Ұлт денсаулығы – ел дамуының басты кепілі. Дені сау ел ғана басқалармен терезесі тең болып, өркениет көшінің алдына шыға алады. Азаматтардың өмір сүру ұзақтығы, медицинаның даму деңгейі елдің әлеуетін айқындайтын бірден-бір көрсеткіш. Алғашында не нәрсеге болсын шыдас беріп, құрыштай берік болып көрінетін адам ағзасынан ақау шығып, арты ауруға айналуы ғажап емес. Лұқпандай мың жасайтын тағдыр ешкімге жазылмаған. Атанды да жығатын аурудың адамды әлекке салуы әп-сәтте. Алайда адамдардың көбі он екі мүшесі сау болғанда қара басының ханмен тең екенін түсіне бермейді. Әсіресе денсаулығына немқұрайлы қарап, кейін зардабын тартатын жастар қаншама?
Жастар денсаулығы аталған саладағы баса мән беруді қажет ететін мәселелердің бірі. Еліміздің ертеңі бүгінгі қыз-жігіттер десек, олардың саулығына бүгіннен алаңдаған жөн. Бойдағы жастық жігер, асқақ арман адамды бір орында отырғызып қойсын ба? Бақыт пен табыс қуған кейінгі буын өкілдері осы жолда өз денсаулығын қалай құрбандыққа шалып жібергенін аңғармай қалады. Ертеңін ойлап, бүгіннен күтініп, ауырмайтын жол іздейтіндер сирек. Бірі ауыр жұмыс жүктемесінен, бірі ұйқының аздығынан, енді бірі тамақтануға салғырт қараудан өзіне ауру “сатып алып” жатады. Салғырттықтың зардабы бүгін білінбесе де, шау тартқанда шаужайынан алуы мүмкін. Ең өкінішті жағдай өмір дейтін ұзақ сапарға зор үмітпен шыққан жолаушылардың соңғы аялдамаға жете алмай қалуы шығар.
Мамандар жастар денсаулығы деген ұғымды үшжақты қарастырады. Олар: жалпы, физикалық және репродуктивті денсаулық. “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеулерге сенсек, елдегі 14 пен 35 жас аралығындағылардың шамамен сексен пайызының денсаулығы жақсы деп бағаланған. Ел жастарының шамамен жиырма пайызы дене жаттығуларын жасамау, 14 пайызы көп отыратын өмір салты, 11 пайызы жұмысқа көп күш жұмсау, тағы аздаған бөлігі ішімдік ішу, есірткі және құмар ойындардан денсаулығына зиян келетінін көрсеткен. Оның сыртында дұрыс тамақтанбау, денсаулықты күтудегі қарапайым ережелерді ұстанбау салдарынан жабысатын дерт қанша?
Қарап тұрсақ қазіргі таңда жастардың денсаулығына төніп тұрған қауіп көп. Сондықтан тұрақты дәрігерлік тексеруден өтіп, аурудың алғашқы белгілері байқалған сәтте маманға жүгінген дұрыс. Зерттеулер көрсеткендей, жастардың жартысынан көбі тексеруден өтіп тұрады. Соған қарамастан алғашқы белгілер біліне бастағанда үй жағдайында емделуді жөн көретіндер үлесі әлі де көп.
14 пен 35 жас аралығындағылардың түгелі дерлік тамақтанумен ұйықтау уақытын сақтайды деп айта алмаймыз. Мысалы, олардың тек 59 пайызы ас-суына мұқият болса, 64 пайызы уақытылы ұйықтағанды жөн көреді екен.
Тағы бір зерттеулерде жастардың жартысына жуығының денсаулығы жақсы екені айтылып жүр. 10 пайызының ағзасында кінәрат болса, 4,4 пайызының жағдайы нашар деп көрсетілген. Ең көп ауыратын санатқа 30-35 жастағылар кіреді екен. Темекі, ішімдік, әлеуметтік желілер мен компьютерде көп уақыт өткізу, өзге де зиянды нәрселерді пайдаланудан зардап шегетіндер аз емес.
– Денсаулық – бірінші байлық. Оны елемеудің арты ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Жастардың ағзасы жаңа жағдайларға тез бейімделеді, ауру-сырқауға ұзақ төтеп береді, ауыр жүктемені де көтереді. Алайда осыған сеніп, тән саулығын ұмытуға болмайды. Бойға мысқалдап кірген дерт бүгін болмаса да ертең азапқа салуы мүмкін. Өмірінің көктемінде жазылмас дертке шалдығып, жан азабын тартып жатқандар қаншама? Қазақ “ауру – астан” деп бекер айтпаған. Бүгінде не көп, тез дайындалатын тамақ көп. Сондай орындарға жиі бару жастар арасында “сәнге” айналды десем болады. Ата-ана баланы ұядан ұшырмас бұрын тамақтану, тазалық, күтіну ережелерін үйретуі керек. Дұрыс тамақтанбаған адамның ұйқысы бұзылады, одан жүйке жұқарады, – дейді қала тұрғыны Айнаш Қожағұл.
Аға буын өкілінің көтеріп отырған тамақтану мәселесінің жаны бар. Бүгінде сабағынан шыққан оқушыдан бастап, студентке дейін жақын маңдағы дүкенге асығатыны рас. Облыс орталығындағы танымал фаст-фуд сататын орындарда кешкісін ұзын-сонар кезек пайда болады. “Ұлттық денсаулық ассоцациясының” дерегінше, елде соңғы жылдары фаст-фуд тұтыну 8-ден 19 пайызға, тәтті сусындар тұтыну 5-тен 10 пайызға артқан. Елдегі студенттердің үштен бірі ғана тамақтану ережесін ұстанады. 40 пайыздайы түскі асты толыққанды ішпейді. Пайдалы тағамнан гөрі фаст-фуд пен тәтті снектерді жиі алатындар үлесі көп.
Аталған санаттағы ел халқының психикалық денсаулығы да мәз емес. Өкінішке қарай жастардың 70 пайызында түрлі күйзелістер мен жүйке жұқаруы бар. Әр бесіншісі ұйқысыздықтан, 17 пайызы апатиядан, 15 пайызы ұзақ уақыт көңіл күйдің жоқтығынан, 13 пайызы күйзелістен қиналады. Осыған қарамастан олардың 70 пайызы өмірінде ешқашан психологиялық көмекке жүгініп көрмеген.
Әдетте жастар жаңа ортаға барған кезде жүйкеге салмақ түсетіні анық. 7 мыңға жуық жас оқитын М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім алушылардың менталды денсаулығына оң әсер ету үшін арнайы психологиялық қызмет жұмыс істейді. Психологиялық қызмет басшысы Павел Моисеевтің сөзінше, жыл сайын бірінші курс студенттерімен кездесулер өткізіліп, саламатты өмір салты мен жүйке тыныштығы туралы айтылады. Бұдан бөлек, білім алушылар психологтың кеңесіне жүгініп, өз мәселесін шешуде бағыт-бағдар ала алады.
“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” дейді халқымыз. Жастардың көбі білместіктен бойына дерт жұқтырып алатыны рас. Сондықтан да оларды ақпараттандыру, сауатын арттыру жұмыстарын белсенді жүргізу маңызды. Қыз-жігіттер өздерін алаңдатқан сұрақтың жауабын ала алатын платформалар мен мамандардың көп болғаны дұрыс. Аталған мақсатта елде Жастар денсаулығы орталықтары жұмыс істейді. Мұндай орталықтар біздің өңірде де бірнеше медициналық мекеме жанынан ашылған. Оған келушілер өздерін алаңдататын сұрақтарға жауап алып, қандай да бір күдігі болса маман кеңесіне жүгіне алады. Орталық есігі мектеп оқушылары үшін де ашық. Мұндағы жұмыстар негізінен репродуктивті денсаулық, отбасын құруды жоспарлау, психикалық мәселелер туындаған кезде кеңес беруге бағытталған.
– Біз 10-18 жастағы балалар және 18-ден асқан жастармен жұмыс істейміз. Орталық қызметтері тегін көрсетіледі. Біздегі гинеколог, уролог, психолог, терапевт, педиатрлар көмекке жүгінгендерді қарап, кеңес береді. Мұндағы басты артықшылық емханада сияқты кезекке тұрып, көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, – дейді жастар денсаулығы орталығының жетекшісі Айымгүл Қанашева.
Өңір жастарының көбі мұндай орталықтардың барынан бейхабар. Бұған аталған мекемеге жүгінгендер туралы деректер дәлел. Мысалы, былтыр орталық мамандарына ел бойынша 838 мың адам қаралса, өңірлер арасында Солтүстік Қазақстан облысы көш соңында қалып отыр. Біздің өңірден тек 735 адам ғана кеңес алған.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Түйін: Бүгінде жастарды саламатты өмір салтына, спортпен айналысуға шақыратын ұйымдар көп. Алайда ондағы іс-шаралар бұқаралық сипат алды деу қиын. Күнделікті түсіндірме жұмыстары да немқұрайлы жүргізілетіні жасырын емес. Мамандармен бірді-екілі кездесуден пәлендей нәтиже күтіп, жастардың жүрісі түзеліп кетеді деп сенуге болмайды. Бұл тек арнайы ұйымдар ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Денсаулықты күту дағдылары отбасынан бастап, білім орындарында, күнделікті шараларда бойға сіңсе ел ертеңіне деген уайым сейілер еді.