лы­ғындағылардың шамамен сек­сен пайызының денсаулығы жақ­сы деп бағаланған. Ел жас­тарының шамамен жиырма па­йызы дене жаттығуларын жаса­мау, 14 пайызы көп отыратын өмір салты, 11 пайызы жұмысқа көп күш жұмсау, тағы аздаған бөлігі ішімдік ішу, есірткі және құмар ойындардан денсаулы­ғына зиян келетінін көрсеткен. Оның сыртында дұрыс тамақ­танбау, денсаулықты күтудегі қа­рапайым ережелерді ұстанбау салдарынан жабысатын дерт қанша?

Қарап тұрсақ қазіргі таңда жас­тардың денсаулығына төніп тұрған қауіп көп. Сондықтан тұ­рақты дәрігерлік тексеруден өтіп, аурудың алғашқы белгілері бай­қалған сәтте маманға жүгінген дұрыс. Зерттеулер көрсеткен­дей, жастардың жартысынан кө­бі тексеруден өтіп тұрады. Соған қарамастан алғашқы бел­гілер біліне бастағанда үй жағ­дайын­да емделуді жөн көретін­дер үлесі әлі де көп.

14 пен 35 жас аралығындағы­лардың түгелі дерлік тамақтану­мен ұйықтау уақытын сақтайды деп айта алмаймыз. Мысалы, олар­дың тек 59 пайызы ас-суына мұ­қият болса, 64 пайызы уақы­ты­лы ұйықтағанды жөн көреді екен.

Тағы бір зерттеулерде жас­тардың жартысына жуығының ден­саулығы жақсы екені айты­лып жүр. 10 пайызының ағза­сын­да кінәрат болса, 4,4 пайызының жағдайы нашар деп көрсетілген. Ең көп ауыратын санатқа 30-35 жастағылар кіреді екен. Темекі, ішімдік, әлеуметтік желілер мен компьютерде көп уақыт өткізу, өзге де зиянды нәрселерді пай­даланудан зардап шегетіндер аз емес.

– Денсаулық – бірінші бай­лық. Оны елемеудің арты ауыр сал­дарға әкелуі мүмкін. Жастар­дың ағзасы жаңа жағдайларға тез бейімделеді, ауру-сырқауға ұзақ төтеп береді, ауыр жүктеме­ні де көтереді. Алайда осыған се­ніп, тән саулығын ұмытуға бол­майды. Бойға мысқалдап кірген дерт бүгін болмаса да ертең азап­­қа салуы мүмкін. Өмірінің көк­­темінде жазылмас дертке шал­­дығып, жан азабын тартып жат­қандар қаншама? Қазақ “ауру – ас­тан” деп бекер айтпаған. Бү­гін­де не көп, тез дайындала­тын та­мақ көп. Сон­дай орындарға жиі бару жас­тар арасында “сән­ге” ай­нал­ды де­сем болады. Ата-ана ба­ла­ны ұя­дан ұшырмас бұрын та­мақ­тану, тазалық, күтіну ереже­ле­­рін үйре­туі керек. Дұрыс та­мақ­тан­баған адамның ұйқысы бұ­зы­ла­ды, одан жүйке жұқара­ды, – дей­­ді қала тұрғыны Айнаш Қожағұл.

Аға буын өкілінің көтеріп отыр­ған тамақтану мәселесінің жаны бар. Бүгінде сабағынан шық­­қан оқушыдан бастап, сту­дент­ке дейін жақын маңдағы дү­кенге асығатыны рас. Облыс ор­та­лығындағы танымал фаст-фуд сататын орындарда кешкісін ұзын-сонар кезек пайда болады. “Ұлттық денсаулық ассоцация­сы­ның” дерегінше, елде соңғы жыл­дары фаст-фуд тұтыну 8-ден 19 пайызға, тәтті сусындар тұ­ты­ну 5-тен 10 пайызға артқан. Ел­дегі студенттердің үштен бірі ға­на тамақтану ережесін ұстана­ды. 40 пайыздайы түскі асты то­лық­қан­ды ішпейді. Пайдалы та­ғам­нан гөрі фаст-фуд пен тәтті снек­терді жиі алатындар үлесі көп.

