Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің Шал ақын ауданына жұмыс сапары Жаңажол ауылынан басталды. Елді мекенде 400-ге жуық адам тұрады, оларға мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген медициналық мекемеде медициналық қызмет көрсетіледі. Мұнда бір мейірбике, бір кіші маман мен күзетші еңбек етеді.
Аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Нұрәлі Әбуов сырқаты бойынша есепте тұрған ауыл тұрғындары тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін, ересектер мен балаларды скринингтік тексеру жүйелі түрде өткізіліп тұратынын, шұғыл жағдай туындаса, алғашқы медициналық көмек ұйымдастырылатынын баяндады.
Кездесу барысында жаңажолдықтар интернет пен жарық мәселесі қатты толғандыратынын айтты. Әсемгүл Тасмағамбетова бірінші кезекте жарық мәселесін шешіп беруді өтінді. Көктемгі су тасқыны кезінде электр бағандары қатты зақымданып, жарамсыз болып қалған.
“Мәселені келесі жылға қалдыруға болмайды. Қыраулы қыста электр жарығынсыз қалай тірлік етеді? Аудан әкіміне шұғыл түрде нақты шара қарастыруды тапсырамын. Есебін маған беріңіз”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өңір басшысы аудан аумағында орналасқан “Гранит Север” ЖШС асфальт зауытының жұмысымен танысты. 230 тоннаға арналған битум қоймасы бар. Шикізат Ресейдің Омбы облысы мен Павлодар қаласынан жеткізіледі.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияда оқитын 593 оқушыға 75 мұғалім білім береді. Оның жанындағы “Тамшы” шағын орталығында 100 бала тәрбиеленеді.
Ауданда балабақша тапшылығы өткір сезіледі. Мектепке дейін тәрбие беретін толыққанды бір ғана мекеме мен 25 шағын орталық сұранысты қамтамасыз етуге қауқарсыз. Білім бөлімінің басшысы Бұлбұл Ахмадиқызы балабақша смарт порталында 42 баланың кезекте тұрғанын, 100 балаға лайықталған балабақшаға 97 балдырғанның келіп жүргенін, мектепке дейінгі даярлық және шағын топтарды қосқанда балалардың саны 700-ге жуықтап қалатынын, кабинеттер санының аздығын айта келіп, осы жағына көмек беруді сұрады. Мектепке күрделі жөндеу жүргізуге қаржы бөлінетін болды.
Жылыту жүйесіне облыстық қазынадан 242 млн. теңге қаржы бағытталып, екі қазандық орнатылған.
“Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау нысандары қатты отынмен толық, ал тұрғындардың 73 пайызы көмірмен қамтамасыз етілген. Сергеевка қаласында 5 қазандық бар, олардың қызметін 20 көппәтерлі тұрғын үй, 50 жеке баспана, екі мектеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Мәдениет үйі және балабақша пайдаланады”, – деді аудан әкімі Қайрат Омаров.
Александр Лугинин жетекшілік ететін “Стимул–23” шаруашылығы егін жинау науқанын аяқтауға таяу. 6 мың гектар алқапқа жайқала өскен дәнді дақылдар түгелге жуық бастырылып, бидайдың гектар берекелігі 30 центнерден айналуда.
Күзгі орақ барысымен жіті танысқан Ғауез Нұрмұхамбетов ауа райының қолайсыздығына қарамастан өңір фермерлері жоғары ұйымшылдық үлгісін көрсетіп жатқанын, Тайынша, Айыртау аудандарында шығымдылық жоғары екенін мәлім етті.
Шалақындықтар да шетін проблема саналатын жол жайының жақсаруын қалайды. Қазіргі таңда 7 шақырым болатын Городецкое ауылына кіреберіс жол қалпына келтірілуде.
Городецкое ауылында серіктестік жұмысшыларына арналған 6 үйдің құрылысы аяқталыпты. Әр үйдің ауласында қора-қопсы мен монша тұрғызылған. “Городецкое” ЖШС директоры Александр Черкас әлеуметтік жауапкершіліктің төмендемейтініне сендірді.
Сергеев су қоймасы бойынша атқарылған алдын алу шаралары туралы “Қазсушар” РМК облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатулиннің есебі тыңдалды. Жөндеу жұмыстарына 83 млн. теңге қарастырылған. Шайылған жерлер таспен қоршалып, бетонмен бекітілген.
Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарының соңында Ы.Ыбыраев атындағы ауылға барып, Кеңес Одағы Батырының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.
Аудан әкімі Қайрат Омаров өз есебінде 5 ауыл мен Сергеевка қаласы Есіл топтық су құбырына қосылғанын, жалпы ұзындығы 66 шақырым құбыр құрылысы жүргізіліп жатқанын, жыл аяғына дейін Мерген, Жалтыр және Крещенка ауылдары бойынша жалпы құны 660 млн. теңгенің екі жобасын аяқтау жоспарланғанын, Ақанбарақ, Мерген, Семиполкада жаңа медициналық пункттер ашылатынын айтты.
Тұрғындар қойған сұрақтардың бірі шабындық жерлерге қатысты болды. “Малды көптеп ұстағымыз келгенмен, бағатын жайылым, мал азығын әзірлейтін шабындық мүлдем тапшы”, – деген тұрғындар су, пай, жер, денсаулық сақтау, жол проблемаларын да ортаға салды.
Мақпал ӘЗЕН.
Шал ақын ауданы.