Қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Ғабит Мүсіреповтің Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылындағы музей-үйіндегі құнды жәдігерлердің бірі – жазушының ұнатып киген костюм-шалбары, галстугі, жейдесі. Музей директоры Клара Қашаеваның айтуынша, Ғабит Махмұтұлы өте ұқыпты, тұла бойын таза ұстайтын сәнқой болған. Соңғы үлгідегі әрі талғаммен тігілген киімдер киген.
– Бұл жәдігерлер музейге ерекше сән беріп тұрғандай. Жас кезімде жазушымен бірнеше мәрте кездескенмін. Кейде қаламгер осы киімдерін киіп алып, музей ішінде жүргендей көрінеді. Қаламгердің зайыбы Хұсни анамыз жұбайының жүріс-тұрысына, киім таңдау мәдениетіне ерекше мән берген. Кей деректерде шалбарын арнайы иіссумен үтіктегені туралы айтылады, – дейді Клара Қашаева.
Музей мамандары жазушының киімдерін мәдениет ордасына Алматыдан арнайы алдыртқан.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.