Аталған санаттағы ел халқы­ның психикалық денсаулығы да мәз емес. Өкінішке қарай жас­тардың 70 пайызында түрлі күй­зелістер мен жүйке жұқаруы бар. Әр бесіншісі ұйқысыздықтан, 17 пайызы апатиядан, 15 пайызы ұзақ уақыт көңіл күйдің жоқтығы­нан, 13 пайызы күйзелістен қина­лады. Осыған қарамастан олар­дың 70 пайызы өмірінде ешқа­шан психологиялық көмекке жү­гі­ніп көрмеген.

Әдетте жастар жаңа ортаға бар­ған кезде жүйкеге салмақ тү­се­тіні анық. 7 мыңға жуық жас оқи­тын М. Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетін­де білім алушылардың ментал­ды денсаулығына оң әсер ету үшін арнайы психологиялық қыз­мет жұмыс істейді. Психология­лық қызмет басшысы Павел Мои­сеевтің сөзінше, жыл сайын бі­рінші курс студенттерімен кез­де­су­лер өткізіліп, саламатты өмір салты мен жүйке тынышты­ғы туралы айтылады. Бұдан бө­лек, білім алушылар психолог­тың кеңесіне жүгініп, өз мәселесін ше­шуде бағыт-бағдар ала алады.

“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” дейді халқы­мыз. Жастардың көбі білместік­тен бойына дерт жұқтырып ала­ты­ны рас. Сондықтан да оларды ақпараттандыру, сауатын артты­ру жұмыстарын белсенді жүргізу маңызды. Қыз-жігіттер өздерін алаңдатқан сұрақтың жауабын ала алатын платформалар мен ма­мандардың көп болғаны дұ­рыс. Аталған мақсатта елде Жас­тар денсаулығы орталықтары жұмыс істейді. Мұндай орталық­тар біздің өңірде де бірнеше медициналық мекеме жанынан ашылған. Оған келушілер өзде­рін алаңдататын сұрақтарға жа­уап алып, қандай да бір күдігі бол­са маман кеңесіне жүгіне алады. Орталық есігі мектеп оқушылары үшін де ашық. Мұндағы жұмыс­тар негізінен репродуктивті ден­саулық, отбасын құруды жос­пар­лау, психикалық мәселелер туын­даған кезде кеңес беруге бағытталған.

– Біз 10-18 жастағы балалар жә­не 18-ден асқан жастармен жұмыс істейміз. Орталық қыз­мет­тері тегін көрсетіледі. Біздегі гинеколог, уролог, психолог, те­ра­певт, педиатрлар кө­мекке жү­гінгендерді қарап, кеңес береді. Мұндағы басты артық­шы­лық емханада сияқты кезекке тұрып, көп уақыт жұмсаудың қа­жеті жоқ, – дейді жастар денсаулығы ор­талығы­ның жетекшісі Айымгүл Қа­на­шева.

Өңір жастарының көбі мұн­дай орталықтардың барынан бей­хабар. Бұған аталған меке­ме­ге жүгінгендер туралы дерек­тер дәлел. Мысалы, былтыр ор­талық мамандарына ел бойын­ша 838 мың адам қаралса, өңір­лер арасында Солтүстік Қазақ­стан облысы көш соңында қалып отыр. Біздің өңірден тек 735 адам ғана кеңес алған.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Түйін: Бүгінде жастарды саламатты өмір салтына, спортпен айналысуға шақыратын ұйымдар көп. Алайда ондағы іс-шаралар бұқаралық сипат алды деу қиын. Күнделікті түсіндірме жұмыстары да немқұрайлы жүргізілетіні жасырын емес. Мамандармен бірді-екілі кездесуден пәлендей нәтиже күтіп, жастардың жүрісі түзеліп кетеді деп сенуге болмайды. Бұл тек арнайы ұйымдар ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Денсаулықты күту дағдылары отбасынан бастап, білім орындарында, күнделікті шараларда бойға сіңсе ел ертеңіне деген уайым сейілер еді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp