Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
Біздің өңірде Халықаралық қарттар күніне орай қазан-қараша айларында қайырымдылық сенбіліктерін өткізу көп жылдардан бері игі дәстүрге айналған.
Қайырымдылық акцияларына қатысқан еңбек ұжымдары, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар адамгершілік пен шынайы қамқорлықтың үлгісін көрсетіп, аға буын өкілдерінің ақ батасын алуда, алғысына бөленуде. Жомарт жандардың осындай игілікті істері қоғамның жақсы жағынан өзгеруіне септесуде.
Өңірде жастардың мейірімі мен қоғамның қамқорлығына мұқтаж алдыңғы толқын өкілдері аз емес. Қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау айлығы қарсаңында баршаңызды қайырымдылық акцияларына белсене қатысуға шақырамыз.
Халқымызда “Бірге көтерген жүк жеңіл” деген қанатты сөз бар. Облыстағы кәсіпорындар мен мекемелер, қоғамдық ұйымдар қайырымдылық сенбіліктеріне бір кісідей ұйымшылдықпен қатысса, еліміздің игілігі жолында көп жылдар бойы тер төккен еңбек ардагерлерінің, зейнеткерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға үлес қосатынымыз анық. Біз мұны аға буын алдындағы азаматтық парызымыз деп санаймыз.
Солтүстік Қазақстан облыстық
ардагерлер кеңесі.