Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету аға буын алдындағы өтелген парызымыздың аз ғана бөлігі іспеттес. “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жылдар бойы елімізде қазан айы “Қарттарға қамқорлық” акциясына ұласып келеді.
Халқымыз ежелден үлкенді сыйлап, ақылын тыңдаған, алдынан кесе көлденең өтпеген. Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. Жасының егде тартуына, денсаулығының сыр беруіне байланысты қарттардың көптеген шешілмеген мәселелері туындайтыны анық, сондықтан оларға қолдау көрсету туған-туыстары мен барша қоғамның міндеті.
Мемлекетіміз қарт адамдарға деген қамқорлықты экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес. Дегенмен елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар бар. Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жан жылуы мен мейірімге зәру.
Барлық қазақстандықтарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылым өкілдерін, аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұлықтауға, “Қарттарға қамқорлық” айлық акциясына атсалысуға шақырамыз.
Республикамыздағы атқарушы органдарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылымдарын, еріктілерді, қарияларға әсіресе мүгедек ардагерлерге, жалғыз басты зейнеткерлерге, аз қамтылған қарттарға арнайы көңіл бөлуге үндейміз.
“Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігі.